Приветствую Вас Абитуриент • Регистрация • Вход • RSS
Среда, 7.12.2016
Загрузка...
Главная » Работы » Рефераты на казахском » Құқық, Қоғам, Криминалистика

Хандық билікті қамтамасыз етуге бағытталған алым-салықтар
Загрузка...
Дәстүрлі қазақ қоғамында хандық билік мемлекеттік жүйеде ең жоғарғы сатыда тұрған болатын. Соған қарамастан, хан әр уақытта халықпен оның басты өкілдері: билер, сұлтандар, батырлармен әрқашанда санысып отырды. Хан билігінің қалыпты қызмет атқаруы оның қол астындағы халықтың көңіл-күйіне тікелей байланысты еді. Халық ханды материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп отырды. Ханның өз билігін қамтамасыз етудің басты құралдарының қатарына халықтан жинайтын алым-салықтар жүйесі жатқан болатын. Хан билігін қамтамасыз етудің материалдық қорын қалыптастыру тәжірибесі сан ғасырлық дамудан өткен, өзіндік тетігі, жүйесі бар тірі организмге ұқсайды. Сонымен қатар, осы жерде ескеретін жағдай, отырықшы халықтарда бірінші билеуші патша, хан т.б. өзінің алым-салық жинауда шексіз билігіне сүйенетін болса, көшпелі қоғамда жағдай өзгеше болды. Дәстүрлі қазақ қоғамында хан билігін қамтамасыз ететін алым-салықтың түсімі әрқашанда, оның қараша халқының жай-күйіне тікелей байланысты еді. Егер хан халқын ауыр алым-салықпен титықтатып, олардың жағдайын қиындататын болса, халық наразылығына ұшырап отырды. Өзінің ханына риза болмаған халық, көп жағдайда бір түннің ішінде үдере –түре келе көшіп кететін де болған.
Осы жағдайларды ескерген хан халықтың алдында өзінің данагөйлігін, ұстамдылығын танытуға ұмтылған. Қазақта мынандай сөз бар, ханды халық асырайды деген. Оның басты мәні, ханды материалдық тұрғыдан әрқашанда қамтамасыз ету қажет болып отырған дегенге саяды.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы хандық биліктің қамтамасыз етілуін, оның қолындағы алым-салық жүйесіне тоқталмас бұрын, жалпы қазақ қоғамындағы хан билігінің кейбір қырларына көңіл қоюымыз қажет. Себебі, дәстүрлі қазақ қоғамындағы хан билігінің табиғаты осы уақытқа дейін жеке арнайы зерттеле қоймады. Бұл жағдайлар хан билігінің әрбір жеке қырын ашуда, бізді жалпы бұл билік жүйесінің ішіне бүккен сырын ашуға жетелеп отырады. Хан билігін зерттеуде белгілі ғалым З.Ж. Кенжалиевтің мына пікірін есте сақтауымыз қажет. “Мемлекеттік билік құбылысты тереңдете зерттеудің тағы бір жолы - оны өз халқымыздың дәстүрлі құқықтанымы мен биліктанымын қарастырып зерттеу. Себебі, біз осы күнге дейін өз Республикамыздағы мемлекеттік және құқықтық өмір құбылыстарын европалық құқықтық ұғымдар мен түсініктер тұрғысынан қарап зерттеудеміз” [54, 16 б]. Біз, шын мәнінде, дәстүрлі қазақ қоғамындағы мемлекеттік биліктің әрбір тұтқасын зерттеуде, оны жалпы көшпелі қоғамдағы қалыптасқан ұғым-түсініктердің аясында зерделеуіміз қажет. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы хан билігі әр кезеңде динамикалық тұрғыда ерекше дамып отырған болатын. Хандық биліктің дамуының бір кезеңі былай өрбиді: “ХҮІ ғасырдың аяғынан ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысына дейінгі аралықта Ташкент және Түркістан қалалары қазақ хандығының саяси орталығы болды.
