Приветствую Вас Абитуриент • Регистрация • Вход • RSS
Воскресенье, 4.12.2016
Загрузка...
Главная » Работы » Рефераты на казахском » Құқық, Қоғам, Криминалистика

Сот саласындағы алымдар мен төлемдер
Загрузка...
Қазақ қоғамындағы сот саласындағы алымдар мен төлемдер жалпы билердің сот ісін жүргізу әрекетімен тікелей байланысты болып келеді. Сондықтан да, біз сот саласындағы алымдар мәселесін қарастырмас бұрын, жалпы қазақ қоғамындағы сот ісін жүргізудің ерекшеліктеріне ден қоя кетуіміз қажет. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы сот саласы кеңінен қарқындай отыра, дамыған мемлекеттік биліктің басты тармақтарының бірі болып табылады. Белгілі ғалым академик С.З. Зиманов сот жүргізудің ерекшелігін төмендегі жағдайлардан көреді: “Сот жүргізудің тәртібі мен сот құрамын белгілеуде екі нәрсеге көңіл бөлінді: оған қатысатын тараптардың ықыласы мен істің күрделігі. Дауды бір би жеке-дара өзі шешуі де мүмкін еді. Бұл – сот ісін жүргізудің ең қарапайым, әрі кең тараған түрі. Ол көбінесе биге бір ауыл адамдарының, жақын руластардың дауын шешіп беруді сұрағанда немесе тараптардың өздері-талапкер мен жауапкер ерікті түрде өз дауларын шешуді сұрап жүгінгенде қолданылады. Егер жәбірленушінің немесе өкпелі адамның шағымы бимен туыстық байланысы бар адамдарға қатысты болса, соған қарамастан іс бидің ынтасымен басталып, қарастырылуы да мүмкін. Бұл жағдайда би жауапкершілігі арта түседі, керекті адамдарды жүгініске өзі шақырады, ал жауапкер бұдан бас тарта алмайды. Оның келмеуі туыстары үшін барып тұрған ұят болып саналады. Егер би әрі атақты, әрі дана, әрі әділетті болса, оның шешіміне құлдық ұрған және оның алдына алыс рулардан жүгініске келушілер легі бір мезетте толастамаған” [3, 36 б.]. Бұл шын мәнінде, дәстүрлі қазақ қоғамындағы сот билігінің демократиялық бастауларын көрсететін ұстанымдар екендігін көрсететін жағдайлар. Кезінде Ресейдің отарлау машинасы, өзінің құйтұрқы саясатын дала елінде толыққанды жүзеге асыру үшін салғаннан билер сотын жоюға кірісе бастады. Патшалық Ресей Қазақстанды отарлау саясатын жүргізу барысында, орыс шенеуніктерінің өздері мойындағандай, ежелгі қазақ ата заңдарының, сондай-ақ саяси өмірдегі және қоғамдық сана-сезімдегі билер соты рөлінің мықтылығы оларды таңқалдырады. Патшалық Ресей отарлау саясаты неғұрлым белсенді жүргізілсе, қазақ даласының ежелгі құқық құрылымының оған қарсылығы соғұрлым күшті болды. Кешікпей-ақ қазақ қоғамына ықпалын күшейту үшін, оның құқықтық жүйесін тұсауламай, оны өзінің отарлаушылық пиғылына ыңғайламай, отарлау саясатын жүзеге асыру мүмкін еместігіне патшалық өкіметтің көзі жете бастады [68, 10 б.].
Ресей саясаты дала жұртына дарымай тұрған кезеңде қазақ қоғамында сот процесі үлкен байыпты демократиялық талаптарға сүйене отырып, жүзеге асқан болатын. Ежелгі дәуірлерден келе жатқан дәстүрлі қазақ қоғамындағы сот процесінің белгілі бір қағидалары да заман талабына сәйкес орнығып үлгерді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы сот процесінің негізгі ұстанымдарын белгілі ғалым З.Ж. Кенжалиев төмендегідей тереңнен өрбітуге қадамдар жасайды: “Сот процесі дау бойынша ақиқатты ашуды мақсат тұтады. Сондықтан, бұл мақсатқа жетуге ешкім және ешнәрсе кедергі болмауы керек. Сот алдында әркім өз ойын, көргенін, білгенін және естігенін ашық та анық, тіке де тура, ешкімнен қаймықпай айтуға ерікті әрі міндетті.
Бұл принцип, әсіресе сот үрдісіне қатысушы талапкер билердің теңдігін, олардың сөз алып, сөз беру тосыннан сұрақ қою, тұтқиылдан килігу сияқты әрекеттерін қамтамасыз етуде үлкен рөл ойнайды. Сот үрдісіне жіберілген талапкер билерді олардың жасына, лауазымына, байлығына қарап алалауға жол берілмеуі керек, дауласушы жақтардың мүдделерін қорғауда олар өзара тең, бірен бірінің ешқандай айырмашылығы жоқ. Сонымен бірге сотқа қатысушылар артық (сөлекет) іс-әрекетке, сөзге бармауы керек, бір-бірінің намысына тиетін, ар-ожданына нұқсан келтіретін қимылдар жасамауы керек. Олардың арасындағы билік талас өзара сыйластық, бір-бірін құрметтеушілік, ізеттілік шеңберінде іске асуға тиіс. Мінеки, “Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлеу” қағидасының астарында жатқан мән-мағына осы еді” [4, 100 б.]. Тәуке хан хандық қылған заманнан бастап ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейінгі аралықта қазақ билерінің іс қарауы өте салтанатты жағдайда қаралып, қандай дау болса да билердің шешімі бүкіл жұртшылықты қанағаттандырып отырғанын байқаймыз [69, 39 б.].
Тәуке хан заманынан бастап сот ісін жүргізуде билердің беделі арт түсті. Осы кезеңнен бастапсот саласындағы төлемдер мен алымдар да, белгілі дәрежеде жүйелеуден өтті. Тәуке ханның жеті жарғысында билерге билік айтқаны үшін кесілген малдың оннан бірі тиесілі [38, 154 б.] болған болатын. Оның тәжірибеде қолданылуы туралы Т. Култелеев өзінің ойын былай аша түседі: “В Уложении Тауке говорится что “судьям и посредникам за разрешение дела положено давать 10-ю часть всего иска”. На практике та доля, которая шла в пользу государственной власти, составляла значительно больше десятой части иска, хотя и последняя представляла для знати немалую имущественную выгоду, исчислявшуюся сотнями баранов или десятками лошадей по каждому рассмотренному делу об убийстве. По адату сторонам не запрещалось делать судьям тарту (подарок), сыбага (угощение) и т.п. Поэтому представители феодально-родовой знати обычно преднамеренно затягивали, усложняли уголовные дела и другие споры, возникавшие среди населения, с расчетом получить крупное вознаграждение” [70, c. 196]. Билік ақы 1/10 пайызды құрайды деген пікір әдебиеттерде үстем болса да, кейбір авторлар П.Е. Маковецкий: “ Oны бір жылқы және шапаннан құралған”, - деп көрсетеді [71, c. 388]. Әрине, бұл жерде мәселе тек бидің өзінің басына ғана келетін алым түрі туралы сөз болып отырған жоқ. Қазақ ішінде жаңадан билікке араласқан жас билерге сондай мөлшерлерде ынталандыру берілуі мүмкін. Біз бұл жерде мемлекеттік дәрежеге көтерілген, елге танылған үлкен билерді, яғни нағыз сот билігінің өкілі туралы сөз қозғап отырмыз. Сондықтан да, билік ақы дау болып отырған мәселенің 1/10 пайызын құрайды деу орынды. Билік ақы бидің өзіне, жер-жерге шаптыратын шабарманға, жасауылға да бөлінеді. Дала жұртында сот билігі осылай қамтамасыз етіліп отырған. Тәуке хан заманында алым-салықтар реттеліп қана қойған жоқ, қылмыс пен жаза, неке және отбасы қатынастары, жер, су мәселелері тәртіптеліп, өзінің шешімін тауып отырған болатын. Билердің бұл кезеңде алатын, билік алымдарының тек қана, жоғарыда айтып өткеніміздей, жалпы мөлшері ғана белгілнген болатын. Билердің шешіміне риза болған халық кейбір жағдайларда билерге үйір-үйір жылқыға дейін беріп отырған кездері болды. Ал қазақтың белгілі билері бұл жылқыларды түскен ауылдарына таратып отыратын. Көп жағдайда сот ісін жүргізуге байланысты төленетін төлемдер дауласушы жақтардың ризалығына және олардың еркіне негізделіп беріліп отырды.
