Приветствую Вас Абитуриент • Регистрация • Вход • RSS
Воскресенье, 11.12.2016
Загрузка...
Главная » Работы » Рефераты на казахском » Саясаттану

Отбасы түрлері
Загрузка...
Дүние жүзі халықтары тәрізді, қазақтың да өзіне тән отбасы тарихы бар. Адам баласы басынан өткізген сан алуан қоғамдық-экономикалық формациялардың қай-қайсысы болмасын, әр қилы отбасы түрлерімен тығыз байланысты болған. Оны Жер планетасын мекендеген барлық халықтар өз басынан өткізген.
Америка этнографы Л.Морганның отбасы тарихы туралы жазған «Көне қоғам» атты аса құнды ғылыми еңбегі XIX ғ. екінші жартысында алғашқы қауымдық құрылыстағы отбасы түрлерінің даму жолын түсіндіреді.
Алғашқы қауымдық құрылыстағы ең көне отбасы түрі топты некеге негізделген. Ондағы некелер тобы рулар ішіндегі бірімен-бірі тұстас ұрпақтар жігімен бөлінетін. Айталық, бабалар мен әжелер, әкелер мен шешелер, балалар тобында – ағалы-інілер, апалы-сіңлілер, немере мен шөбере туыстар біріне-бірі ерлі-зайыпты, яғни әр ұрпақ бір-біріне аға-қарындас бола тұра некелес болатын.
Отбасы тарихының бұдан кейінгі даму сатысы топты некенің ішінде жұп отбасының қалыптаса бастауымен, яғни қандас туыстар арасындағы некелесу ғұрпына тыйым салуына байланысты болған. Осының нәтижесінде алғашқы қауым ішінде бірімен бірі некелеспейтін «ағалы-інілілер», «апалы-сіңлілер» топтары қалыптаса бастады да, тағылық дәуірдегі топты неке біртіндеп ығысып, оның орнына жұп отбасы дүниеге келді. Жұп отбасы тағылық дәуірдің соңында қалыптасып, варварлық дәуірде әбден кемеліне келіп, қоғамдағы басты отбасы формасына айналады. Бірақ мұндағы неке беріктігі онша мығым болмағандықтан, отбасының ыдырап, ажырасуы тым оңай болған.
Алғашқы қауымдық қоғамда өндіруші күштердің дамып, еңбек бөлінісінің шығуына байланысты, қауымдық ортақ меншік орнына жеке меншіктің пайда болуы – моногамиялық отбасының, таптың және мемлекеттің шығуына әкеліп соқты. Моногамиялық отбасы варварлық дәуірдің соңғы кезеңінде басталды да, оның жұпты некенің түпкілікті жеңуі цивилизация дәуірінің басында еркектер үстемдігінің орнауымен байланысты болды. Сондықтан моногамиялық отбасы түгелдей еркектер үстемдігінің негізінде қалыптасып, жетіле түсті. Отбасы тарихының бұл кезеңінде некелесу не ажырасу тек қана еркектер үлесіне тиді де, моногамиялық отбасындағы өзара байланысты жұпты некеге қарағанда әлде қайда нығая, беки түсті.
Бұл жағдайда ескере кететін жағдайдың бірі, жоғарыда келтірілген отбасы формаларынан бұрын қалыптасқан алғашқы ру – пуналуал қандас туыс отбасынан, ал соңғы формасы ретсіз жыныстық қатынаста (промискуитет) өмір кешкен топтардан шыққандығы туралы кезінде түгелдей болмаса да, Л.Морганның пікірі тарихи шындыққа жатпайтындығын белгілі ғалым Ю.И.Семенов дәлелдеген-ді. «Қандас туыс отбасы мен пуналуал отбасына алғашқы рудың шығуынан бұрынғы кезеңдер деп қарау этнография ғылымының даму барысында толық сырылып тасталды. Отбасы және неке қатынастарының пайда болу қарсаңындағы бірден – бір кезең ретінде күшінде қалып, түбегейлі дәлелденген жай – промискуитет туралы айтылған пікір. Қазіргі кезде кеңес ғалымдарының дені рудың тікілей ретсіз жыныстық қатынаста болған адамдар ұжымының шыққандығын қолдап отыр.
Сөйтіп, топты неке – жабайылық дәуірге тән болса, жұпты отбасы – варварлық, ал моногамиялық отбасы цивилизация дәуірлеріне тән болған.
Отбасы тарихындағы мұндай неке формаларын қазақ халқының арғы тектері де басынан өткізді. Бұған дәлел ретінде сол көне отбасы түрлерінің кейбір қалдықтары қазіргі жаңа заманда да кездесіп тұратындығын айтсақ жеткілікті сияқты.
Төңкеріске дейінгі қазақ халқына тән отбасы түрі негізінен әке-шеше және үйленбеген балалардан тұратын дара, яғни шағын отбасы болатын.
XIX ғ. мен XX ғ. басында қазақ арасында негізінен дара (шағын) отбасы үстем болған. Сол дара отбасында үлкен патриархал отбасы қауымының көптеген сипаттары сақталып келген.