Осы кезеңдегі хандық билік белгілі бір дәрежеде өмірдің барлық саласын қамтитын жалпылық сипатқа ие болып, бірыңғай этникалық негізіне қарамастан, орталықтанған билік салыстырмалы түрде жүргізіледі. Бұған әр түрлі ұлыс сұлтандарының билікке таласуы, өзбектермен және қалмақтармен болған үздіксіз соғыстар себеп болды. Осы факторлар халықты аумақтық принцип бойынша ұйымдастыру сияқты мемлекеттік биліктің қалыптасуындағы ең қажетті элементтің өсіп жетілуін тежеп, кедергі келтірді” [55, 17 б.]. Қазақ қоғамында хан билігі кейбір жағдайларда субъективті факторларға негізделіп жүзеге асып, дамып отырды. Мемлекет басына ақылды да, данагөй тұлға келетін болса хан билігі күшті болып, халыққа сыйы арта бастады. Егер тарихқа көз жүгіртетін болсақ, қазақ хандарының ішінде Тәуке ханның мерейі артып тұрған кезеңінің болғанын білеміз. Оны А.И. Левшин “Алтын ғасыр” дей келе: “Сей золотой век, о котором вспоминают они со вздохами, есть царствование знаменитого хана их Тявки который, если верить преданиям, был действительно в своем роде Гений, и в летописях казачьих должен стоять на ряду с солонами и ликургами. Усмирив волновавшиеся долгие роды и поколения, он не только вел в них устройство, порядок, но и дал им многие законы” [56, с. 22]. Мұндай жағдайларда хан билігі халық ішінде үлкен сый-құрметке ие болып күшейіп отырды.
Көшпелі қоғамда хан билігі өте дамып, белгілі бір қызмет бағыттары айқындалған құрылымдық жүйеге айналып отырған кездері де болды. Хан билігінің негізгі қызмет бағыттарын төмендегідей, топтастырып көрсетуге болады: “Хан как глава царствующего рода и верховный сюзерен всех поданных государства имел верховное право распоряжаться всей территорией страны, всеми землями, принадлежащими улусам, право, которое было следствием его основной функции главной обязанности – вооруженная охрана страны внешних врагов.
Хану принадлежало право объявления войны и заключения мира, бывшее следствием его функции верховного руководителя войск. Хану принадлежало верховное право переговоров с иностранными государствами, что являлось следствием его функции определять внешнеполитический курс государства.
Хану принадлежало право убить или оставить в живых своего подчиненного - право, бывшее следствием его функции верховного судьи.
Наконец, зану принадлежало право издавать законы обязательные для всех членов общества приказания – право, бывшее общественное устройство и порядок” [57, c. 72.]. Қарап отыратын болсақ, көшпелі қоғамда хандар үлкен өкілеттілікке ие болған.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы хан билігін зерттеудің тағы бір ерекше қыры, хан билігінің халық тарапынан қадағаланатындығы. Халық жоғарыда айтып өткеніміздей хан билігін көп жағдайда, белгілі бір тетіктер арқылы тежеп отырған болатын. Олардың қатарына хан сарқыты және хан талау институттарын жатқызуға болады.
Хан сарқыты қазақ қоғамында хан сайлау рәсімі жүзеге асқаннан кейін қолданылатын дәстүрдің бірі болып табылады. М. Мағауиннің ойы бойынша, хан сарқыты былай жүзеге асады: “Осы орайдағы, басқа жұртта жоқ тағы бір рәсім –хан атқа мініп, ордаға түскен кезде әр тайпадан, әр тараптан арнайы іріктелген қаншама адам ханның өрістегі малын, қозы-лақ, құлын-тайына дейін түк қалдырмай бөліске салады. Бұл рәсім “Хан сарқыты” деп аталады. Ханға малдың керегі жоқ. Хан - ел иесі, жұрт тұлғасы, елде бар болса, ханда да бар, ханның халықтан бөтен тілегі болмауға тиіс деген сөз бар. Сонымен қатар, жақсы ырым, сайлауға келе алмаған жұрт тойдан дәм татады, хан малының тұқымы қалған елге құт әкеледі. Ырым, наным ғана емес, өзінің ұлттық мемлекетінің басында отырған, халық қалауымен көтерілген ханға деген биік құрмет белгісі (Арада апта өтпей, бұл мал он есе көбейіп, кері қайтады; бірақ бұл ханның емес, қазынаның малы)” [58, 195 б.]. Бұл хан билігінің халықпен тұтастығын және оны халық мойындағанын көрсетеді. Кейбір жағдайларда мемлекет басына дарынсыз хандар жайғасып, халықтың жағдайын мәз етпейтін кездер де болады. Бұл жағдайдан да шығудың жолын ақылды халық ойлап қойған болатын. Ондай хандарды тақтан тайдырудың жолы, хан талау арқылы жүзеге асады. Хан талау (салт). Ат құйрығын сүзіңдер,
Аллалап атқа мініңдер,
Хан талау қылып алыңдар! (Тәттіқара).