Қазақ ішінде билердің бұл уақытта билік шешімдері мұра болып қалып отырған. Соларға кішігірім тоқталып өтетін болсақ, бірде, Қопа деген селдір сақал кісі екен. Бір күні Семейде Алшынбай мен Құнанбайға кездесіп қалады. Адуынды Алшынбай оны бір қағытып қалуды ойлап: “Баянда жүн-жұртқа жинаушы көп еді, Қопеке, сақалыңызды алдырып сатып жібергенсіз бе?”, - дейді. Сонда Қопа: “Сақалды сақтағанша абыройды сақтаңдар”, - депті. Және ол Алшынбайға: “Кеше Қараойға барып, параға жеті бие жедің. Сенің тұтамай сақалың құдай алдында жеті би үшін жауап бере ала ма?” – деп бір сынап тастайды. Алшынбай Қопа алдында айыбым деп 25 сом тастайды. Сонда Қопа шешен: “Ат жақсысы боз болар, ер жақсысы таз болар”, - депті де бұл да Алшынбайдың білгендігі деп 25 сомды қалтаға салып алады.
Екеуі құда болғанмен араларында бақталастық болса керек. Алшынбайдың басын сөз қылғанға сүйсінген Құнанбай:
- Қопеке, Алшынбайдың құлағына қолыңызды апармаңыз, ол кісінің басы асау, - деп бір күліп алады.
Сонда Қопа: “Соқыр мен төбелдің құлағынан Қопа жаңа ұстап жүр дейсің бе?” – деп күлкісін баса алмай отырған Құнанбайға қарайды.
Қопа шешеннің Құнанбайды да соқыр деп бүктей кеткеніне сүйсінген Алшынбай: “Саған да сол керек, сені түрткен 25 сом ғой”, - деп сақылдап күліп рахаттанады.
Құнанбай ұялғанынан қызарып, езу тартып күле алмай, Қопаның алдына 25 сомды тастай салыпты… [62, 146-147 бб.]. Қазақтың билері дау шешерде әрқашанда, дауласушы жақтың арына-ұятына салып отырған. Кезінде қазақтың белгілі билері Төле, Қазыбек, Әйтекелер де, мұндай іске араласып отырды. Бидің шешіміне берілетін билік ақыны мына төмендегі дау-шардан көруге болатын: “Ұлы жүз үйсін Ошақты деген ел Орта жүзде Малай, Жәдігер деген таптан бір Құлназар дегенді өлтірген екен, сол заманда. Ақбура Бөрінбай ақын деген айтыпты:
Ошақты Құлназарға құл бермексің,
Алты жақсы, жүз жылқы пұл бермексің.
Алты жақсы, жүз жылқы пұд бермесең,
Тұлымды қыз, айдарлы ұл бересің.

Құлназар келіп өлді ауылыңа,
Ішім оттай күйеді бауырыма.
Алты жақсы, жүз жылқы құн берсің,
Есекем таңба басар сауырыңа.

Есенбай, Еспембай деген Малай Жәдігерден шыққан екі батыр екен. Ошақты Есекесін керек те қылмапты, құлағына да қыстырмапты, кете беріпті. Замандардан заман өткенде, осы құнды жоқтап он төрт жасар Едіге би атқа мініпті. Арғынннан Едігенің соңына ерген жүз кісі болып жүріпті. Шу деген өзеннің бойына барып түсіпті. Он кісіге бір үйден бұларға ұлы жүз он үй тігіпті. Алшыны бар, жағалбайлы, тамасы бар – бәрі қопарыла келмесе де, Кіші жүзден де басты-басты кісілер келіпті.
Алтын Қаражігіт бар дейді, бесіннен төмен, намаздыгерден жоғары үш жүздің баласы бас қосып, амандық айтысып отырыпты. Осы құннан басқа үш жүздің баласында бір тоқты даулаған жан жоқ екен деседі. “Әділбидің елін дау араламайды, әділ патшаның елін жау араламайды” деген сөз осындайдан айтылған ғой.
Дау – шар дәнеме жоқ, амандық-есендік сөйлесіп отырды. – намаздыгер болып қалыпты, намаз оқиық деп көп ду түрегелгенде, Ұлы жүздің кісілерінің ішінен ұзын бойлы, нар жонды, ер қара кісі түрегеліп тұрып, Орта жүз кісілеріне қарап сөйлейді:
- Алты атасын арқалап жүрген бар ма екен, жеті атасын желкелеп жүрген бар ма екен? Алмасың болса, мойным бар, асылың болса, қойным бар. Бұл сөзімді ойлай бер, - деп аяғын баса бергенде, Едіге.
- Ақсақал кішкене мойныңызды бұрыңыз, “Киіз кімдікі болса, білек соныкі, ауыз кімдікі болса, сөз соныкі, шыққан жеріне қайтып сыймайды. Жарлық өзіңізден болдық, жабдық та өзіңізден” – деп қала беріпті. Отырған жұрт бірінен-бірі сұрапты:
- Әлгі Ұлы жүздің кісі қараларының ішінен сөйлеген кім? – деп. Оны танитын біреуі:
- Ол Үйсін Төле деген би сол, - депті. Онда Едіге:
- Үйсін Төле би солболса, мен біттім, тындым, - депті.
- Сен қалай біттің? – депті.
- Ертең таң атысымен алты атаның ұлы Арғынға алты ат бастатқан тоғыз жібереді, төрт атаның ұлы Төртуылға төрт түйе бастаған тоғыз жібереді. Оны аз қылса, қолынан ұстап жалаңаш қыз береді. “Жарқын” деген құн осы болды, - депті. Едігенің айтқанындай болыпты. “Ер құны есебін тапқан сабазға екі-ақ ауыз сөз екен ғой”, - деп , сондағы көзі көргендер сөйлеген екен. Он тоғыздың аяқ тоғызынан Төле биді өз босағасына тастап, бас тоғызын үйде жатқан Бабырдың босағасына байлаған екен. Сонда Бабырдың інісі Құлнияз Едігемен бірге қайтқан екен. Бірге барған, бір жүріп, бір тұрған бізге дәнеме жоқ, үйде жатса да, үндемесе де Бабырдікі еңбек екен–ау. “Үндемесе де Бабырдыкі еңбек” деген сөзі мәтел болып қалыпты” [72, 150-151 бб.]. Билік шешімге қарайтын болсақ, Төле би өзінің билік ақысын шама-шарқы жеткенше алып отыр.
Қазақ ішінде құн дауы, ең өршіп тұрған дудың бірі болып табылады. Осындай дауларда да, билер өздерінің пәтуалы сөзін айтып отырған болатын. “Матай мен Жалайыр елдері Алтын Емел үшін таласып, ұрыс болғанда, екі жақтан жеті адам – төртеуі Жалайырдан, үшеуі Матай жағынан өледі. Ол кезде Жалайырды билеген Тезек төре екен. Төре Күреңбелде отырған. Өзі билеген елден бір кісі артық өліп, Матайлардың есесі кетіп бара жатқан соң, аманат қойып миятқа, Шу бойындағы қалың Дулатқа адам шаптырады. Ал, Матайлар арғынға кісі шаптырады. Шу бойындағы қазақтарды билеген Әлі төренің ордасына Жалайыр жіберген шапқыншылар келіп жетеді. Төре жөн сұраған соң, олар мынаны айтады:
– Ағайындар, ер құнды болды, нар пұлды болды. Алтынемел тауына таласып, Наймандар адамдарымызды қырып барады. Соан миятқа шақыра келдік, - дейді. Әлі төре істің жайына түсінген соң, ақылшы билерін жиып алады. Шапраштыдан Сұраншы батырды, Талғардан Туғандай биді, Ботабайдан Қарабай, Диқанбай билерді, Сәмбеттен Дәуітәлі биді шақырып алып, оларға тай сойып, қонақасы береді. Бұл уақытта Жалайырдың миятқа шақыра келгенін естіген жігіттер де дайындалып, төре ауылына жиналып қалады. Шақырылған адамдар түгел келген соң, төре билерге мән-жайды айтып болып:
– Ағайынның шақыруына бәрің барасың ба? – дейді.
Сонда жастар жағы:
– Бәріміз барамыз, Матайларды қырамыз да жоямыз, - деп атқа мінбек болады. Осы жерде Бөлтірік сөз алады:
– Ағайын арасы қанша қырқысса да, аяғы бітімге келеді. Сондықтан қырқыспай жауласпай тұрып, бітісу керек, - дейді. Сонда Әлі төре:
– Олай болса, бітімге кім барады?
Мұны естіген соң әрбір ру өкілдері өздерінің билерін атай бастайды. Сиқымдар: “Шомай би барсын”, - дейді. Көпшілік оны ұнатпайды. “Бұл дау Шомай батырдай түйенің қом-шомын істеп жатқан жер емес қой” – дейді. Сәмбеттер: - “Дәутәлі би барсын”,- дейді. Бұл да өте семіз болғандықтан, көпшілік тағы қарсы болып: “Дәутәлі ыңыранып арбасымен сонау Алтынемелге жеткенше, ел тарап кетеді ғой”, - дейді. Жаныстар: “Қарабай би барсын”, - дейді. Қарабайдың билігінен батырлығы басым кісі екен, сол жағын еске алып көшпелік: “Қарабай баратын Алтынемелде қаптап жатқан жау жоқ”, - дейді. Шапыраштылар “Сұаншы баты барсын”, - дейді. Жұрт оған да көнбей: “Бұл дау Сұраншы батыр баратын ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы керек жер емес”, - дейді. Сары үйсіндер: “Сары би барсын”,- дейді. Халық оған да көнбей: “Бұл дау Сары би баратын Алтынемелде қыз-келіншектер айтысып жатыр дейсің бе?”, - дейді. Дулаттар: Диқанбай, Туғанбай, Бәйімбет билер барсын деп, тағы да сөз көтереді Әлі бұларға да келіспейді. Аталған билердің бірін де жұрт ұнатпаған соң, көпшілік ішінен бір дана қарт шығып былай дейді:
– Мұндай үлкен дауға ауыздыға сөз бермейтін өте шешен, өте жүйрік адам керек. Әз ата Ысты әруағы деп өз ауыздарыңа алмайсыңдар. Бұл дауға Ысты Бөлтірік барсын. Одан шешен, одан тапқыр қайсың барсың? – деп біраз тоқтайды да: – Оған серік Көбекбай, оның қасына еріп Байғазы барсын дейді. Дана қарияның бұл ұсынысы қабылданып, Алтынемелге сол үшеуі аттанады.
Арада бес-алты күн өткен соң елшілер өздеріне арналып тігілген үйге келіп ат басын тірейді. Матайлар Қоянкөздің аржағына, Жалайырлар бер жағына тоқтайды. Қалың ағайындар үшін бірнеше ақ үйлер тігіледі. Матай жағынан Құнанбай, Құсбек төре, Тәнеке би сияқты Орта жүздің адамдары атқа мініп, судан өтіп, Бөлтіріктер түскен үйге келіп “Ұлы жүздің баласы” деп сәлем беріседі.
Бөлтірік одан жөн сұрайды:
– Арғыннан Құнанбайды, Тәнекені естуіміз бар, ал мынау сыпырма бөрік кигенің кім?- деп Құнанбайға еріп келген Құсбек төрені қағытады. Сонда Тәнеке би:
– Әу, Бөлтеке, байқап сөйле! Бұл кісі Құсбек төреміз ғой! – дейді. Бөлтірік мүдірместен;
– Алдияр, тіл-аузым тасқа, - депазырақ кішілік еткен болады да, Құсбекті тағы қағытады:
– Олай болса төре елшісіз бе, жаушысыз ба? Біздің елдің төресі ағайын арасының, дауын бітіріп кел деп, бізді жіберді, өзі үйде жатыр. Мұндай даулы жерде төреге не бар? Қайдан білейін түріңізге қарап Қызылжардың былғары сататын ноғайы екен, мына өліп жатқан адамдардың терісін сатып алуға келген ғой деп ойлап қалып едім, - дейді.
Құсбек төре қып-қызыл боп ұялып, жақ аша алмай қалады. Құсбектің жеңілгенін аңғарған Құнанбай Бөлтірік алдында кішілік жасай бастайды:
– Бөлтеке, сіз аға боласыз ғой, осы даудың билігін өзіңіз айтсаңыз қайтеді? – дейді. Құнанбайдың бұл сөзіне риза болған Бөлтірік сыпайы жауап береді.
– Құнеке, “аға–бордан, іні-зордан” деген атаның салған жолы бар.
Сонда Тәнеке:
– Бөлтеке, “Аға тұрып, іні сөйлегеннен без” деген. Үш жүздің баласына билік айтқан Төле би атаңыз ғой, жол сіздікі дейді. Сонда Бөлтірік жүгіне қалып, қолындағы қамшысын тастай бере былай деген екен:
– Мен айтсам, істің дәлелін, биліктің әділін айтам, бұл Алтынемел, әуелі Құдайдікі. Бұл жер болғалы қаншама ел көшіп өтпеді, кім жайламаған бұл жерді. Алтының - алтын, ал Емелің- Қалмақша емес пе? Қазақ түгіл қалмақ та мекендеген бұл жерді. Хакас, он екі баулы ноғайлы да жерленген жер бұл. Ең ақры қазақ қоныстанған. Ағайындар сонау тас молаға көз салыңдаршы? Ол, ең әуелі ноғай қонған, ал кеткен соң үйсін Шомай қонған. Үйсін ішінде Жаныс, оның ішінде Қасқарау қонған. Сол тас мола Алақай кемпірдің моласы. Алты найманның мұрнына жел түсіп, Алақай тәуіп кезінде соларды алты сиырдың сүтімен емдеп, алтауын да жазған екен. Айыққан соң орта жүздің тентек балалары тәуіптің батасын алмай, алты сиырын айдап кетіпті. Найман сол уақытта-ақ зорлық жасаған екен. Тас мола белгісі бар Алтынемел – Жалайырдыкі. Жер туралы билігім сол! – дейді. Бөлтірік.
Құнанбай Бөлтіріктің билігіне дау алмай, “мақұл” дейді де.