“Хан сарқытына” мүлде қарама-қарсы, “хан талау” деген салт та болған. Бұл – ел сенімін ақтамаған, дарынсыздығымен емес, қорқаулығымен жексұрын болған, ақылсыздығымен ғана емес, арамдығын танытқан, түзелмейтін әміршінің мал-мүлкін тігерге тұяқ қалдырмай бөлісіп алу. Зорлық емес, барымта емес, жәмиғат шешімімен жүзеге асатын жаза, дәстүрге сыйымды, заңды іс саналған.
“Хан талау” салты-таққа мінген хан ғана емес, ел билеген кез-келген әкімнің адамшылықтан аттамауының кепілі болды. “Хан талау” аяқ астынан, оқыстан жасалмаған, әуелі әміршінің, бек пен төренің оғаш қылықтары, мұның алаш жұртының жөн-жоралғысымен сыйыспайтын турасына арнаулы ескертулер жасалған, осыдан соң ғана ел ағалары болып, жұрт болып жаппай баталасып, қатал үкімді жүзеге асырған. Мәселен, ХҮІІІ ғасырдың аяқ кезінде, Жобалай Керейді билеп отырған ең соңғы төре осындай жазаға ұшырапты. Мейманасы тасыған, жұртта жүйрік ат қоймаған төре ең ақырында мұнымен де тоқтамай игі жақсылардың намысына тиіп, қорлай бастаған кезде “Хан талауға” түседі [59, 193-194 бб.]. Осы институт арқылы ғана халықты басқара алмайтын хандар тайдыралып, зерек те, батыр тұлғалы ел басқару ісіне машығы бар хандар келіп отырған.
Дәстүрлі қазақ қоғамында хан билігін қамтамасыз еткен алым-салықтардың жүйесі орнығып, қалыптасты. Оның құқықтық бастаулары әріге барып тіреледі. Ал қазақ хандығы тұсында Тәуке хан қабылдаған заңда және Тәуке ханның жарлықтарында норма түрінде бекітілді. Атақты А.И. Левшиннің еңбегінде Тәуке ханның алым-салық ісіне байланысты мынадай нормалар қалып бекітілген деп саналады: Чтобы сам хан, равно как и все султаны, старейшины правители родов собрались осенью в одно место, в средине степи, для рассуждения о делах народных.
Чтобы ни один киргиз не являлся в собрания народные иначе как с оружием. Безоружный не имел голоса, и младшие могли не уступать ему места.
Чтобы всякий, могущий носить оружие (кроме султанов), платили хану и правителям народным в подать 20 – ю часть своего имущества, ежегодно [40, c. 370]. Бұл баптардан жалпы дала жұртында алым - салықтың барлық түрінің күзде жиналатындығын көреміз. Малдың ыңғайына бейімделген халық үшін, малдың қоңдалып, мал басының санағы жасалып барып, хан қазынасына берілетін алым-салықтардың алынуы өте орынды болып табылады.
Қазақ қоғамындағы ханның қызметін қамтамасыз еткен алым-салықтарды төмендегідей түрлерге жіктеп көрсетуге болады: Біріншіден, хан қазақ қоғамында ең жоғарғы сот қызметін атқарды. Дауды шешкені үшін оның 10 пайызын құрайтын “ханлық” алатын болған. “Ханлық” ханның отбасына және ханның басқа да шығындарына жұмсалды.
Екіншіден, алғашқы кезеңде тек ханға тиесілі болып табылатын соғым алымы болды. Кейінірек соғым сұлтандарға, белгілі билерге, басқа игі-Ақсақалдарға да берілетін болды.
Үшіншіден, хан жасағын қамтамасыз етуге алынатын алымдар болды. Көбінесе бұл алымдар хан жасағының ас-суына жұмсалған. Бұл норма Жеті жарғыда былай көрсетілген: әрбір қазақ түтіні ханның, бидің жасағы мен шабарманын жазда да, қыста да қабылдап ат-көлік, азық-түлікпен қамдеуге міндетті болады [45, 74 б.].
Төртіншіден, халық ішінен алынатын зекет алымы ханбилігінің қамтамасыз етілуіне жұмсалған болатын. Оның елден хан өзі немесе сұлтандар мен қожалар арқылы жинап отырды. Зекеттің мөлшері мал санының басына қарай анықталып отырған болатын.
Бесіншіден, ханға сыбаға тартылып отырды. Осы сыбағаға байланысты ел ішінде ханда халық асырайды деген сөз қалыптасқан ба деп санаймыз.
Енді осы алым – салықтарды жеке-жеке таратып, талдап көрейік.
Біріншіден, хан мемлекеттегі ең жоғарғы сот инстанциясы ретінде, дауларды шешу арқылы ханлық алып отырды. Бұл хан ақысы дау дұрыс шешімін тауып, рулы елдің қолдауына ие болған жағдайда ғана берілетін болған. Егер, хан дауды дұрыс шешпей ханлық алатын болса, халық наразылығына ұшырайтын. Сондықтан да, хан халық көңілінен шығуға ұмтылды. Хандық билік-хан немесе ұлыс сұлтаны тарапынан жүргізіледі. “Биліктің бұл деңгейі жаугершілік тұсында аса көтеріледі және жарғының шешімімен хан немесе ұлыс сұлтаны өз бетімен сыртқы саясатты жүргізуге мүмкіндік алады. Ішкі саясат мәселесінде ел ішіндегі билердің алдынан бітпеген даулар немесе ұлыс сұлтандары арасындағы даулар хан алдына барады. Әр даудан, хан қатыссын мейлі, қатыспасын, жауапкердің есебінен кесілген мал мен мүліктің 10 пайызы ханға олжа (ханлық). Ханның үлесі тоғыз есебімен беріледі. Сыртқы елдермен арадағы елшілік, сүйек жақындық (қыз беру, қыз алу), жаугершілік пен бітім тікелей ханның, не ұлыс сұлтанның басшылығымен жасалады. Төре тұқымының ішкі әулеттік даулары хан алдында тарайды, қара қазақ баласы хан баласы көпір болса басып өтпе деп қабыл алса, кез-келген дауды шешуге мүмкіндігі бар” [60, 252 б.]. Хан билігінің сот қызметінің ерекшелігі және ханлық ақының шарты туралы оқулықтардың бірінде, мынандай сипаттама берілген: “Хан являлся также судьей всего ханство в высшей инстанции. Он рассматривал дела о спорах между крупными феодалами, жалобы вассалов на своих сеньоров, межродные распри и т.д. свои судебные функции хан, как правило, исполнял во время разъездов по своим владениям. Важные дела хан решал вместе с советом, который состоял из наиболее авторитетных биев-судей. При этом хан пользовался нормами обычного права, а в необходимых случаях дополнял эти нормы или исправлял их, за осуществление правосудия получал с тяжущихся хандык. Вместе со своими высшими вассалами хан устанавливал различные налоги и поборы с населения” [61, c. 59.]. Кейбір жағдайларда хандарға оның ханлық ақысын бермей де, қоятын кездер болады. Ол көбінесе қазақтың билері мен шешендерінің дау туғанда тапқырлығына, сонымен қатар, ханның сөзге тоқтауына байланысты болып келеді. Халық ішінде оның көптеген үлгілері сақталып, бізге фольклор нұсқасы ретінде жетіп отырған болатын. Сондай жағдайды мына оқиға желісінен көре аламыз:
“Нау деген бидің бір ешкісі жоғалып, ешкісін сойған ұрысы табылыпты. Ұры бір ешкінің орнына екі ешкі төлейін десе Нау көнбепті. Ханға төрелесуге барыпты. Хан Наудың бір ешкісінің төлеуіне үш ешкі бергізіпті-алмапты, төрт ешкі бергізіпті-алмапты. Сонан соң хан:
- Не қылғаның мынау, ешкінің несі бар еді, соншама - деп сұрапты. Сонда Нау:
Ешкімнің іші толған лақ еді,
Саусам сүті бұлақ еді.
Қап-қара құрты бар еді,
Қарын – қарын майы бар еді.
Сойсам терісі бұтыма қап еді.
Мүйізі пышағыма сап еді,
Қатыным қандай көретін еді, - деп шұбырта жөнеліпті.