– Ал Бөлтеке, өлген жеті адамның құнын алыңыз? – дейді. Сонда Бөлтірік:
– Өлген жеті адам – Найманнан үшеу, Жалайырдан – төртеу екен. Сондықтан Найман жағы бір адамға құн төлесін, - дейді де қасында отырған Көбекбайға қарайды. Сонда Көбекбай жүгініп отыра қалыпты:
– Есебін тапқан ерге ердің құны екі-ақ ауыз сөз ғой, қара халықтың бірлігі юолса, ханның бере аты, қара тоны, кілемі болса, - деп билікке тиісті заттарды ескертіп келеді де, сөзін жалғастырады:
– Найман жағы бір адамды артық өлтірген екен, бұл үшін Найман бір адамның құнын төлесін! “Су түбін шым бекітеді, құнның түбін қыз бекітеді!” – деп тоқтайды. Құнанбай Көбекбайдың бұл астарлы сөзін ұғады.
– Анау артық өлген бір адамның құны үшін Найман жағы Жалайырға қалыңсыз қыз беріп, тынсын! – деп отыр. Бұған қалай қарайсыңдар? – дейді. Жұр мақұл деседі. Содан екі елдің арасы жаулықтан енді құдалыққа айналып, ұрысқа дайындалғандар сойылдарын отқа жағып, күліп ойнап тарқатысыпты дейді.
Дауды бітіріп, елге келген соң, Бөлтірік Әлі төренің алдына келіп дауды қалай шешкендігін баяндайды және дауға бармаған билерге өзінің билігін сынатады. Сөзінен мін таппаған төре рахметін айтады.
Бірақ Сары би Бөлтіріктің Алақай тәуіп туралы айтқан сөзінен мін таппақ болып:
– Уай, Бөлтірік, сиырың не, Ұлы жүзде жылқы жоқ па еді? – депті. Сонда Бөлтірік Сарыға қарап:
Сенің білместігің-ай! Мұрынға түскен самалға сиырдың сүті ғана ем болады, ал жылқының сүті мұрынды жеп жатқан құртты қоздырады ғой”, - деген екен [73, 48-52 бб.]. Бұл Бөлтірік бидің ел ішінде кеңінен тараған бірнеше нұсқалы билік шешімі болып табылады. Мұндай билік шешімді қазақтың көптеген билері айтқан болатын. Осы жерде Ақтайлақтың мына билігіне тоқталып өтсек: “Ертеде Өскенбайдың тұсында Тобықты руының бір тармағы – Көкше жігіттері барымтада Керейдің бір кісісін өлтірген екен. Керейден Биболат би дау қуа барса, ие құн, не сөз бермей қайтарып жіберіпті.
Биболат Өскенбайға жүгінсе керек. Өскенбай: “ Мына Керейдің құнын неге бермейсіңдер?” дегенде, көкшелер жағы: “Біз кісі өлтірген жоқпыз” деп дауласыпты. Сонда Өскенбай: “Жазда Сергиопольде сиазда бас қосамыз, мәселе сонда шешіледі, екі жақ тоқтасар билеріңді айтыңдар, мен хабарлар етемін”, - дейді. Көкше жағы билікке Бопыны атайды да, Биболат Ақтайлақты ұстайды.
Келесі жазда дүйім жұрт Сергиопольде бас қосады. Ақтайлақ Бопының пара алғанын естіп жатады екен.
Сиазда билікті кім айтады дегенде, Ақтайлақ Бопыға: “Ақсүйек төресің ғой, бірінші сен айт”, -депті.
Сонда Бопы: “Бұл адамның өлігі тамбыс көрінеді ғой. Керей Тобықтыдан төрт кісі күмән ұстасын”, - деп Көкшенің ыңғайына көшеді. Биболат бұған қанағаттанбай, “мен Бопыға салған жоқпын, Ақтайлақ не бұйырса соған ризамын” дейді. Сонда Ақтайлақ толғай жөнеліпті:
Бай жайлауын сұрасаң,
Батпағы сулы даладан.
Жылқы жайлау сұрасаң,
Бетеге шалғын даладан.
Қой жайлауын сұрасаң,
Кекірелі жантақ сорадан.
Малды жисаң, қойды жи,
Қолың кетпес шарадан.
Итті жисаң сырттан жи,
Қой бермейді қорадан.
Некесізден би қойсаң,
Екі көзін айырмас.
Өле-өлгенше парадан.
Қас батыр неге шіміріксін.
Жебеден тиген жарадан,
Шын құдайға сиынсаң
Ісің адал болған соң
Е, Биболат, құтқарар тәңірім пәледен.
Малы кімнің көп болса,
Қызғаншақ болар баласы.
Жылқысы кімнің көп болса,
Қорлы болар сабасы
Ұлы кімнің көп болса,
Бәйбіше болар анасы.
Қара қылды қақ жарған
Қаса билер данасы.
Түбінде ұжмақ таппай ма,
Осыны тапқан анасы
Қызыл түлкі сырт киім,
Құндыздан болар жағасы.
Алпыс екі тамырдың,
Салдама болар сағасы.
Аспан көкпен пара-пар,
Алланың үйі, ақ мешіттің төбесі.
Кімді жасқап, кімді ұрмас,
Алланың жалғыз құба жебесі.
Жақсылық деген бір жол бар,
Қусаң оған жетпейсің -
Қайқаң таудың қиясы,
Билік қылсаң Бопы еке-ау.
Көңілде бар емес пе алты иманның ұясы?
Сен мынау отырған Керейге
Төрт кісі күмән ұстатсаң -
Мен жүз түйе құн кестім
Сөзіңнің болса расы!
Сонда бопы төре: “Сенің некесізден би қойсаң” дегенің төрені “құл”, қожаны “сарт” дегенің ғой. Қожа сарт, төре құл болғанда, қазақ, өзіңнің орның қайда болады? Мен түкке жарамайтын құл болсам, атам Әбілпейізді, атаң Нарынбай Ташкеннен төре қып ұстаймын деп неге алдырған? – деп ашуланыпты. Бопы төренің бұл сұрағына Ақтайлақ би былай деп толғаныпты:
Аланай болмай тау болмас,
Бұланай болмай су болмай.
Ағарған сақал қараймас,
Батырды кім сыйламас.
Басқанда қара жер де ойылмас,
Жез қарғылы құмарлан
Жетпей түлкі шала алмас.
Желбіршектен оқ тисе,
Балық өрге жүзе алмас.
Біреудің жеткіншегі жығылса,
Жер таянбай ол тұра алмас.
Сауын саусаң биес сау,
Салқын түспей суалмас.
Күшті жисаң түйе жи,
Қырқадан қиялай көшсең мұңаймас.
Қатын алсаң дегдарды ал,
Артында жылай қалса кім алмас.
Көл иесіз көркеймес,
Үйректің көбін қаз сүймес.
Жеті қабат тон кисе,
Жетесі жаман көркеймес.
Жеті атасын тең сөксең де,
Жетесі асыл шамданбас.
Арқада атан шығар жел болса,
Ойда боран борамас.
жақсылар орға шауып жығылса,
Жаманның еш нәрсесі құрымас.
Құрымағаны құрысын,
Сол шіріктер түбінде,
Көкірегі сол кесер,
Жігіт мойнын қыз кесер.
Сартылдаған сары аяз,
жылқының мойнын мұз кесер.
Бұлаң-бұлаң жүгірген,
Бұланның санын оқ тесер,
Бұлаңдаған жігіттің,
Бір көкейін жоқ кесер –
Сабазды құнсыз жіберсең,
Кісі өлтірген тек кетер.
Бұл сөзді Бопы төре де, құныкер жақ та құптамаған сыңай танытады. Сонда Ақтайлақ би:
Әуелі бағыра ашылса,
Аққу шомар көлдерге.
Ағайыны кімнің көп болса,
Үлкен медеу белдерге.
Атадан жақсы ұл туса,
Есіктегі атасын
Сүйреп шығар төрлерге
Атадан жаман ұл туса,
Төрде отырғант атасын
Досы, дұшпанның көзінше
Қазбай көмер көрлерге.
Қырық кез торғын жатыр ғой,
Ақ сандықтың түбінде.
Бәрін айт та бірін айт
Сарқасқа ат тұр ғой белдеуде.
Бес найманда белгілі туған төре едің,
лайық па саған жем жерге.
Менің көзім жоғалса,
Жан табылмас “кел” дерге.
Атам қазақ қонысы
Бетегелі белдей ме?
Өлке бойын жайлаған
Көшпелі қалың ел дей ме?
Халайық сөзді білмей ме,
Қисаң айтқан билікті,
Көкше менен Керей көрмей ме?
Бұл керей құнсыз кеткенмен,
Кейіннен кісі өлмей ме?
Мен жүз түйе құн кестім,
Ердің құнын бермей ме?
- депті де: - Мен жүз түйе құн кестім, ердің құны – екі елу. Елу түйесі қазірден бастап Керейдің алдына салынсын. Елу түйенің онын Өскенбайдың: оның Бопының онын осы отырған билердің, онын Көкшенің, оның Найманның шаңырағына байладым”, - деп бітім шартын жасаған екен. Сол кезден бастап Ақтайлақ бидің аталы сөзі кейінгілерге нұсқа боп қалыпты [74, 286-290 бб.]. Одан әрісі Қазыбек, Әйтеке заманында да, дау толастамаған болатын. “Бір үлкен ас болып, сол аста бәйгіге шапқан қаншама аттың алдынан бір қара жал құла жеке-дара озып келіпті. Асқа жиналған топтың ішінен бір адам:
- Мынау менің тай күнінде жоғалтқан атым, - деп аттың шылбырына жармасады. Атты қосып отырған иесі:
- Жоқ, бұл мүлдем жала, өзімнің кер биемнен туған қол тума малым, - дейді. Көпшілік екі жағына да “сенікі жөн”, деп айта алмай содан барып Қазыбектің туған әкесі Келдібек биге жүгініске келеді. Бірақ екі даугердің сөзін тыңдаған Келдібек “ат сенікі” деп кесіп айта алмай, дағдарып отырып қалады.
Екі даугердің айтқан дәлеліне құлақ түре жүріп, оған билік айта алмай дағдарған әкесін байқап, жеті жасар Қазыбек:
- Сен қалай танығыш болып алдың?-деп даугерлердің біріне сұрақ қояды.
- Мен енесін көрсем, одан туған төлін, төлін көрсем енесін жаза баспай танимын, - деп жауап береді, атын тай күнінде жоғалтқан адам. Сонда Қазыбек атты бәйгіге қосқан адамға:
- Кәні, сіз қалай мал танығышсыз?-дейді.
- Мен, енесін бір көрсем, ішіндегі құлынын туғанннан кейін солбиеден туғанын бұлжытпай танимын, - дейді. Сонда Қазыбек тұрып:
- Жарайды. Енді екеуің бар да, анау жүрген қозыдан екі қозы ұстап әкеліңдер, - дейді. Олар барып алып келгенде:
- Қозыны көгендеп қойыңыздар да, өрістегі қойдан өзді-өзің әкелген қозының енесін алып келіңдер, - дейді.
Екі даугер өрістегі қойдан екі саулықты алып келіп қозыларды бауырына салғанда, ат қосқан адам әкелген саулық қозыдан жериді, қозыда жатсынып саулыққа жуымайды. Ал тай күнінде жоғалттым деген адам саулыққа қозысын салғанда енесі еміреніп тұра қалады. Қозы бауырына кіріп еме береді.
Қазыбек көпшілікке қарап:
Кәне, халайық, бұған сіздер не айтасыздар?-дегенде, көпшілік бір ауыздан “ат тай күнінде жоғалтқан адамдікі” екен деседі [75, 126-127 бб.]. Билік шешімді атасынан баласы жалғастырып отырған болатын. Қазыбек бидің баласы, Бекболат би де, осындай дәстүрді жалғастырған тұлғаның бірі. “Қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат он сегіз ағайынды екен. Соның кенже інісі жорықта жүргенде, Абылайдың бір үйір жылқысын абайсызда қолына түсіріп, алып кетіпті. Соны Абылай біліпті. “Мені басынғаны ғой”, - деп намыстана аттанып, Бекболаттың ауылынакеліп түсіпті.
Бекболат Абылайдың алдында жорғалап: “... Тоғыз айыппен жолыңызды алып кешіңіз, байқаусызда балалықпен болған ғой”, - дейді.
Ханның қасындағы Бекболатпен бақ күндес кісілер: “Бұл сізге қыр көрсеткені деп біліңіз, мұны басуыңыз керек”, - деп шағыстырып отырған соң: “Мен малға уана алмаймын, тентек ініңді өлтірмей ашуды баса алмаймын”, - дейді Абылай.
“Өз інімді өлтіруге мен де ұстап бере алмаймын”, - дейді Бекболат.
Абылай үндемей кетіп қалады. Қайтадан үш кісімен келген Бекболаттың інісін ұстап алып, мойнына арқан лақтырып ала жөнеледі. Сол күні түстікке бір көгал жерге келіп қонған соң, Абылай: “Соңымыздан ешкім келмес пе екен, қарап тұрыңдар”, - дейді. Абылай әлден уақытта: “Бір қарайған көрінеді”, - деген соң: “Ол Бекболат болар, келген соң түс деп атын ұстаңдар”, - дейді. Айтқанындай Бекболат екен.
Түспей атының басын теріс қаратып тұрып:
- Ай, Абылай мұнан бұрын жолдасқа мен қандай едім, қасындағылар қандай еді?-дейді.
- Сен бір төбе, бұлар бір төбе еді, - дейді Абылай. Сонда Бекболат келген жағына шауып кетіп, әлден уақытта қайта шауып келіп, әлгідей теріс қарап, тұрып:
- Орал таудың ор түлкісі
Айнала қуса ит жетпес.
Орал таудың ақ иығы,
Ақ иық келсе, тек кетпес,
Сондадағы мерт етпес!-
Деп байлаулы тұрған інісін шешіп алып жөнеле беріпті, хан қарсылық жасатпапты. Бекболат кеткен соң, қасындағылардың түсіне алмай таңырқап отырғанын біліп, Абылай:
- Мына мен “Бекболат, сен бір төбе, басқалар бір төбе еді” дегенге намыстанғандай болдыңдар-ау, Бекболаттың келіп кетуінен не сезіп отырсыңдар? Жаңа ол не айтып кетті? – депті қасындағы билеріне.
- Сол арасын аңғара алмай отырмыз?-деген соң Абылай:
- Білмесеңдер, енді онымен таласып өкпелемеңдер, - деп Бекболаттың сөзін былай түсіндіріпті. ““Орал таудың түлкісі” деп ол өзін айтты. “Айнала қуса ит жетпес” деп сендерді айтты. “Орал таудың ақ иығы” деп мені айтты. “Ақ иық келсе тек кетпес” деп келіп қалған соң, ашумен інімді алған шығарсың” дегені. “Сондағы мерт етпес” дегені ханнан халық күшті, халықтан биліксіз, хан да болсаң ақылыңа салып, інімді жібер, жәбірің болса, айып алып бітерсің дегені” депті.
Айтқанындай артынан Бекболат тоғыз айыбын жіберіпті. “Көп қорқытады, терең батырады” деген сол. Абылай сықылды азуы алты қарыс хан да қалың қазақтан қаймығып қайтып кетіпті” [75, 127-128 бб.].