- Е, жағың қарысқыр, мақтауын келістірдің. Енді ешкіңнің төлеуін айтшы! – депті хан.
- Төлеуіне төрт ешкі,
Айыбына алты ешкі,
Басына қосақ,
Артына жетек,
өзімен он үш ешкі.
Билік ақысы бір ат,
Хан саған еш нәрсе жоқ, - депті Нау. Сонда хан күліп:
- Бір ат он үш ешкі бер де, мына пәледен құтыл, - депті ұрыға.
“Нау құрымай, дау құрымас!” деген сөз содан қалыпты” [62, 117 б.].
Жоғарыда айтып өткеніміздей, хан дәстүрлі қазақ қоғамындағы сот билігін бірден-бір атқарушы тұлға. Хан қазақ қоғамында орын алатын жер дауы, жесір дауы, мал дауы, мүлік дауы, ар дауы т.б. барлығына бір адамдай қатысып отырған. Қазақтың шешендік сөздерінің ішінен ханның сот қызметін ашып көрсететін көптеген деректерді, аңыз болып жеткен аталы сөздерді кездестіруге болады. Соның бір парасы, белгілі билердің бірі, Едіге Қабанұлымен байланысты болып келеді. Бірде: “Тағы да қой бағып жүргенде екі қатын, екі еркек орталарында бір баласы бар, таласып келді балаға. Аттылар: “Мынау көті боқты қойшыға жүгінейік”, - деп.
Төртеуі бірдей салып келді: “Иә, қойшы, біздер даулы болып келеміз, төре бересің бе?” деп. “Төресін берейін”, - деді. Бір еркек пен бір қатын айтты: “Бесікте жоғалтып едім. Жүгіріп жүргенде таныдым”. Енді:” мен он ай көтеріп омыртқамды бүгілтіп тапқан балама жала қылады”,-деп соңғы екеуі айтты. Мәзкүр төртеуіне айтты: “Төре беремін, көнесіз бе?” – деп. “Көнейік”, - деді. Екі қолынан екі қатынға ұстатты. “Жоғалтып едім” деген үндемей тұр, анау қатын “Не қылсаңыз да мейлің білсін”, - деді. Сол уақытта: “Семсерменен екеуіңізге бөліп беремін”, - деп семсерді көтерген соң “жоғалтып едім” деген қатын білегінен ұстай алды. Анау қатын үндемеді. “Өлтірмеңіз, - деді, менен туған бала, өскенде мені табар”, - деп айтты. Үндемеген қатынға айтты: “Сен ұрлаған шын екен. Өлтірсе - өлтірсін деп үндемедің, мұның өз баласын қимастан, өлтіруге аяп, білегімнен ұстай алды. Мұның баласын бер”, - деп бұйрық қылды. Өзім таптым деген еркек пен қатын: “Бұл төреңе көнбейміз” – деп Тоқтамыс ханға барды. Төре тимеген қатын мен еркек атты: “Біздер даулы болып сізге жүгінейік деп келдік”. Нақ баланың шешесі айтты: “Бір төре болып еді”, - деп. Хан сұрады: “Қандай төре болып еді?” – деп. Қойшы баланың берген төресін айтты, сондай төре беріп еді деп. Хан айтты: “Соның төресі – төре, ондай төрені мен бере алман””, - деп айтты [63, 142-143 бб.]. Бұл биліктің ел ішінде екінші, үшінші нұсқалары кездеседі: “Күндердің күнінде ханға екі қатын келіп арыз қылады. Сондағы арыз: екеуі бір балаға таласады, бір қатын тұрып, бала менікі десе, екінші қатын тұрып, олда айтады, бала менікі деп. Сөйтіп екі қатын бұл туралы ханнан билік сұрайды.
Хан не деп билік айтарын білмей, қайран қалып үш күнге шейін тоқтады. Әлгі екі қатын күн сайын ханның мазасын ала береді. Сондағы баяғы бала Едіге тұрып:
- Ей, ата! Бұларды неғылып әурелеп қойдыңыз? - дейді.
- Ей, шырағым-ай, мұны қандай қылайын? - дейді хан.
- Тақсыр, бұларды бүйтіп қойғанша, баланың екі қолын екі қатынға мақтасып тұрып ұстатыңыз да ортасынан қылышпенен шауып тастап екеуіне қақ бөліп беріңіз, - дейді бала.