Қазақ билерінің билік шешімдеріне қарап отыратын болсақ, көбі өлең сөзбен тоқтамды түйінмен беріліп отыратын болған. Бұл жерде істелген әрекетке берілетін жазаның мөлшері маңызды болмай, оған берілген жазаны тоқтамды сөзбен қалай айтатындығы басты роль атқарды. “Бала би Досбол он екі жасында жоғарғы Өр Найманға жүз жылқы дауына бас болып барған екен. Жылқыны айдатып алдырушы Өр Найманда Ебей, Себей деген бір тума екі бай қолдарына жүздеп жігіт ұстап, шет елден мал алдырып тұратын болған.
Орта жүз Момын баласы жүз жылқы алдырып бас қосып сөйлесіп, жүрген-тұрғанды тексере келгенде Ебей, Себей жігіттерінің Момын ішіне келгендігі, жылқыны алып кетуші солар екендігі анықталады. Бірақ малдың артынан баруға ешкім шықпайды, Ебей, Себейдің байлығы, қолындағы жігіттерінің көптігі оның үстіне сөзге келсе, Көк шолақ деген биі теңдік бермей жіберетіндігі елге мәлім болады. Іс теріс айналғанда іздеп барушылардың ат-тондарын сыпыртып алып, жаяу қайтаратыны да бар.
Момынның сол күнгі жиын тобының бір шетінде Досбол балалармен ойнап жүр екен. Бұл сөзді естіп Досбол былай дейді:
- Ай, көпшілік! Ебей, Себей бүгін малыңды алып қорқып болмадың, ертең қойныңдағы әйеліңді алады, одан дәндеп, әлдилеген балаңды алады, сонда тағы бармайсыңдар ма? Бәрің бармасаң мына мен барамын, кәне, мал иелері ересіңдер ме?-дейді. өздері бастаушы таба алмай отырған мал иелері “барамыз” деседі. Айналасы оннан аса адам жүріп кетеді.
- Ебей, Себей бұлардың мал қуып жүрген Момынның адамдары екенін біліп, далаға лашық тігіп, сонда қонағасы беріп, “сөзің болса, ертең сөйлерсің” деп кіргізбейді. Досбол балалық ғұрпымен киімдерін тастап, қотанда ақсүйек ойнаған балаларға қосылып ойнап жүріп Ебей, Себейдің біреуінің үйінде болып жатқан даулы әңгіме құлағына тиеді. Бала ойынды тастап жүгіріп келіп, босағадан сығаласа Найман Көкшолақ биді алдырып семіз бағыланның етін жеп кеңесіп отыр екен. Көкшолақ:
- Мына Момындардың арқа сүйер басшы адамы кім екен?-дейді.
- Он екі жасар бір бала, - дейді Ебей, Себей.
- Жылаған баланың жұбанары бір собалақ нан ғой, сондай бір нәрсемен алдармыз, - деп Көкшолақ қарқылдап күледі. Сонда Досбол шыдай алмайды. Әуелі өзіне Ишарат қылып:

Құлан тұяқ қу жебе,
Іздесең қайдан табылар,
Енді Қазанды нұсқап:
Тымағының құлағы дардай-дардай,
Ертең маған айтар дауың әлде қандай? - деп жүгіріп кетеді.

Көкшолақ: - Мынауың кім? – деп көңіліне күдік алып қалады.
Ертеңіне Найман жағы: “Кәне, Момын баласы, орталарыңнан бір адам шығарып, мына біздің бимен сөйлестір”, - дейді. Қарақұстың жанында отырған тұрымтайдай Досбол қыр басына барып Көкшолақтың қасына отырады. Көкшолақ сөз бастап: “Малдарың мұнда келген жоқ, Ебей, Себей дәулетті адамдар-ұрлық қылмайды, қате келгенсіздер”, - дейді. Ақыры Досболға: “Талаптанып жаңа атқа мінген жас бала екенсің, қу қанжыға болып кетерсің, малың бізге келген жоқ, сөзіме нанғын, бірақ сенің жолыңа мына бір тайша бұқа байлатып қойдым, соны өзің ырым қыларсың”, - деп мазақтайды.
Сонда Досбол назаланып былай деген екен:

Ебей байың өзіңе,
Себей байың өзіңе.
Желге қиыр жұмыспен,
Келіп едім кезіңе.
Сірә құлақ салмайсың,
Менің айтқан сөзіме.
Таңда мақшар болғанда
Таласармын бөзіңе
Маған деген бұқаның
Екі мүйізі екі көзіңе.
Қысырыңды бермесең,
Буазыңды берерсің,
Арығыңды бермесең,
Семізіңді берерсің.
Өз еркіңмен бермесең,
Өнерімді көрерсің.
Досбол ашуланып, кетуге бет алғанда, Көкшолақ би халқына: “Мына бала бізді құтқармас, малының келгенін түр-түрімен мойнына қосақ, құйрығына тіркеу қосып қайтарыңдар!” – деп Момынның малын бергізген дейді” [75, 128-130 бб.]. Бірде, “Айдабол бидің бір баласының көп түйесіне бір кедей жігіттің жалғыз буаз інгені қосылып жүріпті. Бір күні жігіт көруге келсе, түйе боталаған екен, бірақ соңында ботасы жоқ. Айдаболдың баласының бір інгені мен жігіттің інгенін бір бота еміп тұрыпты. Өлген бота кімдікі екені мәлімсіз.
Ақыры Айдаболдың баласы мен әлгі жігіт екеуі ботаға дауласып, жүгініске Айдаболдың өзіне барыпты. Сонда Айдабол жігіттен: “Шырағым, түйеңе бұрын бота еріп жүр ме еді?” деп сұрапты. “Ермей жүр еді, ботасы өле беруші еді” деп жігіт расын айтыпты. Сонда Айдабол: “Е, шырағым, онда өлген бота сенікі, тірі бота менің баламдікі екен, дауды қойып жөніңе бар”, - депті. Жігіт орнынан тұра бергенде, он үш жасар Тайкелтір әкесіне былай депті:
Қара шашың ағында,
Өлеріңнің шағында,
Әділ төре етсеңіз,
Халқың сіздің жағында.
Әділдіктен кетсеңіз,
Бсқа билер қағынды.
Би қағынса көпшілік.
Қағады бстан бағыңды.
Бастан кетсе бақытың,
Қуарсың елес сағымды.
Сағымды қуып жүргенде,
Қуартарсың жағыңды
Дәулет құсы ұшқанда.
Соғарсың сонда саныңды.
Өлмей тұрып ертерек.
Ойлашы әке, қамыңды
Көріне бұлай бұрылсаң,
Төгер біреу арыңды.
Ар төгіп те құр тұрмас,
Кетірер қалған сәніңді.
Жау санасып ұрыспас.
Алар бір күн жаныңды.
Көтеріліске көпшілік,
Отқа жағар тағыңды.
Құмырсқаға жем қылып,
Илеуге тастар тәніңді.
Ол дүниеге барғанда
Сонда халің мәлім-ді.
Тыңдап тұрып бір адам
Айтса жұртқа жайыңды.
Қисық берген төреңе
Шыдамай дәтім тарылды.
Төрелік бердің балаңа,
Жігіт саған не қылды?- деп әкесін сөгіпті.
Сонда Айдабол ашуланып елін, елдің билерін жинап алып баласы Тайкелтірге шарт қойып: “Мен қисық төрелік етсем, сен түзеу бер, егер түзеу бере аламасаң, ат құйрығына байлатып өлтіремін”, - деп ант беріпті.
Сонда Тайкелтір “жарайды” деп, ойланбастан екі іңгенді, жалғыз ботаны алдыртып, ботанының санына қыл бұрау салыпты. Бота шыңғырып боздағанда, жігіттің түйесі көзінен жасын ағызып, боздап келіп ботаның үстіне түсіп жатып алыпты. Ал бидің баласының түйесі күйсеген күйінде тұрған жерінен қозғалмапты.