Ханның көңіліне баланың бұл айтқаны мақұл болып, баланың екі қолынан екі қатынға мықтап ұстатып тұрып, қылышын қынынан суырып, жұлып кеп алғанда, қатынның біреуі шырқырап жылап кеп жіберіп баланы қоя береді: қайда жүрсе де тірі болсын деп.
Екінші қатын тұрып шапсаңыз шабыңыз, тақсыр деп баланы қолынан жібермейді. Сонда бала тұрып: Ей, ата! Енді білдіңіз бе? Мына бала бұл қатындікі екен деп, баланы жылаған қатынға бұйырады. Енді баланың әлгі қылған биліктері барша халыққа мәлім болады. Барлық жұрт болып билікті тамаша қылысады әм мұны тапқан баланың ақылына да қайран болады”.... “Тағы бір күні екі әйел, екі еркек бір балаға таласып Едігеге келеді. Бір әйел мен бір еркек: "Осынау баланы бесікте жоғалтып едік, жүгіріп жүргенде танып отырмыз, төрелігін беріңіз", – дейді.
– Он ай көтеріп, омыртқамды сөгіп тапқан балама жала қылады, – деп, қалған екеуі де өршеленеді.
Сонда Едіге баланы екі қолынан екі әйелге ұстатады: жоғалтып едім деген әйел жылап тұр, анау әйел не қылсаң да өзің біл дегендей, бедірейіп тұрады.
– Мына баланы семсермен екеуіңізге қақ бөліп беремін, – деп, Едіге семсерді көтере бергенде, жоғалтып едім деген әйел Едігенің білегінен ұстай алып:
– Өлтірмеңіз, қайда жүрсе де тірі жүрсін, менен туған бала, өскенде мені бір табар, әзірше мынау-ақ алсын, – деп Едігенің қолындағы жоғары көтеріліп тұрған семсердің астына тізерлеп отыра кетіпті. Сол ананың зарланып, жылаған үнінен-ақ семсер жерге түспей, сол күйінде әуеде тұрып қалыпты, өзен-көлдерден құс ұшпай, күн тұтылып, аспанды қара бұлт торлапты, арыстан мен жолбарыстардың көз жасынан қалың қара жаңбыр жауып, топан су көтеріліпті, таулар теңселіпті.
Үндемей, жерге қарап, сазарып тұрған әйелге:
Сенің ұрлағаның шын. Өлтірсе өлтірсін деп үндемедің, сондықтан оның өлі-тірісі сен үшін бәрібір. Баланың туған анасы мынау. Сол үшін, ол баласын өзгеге кетсе де, оған өмір тілейді, өлімге қимайды. Мынаның баласын өзіне бер, – дейді. Сөйтіп, Едіге өзінің асқан зерек ақылы арқылы, баланың шын анасын айқындап, шешесіне алып беріпті дейді аңызда” [63, 143-144 бб.]. Әрине, бұл жерде басты билік айтушы тұлға, хан екендігі белгілі. Хандар өзіне жүктелетін билік айтудың ауыр міндетіне арқаламас үшін, көбінесе билік шешімдерін қасындағы адамдарға беріп отыратын болған. Бұл әрине, ханның сот билігіне байланысты ежелгі дәуірдегі көріністер болатын болса, кейінгі кезеңдерде де хан, өзінің соттық қызметін жалғастыра білген. Соның бір мысалы ретінде мынадан көруге болады: “Ел көшіп келе жатса, көштің алдынан бір түлкі тұра қашады. Жан біткен жабыла қуып, бәрі жете алмай қалып қояды. Астында жүйрік Кертөбел дөнені бар Қыпшақ Ізбасты бала түлкіге жетіп, соғып алып, қанжығасына байлап жатқанда, артынан көпшілік келеді.
- Уа, бала, аң басы жуық! Соғып алғаң олжаң қайырлы болсын! Қанжығаңа неге байлап тұрсың? Бұрынғы ата-бабаның жолы бар, аты жеткен соғатын, жасы үлкен байланатын, ол жолды қайда тастайсың? - дейді.
- Алғашқы тырнақ алдым еді, олай десеңіздер, төрешіге бармай түлкі бермеймін, - дейді Ізбасты. Сонда үлкендер тұрып.

- Көштің байсал тапқаны,
Көкорайға қонғаны.
Даудың байсал тапқаны,
Төрешіге барғаны,
Барсақ-барайық,-дейді.

Самар ханға келіп үлкендер шағым еткен соң, хан Ізбастыны шақырып:
- Бала! Ата-ана жолынан шығып, олжаңды үлкендерге байламағаның қалай? – дейді. Сонда Ізбасты бала:

- Ойдан қашты бір түлкі,
Тауға қарай дем алмай.
Жабыла қуды көп кісі,
Бәрі қалды ере алмай.
Сол түлкіні кім алар,
Жетіп соққан мен алмай.
Ағайыннан дұгпан жоқ,
Алдына салып адып жүр.
Бір түлкіні көре алмай.
Ұылып ханым жүрмеңіз,
Төресін түзу бере алмай!- дейді. Сонда хан отырып:

- Аты озған алады,
Жасы үлкен байланады.
Осы бала бір күндеріңе жарар,
Алдынан сөздерің де тарар,
Түлкі баланікі,
Шуламай тараңдар, - депті” [64, 116-117 бб.]. Бұл, әрине аңыз болса да, хан билігінің пәрменін дөп баса көрсететіндей. Кезіндегі Сырым батырдың “тұяққа тұяқ, құлаққа құлақ”, - деп аталып кеткен белгілі билігі де, ханның сот қызметімен байланысты болып келеді. “Орта жүз бен Кіші жүздің арасында бір мал дауы болып, Орта жүз адамдары неше рет келіп, малын ала алмайды. Соңғы рет келе жатқанда, Сырымға жолығып, жөн сұрапты.
– Уа, азаматтар! Жол болсын! Билеріңде тыным жоқ, биелеріңде құлын жоқ, неткен жолаушысыңдар? – дейді Сырым. Жолаушылар жай-мәнісін айтады. Сырым қосыла жүреді. Кіші жүздің ханына келіп ел дауын айтады, бірақ екі елдің арасы бітімге келе алмайды. Сонда Сырым екі ел арасының бітімін көздеп, ханға:
Бір дауды шеше алмасаң сен неғып хан болып отырсың, құлаққа құлақ, тұяққа тұяқ емес пе? – дейді. Хан сөзден тосылып малдың тұяғына тұяқ, басына бас беріп, Орта жүзді риза ғып қайтарыпты” [65, 273-274 бб.]. Бұл Ресей дәуіріне өткен кезеңде айтқан биліктердің бірі болып табылады. Сол кезеңнің өзінде де хандар сот билігін жүзеге асыруға еркін ат салысқан. Міне, осындай хандармен байланысты билік шешімдерде ханға тиесілі билік ақы беріліп отыратын.
Дәстүрлі қазақ қоғамында хандар үшін, сондай-ақ ұлыстарды билейтін сұлтандар үшін жыл сайын жиналатын қосымша алым-салықтың бірі - “соғым” болды. Бұл шаралар күз кезінде басталып, халық арасына кең тараған “ханды халық асырайды” деген қағидаға негізделіп жүргізілді [66, 163 б.]. Бұл хандық билікті қамтамасыз етудің алым-салық түрлерінің екінші бағытын құрайды. Соғым беру қазақ қоғамында бұрыннан келе жатқан дәстүрдің бірі. Д. Андре ол туралы былай дейді: “Киргизы имеющие кочевья поблизости султанских ставок, обязаны каждый семьянин привести Султану правителю сугум или какую-либо скотину на зарез. Количество и достоинство такого приношения производится смотря по состоянию или зажиточности приносящего. А по сему бедные могут принести одну часть барана или лошади и т.п. только не иначе как сырьем.
Сугум производится осенью, обыкновению это имеет в основании то; дабы хан или султан мог прожить всю зиму на иждивении народа, и тоже мог бы видеть готовность ордынцев в жертвовании своего имущества в пользу своего начальства” [67, c. 185].
Қазақ қоғамында, сонымен қатар, басқа да сый-сыяпатқа хандар сүйеніп отырған болатын. Ол туралы Ж. Омари былай дейді: “Хандар мен сұлтандар мемлекеттік меншіктің негізгі жауапкері есебінде Жарғының алдында есеп беріп отырады. Мемлекет қарамағындағы қалалар мен қоныстардан алым-салық жинауды хан мен ұлыс сұлтандар іске асырады. Қазақ халқы мен отырықшы егіншілер мемлекет пайдасына, қазынасына, өз өнімнің 1/10 бөлігін жыл сайын беріп отыруға тиісті.