Сондай Тайкелтір тұрып: “Міне, әке көрдіңіз бе, бота кімдікі болды? Тағдыр ылғи ажалды ботаны жігітке жазбаған шығар”, - депті. Би сөзден тосылып, өзінің билігінен ұялып, халықтан именіп, амалсыздан ботаны жігітке беріпті” [75, 130-132 бб.]. Көріп отырғанымыздай, жылқы дауы мен түйе дауында да, шешендік сөздің мысы басып тұр.
Біз жоғарыда қазақ билерінің бірнеше таңдаулы билік шешімдерін саралап шықтық. Бұл жердегі басты мақсат, дәстүрлі қазақ қоғамындағы билік шешімдердің табиғатына зер салу болған болса, екінші қырынан билерге сот қызметін атқарғаны үшін берілетін билік ақының мақсатын, мәнін түсіну болып табылады. Билік ақы әрқашанда дауласушы тараптар биге беретін ризашылықтың көрінісі болып табылған. Егер би, дауласушы жақтардың ризашылығына бөленбей, дауда, екі жақты бітістіре алмаса, билік ақыдан құр алақан қалатын болған. Билік ақының осындай ерекшеліктері болды.
Мұндай қазақтың билерінің шешімдері баршылық, тек біз бұл жерде қазақ билерінің сот ісін жүргізу барысында алатын, алымдар мен төлемдерінің кейбір қырларын ашып көрсету болып табылады.
Ресей патшалығы тұсында қазақ билеріне беретін алымдар мен төлемдер де, өзгеріп отырды. Ресей тұсында қазақ билері әкімшілік органдар сайлап қоятын, сайланбалы чиновниктің деңгейіне көтерілді. Бұл кезеңде қазақ билеріне берілетін алымдар мен төлемдер мемлекет тарапынан қатар реттеліп, бюрократиялық аппараттың құрамына айналды. Ресей дәуіріндегі дәстүрлі қазақ қоғамына оның сот ісін жүргізу тәжірибесіне енгізілген жаңалықтары американдық ғалым Н. Олкотт былай орынды бағалайды: “Әрбір болыстық пен уездік жергілікті соты мен орыстық қылмысты істер жөніндегі соты болды, бұлардың алғашқысының соты сайланбалы болды да, соңғысы тағайындалып отырылды. Осынау әкімшілік аппаратының құнын қазақтардың өздері төлеп отырды, осы мақсаттағы сот салығы бір сом елу тиын, солтүстікте үш сомға дейін, Түркістанда екі сом жетпіс бес тиынға дейін барды. Бұл салық уақыт өте өсе түсті, 1872 жылы 3 сом елу тиынға дейін көтерілді. Сондай-ақ қазақтар почта жүретін жолдарды, түрмелер мен мектептерді де ұстап тұруға жергілікті (земский) салық төлеуге де душар болды, сонымен бірге өздерінің қалауы бойынша дәстүрлі діни салықтар да төлеп тұрды” [76, 121 б.]. Шын мәніндегі бұл өзгерістер дала демократиясының талаптарын ұмытып, көрпелес билер қатарына айлануына жол ашты. Билердің алатын төлемдері билік ақылары параға, орынсыз сый-сыяпатқа айналып отырды. Сол арқылы қазақ билері өздерінің алтын ғасырдағы сипатынан айырыла бастады.
Жоғарыды айтып өткеніміздей соғым алғашқы кезеңде хандарға ғана берілген болса, кейіннен билерге десоғым берілетін болды. Халық өзі сыйлаған билеріне сот саласындағы қызметтерін тұрақты атқарып отыру үшін соғымдарын беріп отырды. Соғымның күн өткен сайын қадірі төмендеді. Ал, дәстүрлі қазақ қоғамында соғым ел ішіндегі міндетті алымның бірі болып табылды. Соғым беру құрмет болумен қатар, сот билігінің дұрыс жүргізуін қамтамасыз етуші тетік те болып табылды.
Сот саласындағы тағы бір алымның түріне билерге сыбаға беру жатады. Сыбағаны билерге әр рулы елдерден алып келіп беретін. Сыбағаның да маңызы соғымнан кем болмады. Орыс жазбаларында оны былай түсіндіреді: “Шибага тот же согум или части зарезанной скотины только варенным. Шибага производится рескою на тех же условиях как и согум. Но подобное приношение делается ордынцами не только одним ханом и султаном-правителем, но и биям и другим почетным киргизам как знак уважения, равно и лицам происходящим отбелой кости” [67, с. 185]. Әрине қазіргі кезеңде сыбаға берудің мемлекеттік мәні жоғалып, дәстүрдің бір көрінісі ғана болып қалған. Ал, ол кезеңде сыбағы беру сот билігінің маңыздылығын, құрметтелуін білдіреді.
Сот саласындағы тағы да бір алым жасауыл-ақы деп аталды. Ол көбінесе жауапкер, кінәлі жақтан алынып беріледі. Жасауылдың қызметі үшін төленетін ақы. Сонымен қатар бидің шабарманын жазда да, қыста да ат көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырулары керек екендігін жоғарыда сөз еткен болатынбыз.
Қорыта келгенде айтарымыз, сот саласындағы алымдар мен төлемдер әр кезеңнің талабына сәйкес дамып отырған болатын. Қазақ ордасының дәуірінде билерге берілетін билік ақы, әрбір дауласушы тараптардың ризашылығын бейнелейтін болса, кейіннен Ресейдің тұсында бұл көбінесе парақорлыққа апаратын бірден-бір жолға айналды. Сот саласындағы негізгі төлемдердің қатарына билердің дауларды шешуге байланысты алатын билік ақысы жатты. Тәуке ханның ‘Жеті Жарғысында” бұл билік ақы белгілі дәрежеде нақты мөлшерленген болатын.

ҚОРЫТЫНДЫ

Дәстүрлі қазақ қоғамында алым-салық қатынастары жүйесі қоғам дамуының әрбір кезеңдерінің талабына сәйкес, қызмет атқарған құрылымдық жүйе болып табылады. Әдет құқығындағы алым-салыққа байланысты түсініктер мен ұғымдар да, көне дәуірлерде қалыптасып, орныға бастады. Дәстүрлі қазақ қоғамында алым-салық жүйесі көбінесе сыртқы жаудан қорғану үшін жұмсалған болатын. Ішкі мемлекеттік басқару аппараты отырықшы мемлекеттердегідей алым-салыққа тікелей зәру бола қойған жоқ. Сонымен қатар, дәстүрлі қазақ қоғамында Ресей империясы тұсына дейін кеңінен, оның натуралды формасы қолданылды. Қазақи дүниетанымда алым-салық жинау қоғамдық қажеттіліктің көрінісі ретінде бағаланды.
Қазақ қоғамында алым-салық қатынастары жүйесінің қалыптасуы, бірнеше ғасырларға созылған, бірнеше эволюциялық даму жолынан өткен, өзінің бойына көшпелі өмірдің барлық талап-тілектерін сіңіре білген әмбебап жүйе болып табылады. Қазақ қоғамындағы алым-салық жүйесі де, қазақ жеріндегі мемлекеттердің дамуымен ілгері дамып отырды. Ал сахара жұртындағы мемлекеттік бірлестіктер жойылып кеткенде, ол алым-салықжүйесі де өзінің өмір сүруін тоқтатты. Бірақ та, сол кезеңге дейін қалыптасқан алым-салық жүйесінің дәстүрлері қазақ хандығына дейін жетіп отырғандығын көре аламыз. Сондықтан да, біздің ойымызша, дәстүрлі қазақ қоғамында тек қана құқықтық жүйе ғана емес, мемлекеттің бір нышаны болып табылатын құқықтық нормлармен реттелген алым-салық жүйесі де тарихи сабақтастықта ғасырдан-ғасырға үзілмей, жалғасып келді.