Даланың көшпелі, мал баққан халқы мемлекет пайдасына, қазынасына өз өнімнің 1/20 бөлігін жыл сайын беріп отыруға тиісті. Хан мен ұлыс сұлтанына әр ата баласы жылына соғым беріп отыруы тиіс (соғым әркімнің жағдайына қарай беріледі.) жол сапармен жүрген ел басшысына (хан, ұлыс сұлтаны, Орда биі, ұлыс биі) әр отбасы арнайы сыбаға беруі тиіс. Мемлекет мүддесі үшін ел басшылары (хандар, сұлтандар, билер) ел үстінен зекет жинауға хақылы (елдің бір бөлігі жұтқа ұшыраған жағдайда, жаугершілік кезінде, елшілік аттандыру үшін, тұтқыннан өз қандастарын босатып алу үшін)” [60, 276-277 бб.].
Айтылған ойдан тағы да бір хан билігін қамтамасыз етудің алым-салық жүйесін көруге болады. Ол жалпы мемлекет қазынасына бөлініп отыратын, халықтың беретін жалпы салықтары болып табылады.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы алым-салық нормалары Тәуке ханның тұсында бір ретке келтірілді. Оған жоғарыда тоқталған болатынбыз. Одан кейінде мысалы Абылай хан болыстардан ірі қара мен, қоймен алымсалық жинаттырған болатын. Оны кейін баласы Уәли жалғастырды. Кіші жүзде XVIII Қайып хан зекет алды. Кенесары мен Арынғазының да елден әскерге алым жинағанын айтуға болады. Кейде алым-салық мөлшері де қажетіне қарай өзгеріп отырған.
Алым-салықтар ханның жарлығына сәйкес белгіленіп, нақтыланып жиналды. Хан жарлығы елден-елге шабармандар арқылы таратылған болатын. Ал “Жеті Жарғы” сияқты үлкен заңдарда оның жоғарғы қағидалары бекітілді.
Дәстүрлі қазақ қоғамында хан билігінің дұрыс қызмет атқаруын қамтамасыз ететін тетіктердің қатарына жоғарыдағы алым-салықтар жүйесі жатады. Бұл алым-салықтар жүйесі көшпелі қоғамның өмір талабына бейімдеген негізгі тетіктерінің көрінісі болып табылады. Хан билігі халық ықыласына бөленген жағдайда, халық өзі беретін белгілі бір ерікті төлемдерге сүйенген болатын. Сонымен қатар, хан билігі сот инстанциясы ретінде даудан түсетін ханлық ақыға ел сый құрмет ретінде беріп отыратын, соғым мен сыбағаға және халықтан алынатын жалпы алым-салыққа негізделіп жұмыс атқарытын болған.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы хан билігі осындай алым-салықтарға сүйенген болса, кейіннен хан билігі жойылып, қазақтар Ресей құрамының тұсауына түскен кезден бастап бұл алым-салықтардың барлығы орталыққа, патшалық үкіметке жиналып отырған болатын.
Загрузка...


Уважаемый пользователь! Материал может содержать устаревшие данные, ошибки (устаревшую экономическую статистику, утратившую силу закона, нормативные акты и т.п.). Поэтому перед сдачей рекомендуем самостоятельно проверить содержание работ.
Желаем успехов!

Категория: Құқық, Қоғам, Криминалистика | Добавил: Admin
Просмотров: 1159 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0

Это может Вас заинтересовать:
Құранды түсіну
Дулатов Міржақып
Дербес компьютерде құрылымының функциональді-логикалық негізі
Құтылығұлы Күлтегін
Денсаулық - басты байлық
М.Мағауин
Аймауытов Жүсіпбек
Некелесу түрлері, әдет-ғұрыптар
Бәсентиін Малайсары батыр
Есенжанов Хамза
Ыбырай Алтынсарин
Черногория мемлекеті
Марат Отарәлиев: «Тағдырмын ерте жоғалған...»
Компьютерде іс жүргізудің ерекшеліктері
Өсімдік қорғау және карантин мамандығы бойынша Емтихан билеттері