Дәстүрлі қазақ қоғамында алым-салық қатынастарының құқықтық бастаулары үлкен-үлкен заң жинақтарынан тұрған болатын. Бұл біріншіден, дәстүрлі қазақ қоғамындағы алым-салық қатынастарының ресми құқықтық негіздерінің қатарына жатады. Сонымен қатар, дәстүрлі қазақ қоғамында алым- салық қатынастарын жалпы құқықтық жүйенің басқа да, барлық бағыттарын қамтыған бейресми нысандары да өмір сүрген болатын. Олардың көрінісі негізінен қазақ ішіндегі мақал-мәтелдерде орын алып, елдің есінде сақталатын үзік-үзік айшықты сөздер ретінде көрініп отырды.
Бұрынғы кездерде қазақтар, хандарға, ірі сұлтандарға, белгілі билерге, сонымен қатар, жақын ағайын-туысқанына соғым беріп отырған болса, Ресей патшалығының тұсында қазақтардың ішінен жаппай соғым алымы, алына бастады. Соғым алымын, Ресей сырт елдермен соғыс ісінде пайдалану үшін алған болатын.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы алым-салық қатынастары, оның түрлері мен салалары сан ғасырлық көшпелі өмірдің тәжірибесінің негізінде қалыптасып орныққан және айқындалған, жүйелі құрылымдардан тұрған болатын. Алым-салық қатынастарының дәстүрлі қазақ қоғамында әр түрлі негіздер бойынша, жіктеп көрсетуге болатындығы жоғарыда, ашық айтып өттік.
Дәстүрлі қазақ қоғамында хан билігінің дұрыс қызмет атқаруын қамтамасыз ететін тетіктердің қатарына белгілі бір алым-салықтар жүйесі жатады. Бұл алым-салықтар жүйесі көшпелі қоғамның өмір талабына бейімдеген негізгі тетіктерінің көрінісі болып табылады. Хан билігі халық ықыласына бөленген жағдайда, халық өзі беретін белгілі бір ерікті төлемдерге сүйенген болатын. Сонымен қатар, хан билігі сот инстанциясы ретінде даудан түсетін хандық ақыға ел сый құрмет ретінде беріп отыратын, соғым мен сыбағаға және халықтан алынатын жалпы алым-салыққа негізделіп жұмыс атқаратын болған.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы хан билігі осындай алым-салықтарға сүйенген болса, кейіннен хан билігі жойылып, қазақтар Ресей құрамының тұсауына түскен кезден бастап бұл алым-салықтардың барлығы орталыққа, патшалық үкіметке жиналып отырған болатын.
Сот саласындағы алымдар мен төлемдер әр кезеңнің талабына сәйкес дамып отырған болатын. Қазақ ордасының дәуірінде билерге берілетін билік ақы, әрбір дауласушы тараптардың ризашылығын бейнелейтін болса, кейіннен Ресейдің тұсында бұл көбінесе парақорлыққа апаратын бірден-бір жолға айналды. Сот саласындағы негізгі төлемдердің қатарына билердің дауларды шешуге байланысты алатын билік ақысы жатты. Тәуке ханның жеті жарғысында бұл билік ақы белгілі дәрежеде нақты мөлшерленген болатын.
Қазақ қоғамында ежелден келе жатқан салықтың бір түрі жасақ және түтін салығы болып табылады. Бұл салық түрлері Ресей қол астына өткен кезеңнен бастап, өзінің бастапқы мәнін жойып, отарлаудың құралына айнала бастады. Түтін салығын жинау қазақ қоғамына сол кезеңде белгісіз болып келген әдіс-тәсілдерге сүйене отыра және қазақ қоғамына тән емес өлшемдерді басшылыққа ала жүргізілген болатын. Сондықтан да, түтін салығы халық ішінде белгілі ауыртпалықтарға жол ашты. Сонымен қатар, түтін салығын жинау үстінде үлкен озбырлықтар болды. Түтін салығы Ресей тұсында алғашқы кезеңде қазақтың кіші жүзі билеген аумақта заңдастырылған болса, кейіннен барып бүкіл қазақ еліне тарай бастады. Ресей патшалығының салық саясаты қазақ елін қанауға негізделген саясат болып табылды. Тұяқ салығын салу барысында қоғам мүшелерінің мүліктік жағдайы ескерілмей, мал саны есепке алынбай, бай-кедей деп қарамай салынып отырған болатын. Тұяқ салығы қоғам мүшелеріне көптеген ауыртпалықты алып келді.
Қазақ қоғамындағы зекет институты дәстүрлі қоғамның өмір шындығы тудырған талаптарға бейімделген қазақтың әдет-ғұрып құқық жүйесіндегі алым-салықты қамтамасыз етудің бір тетігіне айналды. Келе – келе зекет мұсылмандықтың бір парызынан сахара жұртындағы алымның ерекше түріне көшіп, жылда ел арасында міндетті түрде жиналатын белгілі бір алым болмысын иеленді. Қазақтың дәстүрлі құқығы зекет алудың, оны жинаудың тәртібін, жолдарын белгілеп, оның мөлшерін айқындады. Зекет институты, дәстүрлі құқықтық жүйемен астасып, оның ішкі болмысына кіре отыра, оның бір құрылымдық тетігі қызметін атқарды. Бұдан біз мұсылмандық қағидалар мен қазақ әдет құқығының арасындағы байланысты және олардың бір-бірін жатсынбай, керісінше өзара бірін-бірі толықтырып отыратындығын көре аламыз.
Дәстүрлі қазақ қоғамында әскери алым-салықтар негізінен жауды жеңгенде түсетін олжаға негізделген болатын. Батырлардың алатын алымы сауға деп аталды. Сауғаның жартысы ерекше ерлік көрсеткен батырларға тән болып табылды. Сонымен қатар, жаугершілік заманда халық ішінен арнайы, төтенше әскери алым-салықтар да жиналатын болған. Бұл алым-салықтардың негізі әскерді жасақтауға, оны қамтамасыз етуге бөлініп отырды. Қазақ қоғамында сауда керуендерінен белгілі төлемдерде алынып отырды. Саудагерлер малдарын суғарғаны үшін су төлемдерін, жем-шөп пайдаланғаны үшін шөп басы алымдары, тұяқ ақысын т.б. төлеп отырды.
Загрузка...


Уважаемый пользователь! Материал может содержать устаревшие данные, ошибки (устаревшую экономическую статистику, утратившую силу закона, нормативные акты и т.п.). Поэтому перед сдачей рекомендуем самостоятельно проверить содержание работ.
Желаем успехов!

Категория: Құқық, Қоғам, Криминалистика | Добавил: Admin
Просмотров: 1531 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0

Это может Вас заинтересовать:
Талғат Бигелдинов
Валеология бойынша бағдарламаны енгізу
Қазақ халық аспаптар оркестрін ұйымдастыру
Ақпарат, ақпарат түрі, формасы және қасиеттері
Италия Республикасының Конституциялық құқығы
Гигиена
Ұлы Ақын Жамбыл Жабаев
Германия
Әбділкәрім Сатұқ Қарахан
Ғарифолла Құрманғалиев
Экономика саласындағы жаңа атаулар
Махамбет шығармаларының көркемдік ерекшеліктері
Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы Абай дәстүрі
Кали Байжанов
Кіші өзендердің энергетикалық мүмкіндігін пайдалану