Үлкен патриархал отбасының Орта Азия және Қазақстан жерінде мекендейтін жергілікті халықтар арасында қашан пайда болып, қашан жойылғаны туралы белгілі ғалымдардың зерттеулерінен біраз деректер табамыз. Мәселен, С.П.Толстов көне Хорезімдегі отырықшы елдер арасында біздің заманымыздың басында үлкен патриархал отбасының қалыптаса бастап, біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығының ортасында оның әбден нығайып жеңгендігін дәлелдейді. Бұл пікірді А.Ю.Якубовский мен А.Н.Бернштам да қолдайбы. Ал Н.А.Кисляков патриархалды үлкен отбасының қалыптаса бастауы біздің заманымыздан әрірек пе деген болжау жасайды. Үлкен патриархал отбасының ыдырау кезеңі Орта Азияның әр өңірінде оның экономикалық даму дәрежесіне байланысты әр кезде басталып, сан ғасырларға созылды. Экономикалық даму артта қалған шеткері аудандарда үлкен патриархал отбасының сілемі XX ғ. басына дейін созылғандығын, көптеген авторлардың зерттеулеріне сүйене отытып, Н.А.Кисляков кейінгі еңбегінде дәлелдей түскен.
Үлкен патриархалды отбасының кейінге дейін сақталуына Орта Азия табиғи жағдайы да әсерін тигізді. Мәселен, сыртпен байланысы шамалы болған биік таулар алқабы мен құлазыған шөлді даланы мекендеген топтарда XX ғ. басына дейін үлкен патриархалды отбасы басым болған.
Деректкерге қарағанда, Орта Азияның егіншілікпен айналысқан отырықшы тәжік және өзбек халықтарында Қазан төңкерісіне дейін үлкен патриархал отбасының сақталып келгендігі даусыз.
Орта Азия мен Қазақстан жерінде ежелден бері көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан халықтар арасындағы үлкен патриархалды отбасының тағдыры отырықшы өзбектер мен тәжіктерге қарағанда ерекше. Бұл мәселе туралы белгілі этнограф С.М.Абрамзон арнайы еңбек жазып, оны негізінен дұрыс шешті. С.М.Абрамзон еңбегінде кеңес археологтарының зерттеулеріне сүйене отырып, Орта Азия және Қазақстан көшпенділерінен Жетісу, Тянь-Шань және Алтай-Саян өңіріне үлкен патриархалды отбасының қалыптасып, үстемдік етуі біздің заманымыздан бұрынғы VII-VIII ғасырларда басталып, біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығының ортасына дейін келгендігін, ал оның ыдырауы сол кезде басталып, X-XI ғасырларда аяқталғанын, яғни шағын отбасының қалыптасқандығын көрсеткен.
Отбасы тарихындағы мұндай келелі өзгеріс, ең алдымен қоғамда болған әлеуметтік – экономикалық дамудың нәтижесінде мүмкін болды, яғни жеке меншіктің маңызы біртіндеп арта түсіп, экономикалық жіктелудің айқындалуына байланысты үлкен патриархалды отбасының сыр – сипатына өзгерістер еніп, орнына дара, шағын отбасы келіп шықты. Бірақ бұдан үлкен патриархалды отбасы сол кезден бастап мүлдем жойылып кетті денген ұғым тумауы керек. Оның қалдығы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына дейін жетті. Мұндай нақтылы деректерді көптеген этнографтар еңбектерінен кездестіруге болады. Мәселен, қырғыз халқына көптеген бөлінбеген патриархалды отбасыларының кездесіп, олардың құрамы бірнеше ұрпақтан және әр отбасы 15, 30, 40 адамнан тұратындығын С.М.Абрамзон мен А.Жұмағұлов баяндайды. Ал Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қырғызстанда болған П.И.Кушнер сол уақыттың өзінде қырғыздар арасында, әсіресе кедейлер тобында үлкен отбасыларының жиі кездесетіндігін айтқан.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында түркімен халқында да патриархалды үлкен отбасының болғандығын Г.П.Васильева мен С.Н.Иомудский өз еңбектерінде баяндайды. Түркіменнің негізінен көшіп жүріп мал бағумен айналысқан, нохурли және иомуд тайпаларында кездесетін үлкен отбасылар Орта Азия көшпелілерінің арасында сақталған үлкен патриархал отбасының нағыз үлгісі тәрізді. Г.П.Васильеваның айтуынша бұндай отбасылар отбасының классикалық сипаттарымен толық үйлеседі. Олар бірнеше үйленген ұрпақтардан құралып бір жерде тұрып, бірігіп еңбек етеді, ішім – жемі де ортақ. С.Н.Иомудскийдің айтуынша, XXғасырдың басында иомудтар арасынан кездесетін бір үлкен отбасында 125 адам болған.
Үлкен патриархал отбасының бұрынғы кезде алтайлықтар мен қарақалпақтар арасында да болғандығын Л.П.Потапов пен Т.А.Жданконың еңбектерінен көреміз. Ал XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында қарақалпақта үлкен патриархалды отбасының қалдығының айқын сақталғанын тағы да Т.А.Жданконың зерттеулерінен табамыз. Жоғарыда көрсеткендей, өзбек пен тәжіктерде сақталған бөлінбеген патриархалды отбасы тәрізді жағдай қарақалпақ байларының ішінде некен саяқ кездессе, көпшілік бұқара арасында дара, шағын отбасы үстемдік еткен. Ал мұндағы үлкен патриархалды отбасының қалдығы ретінде бірнеше шағын отбасының туыстық жақындығына қарай топталып, «көше» деп аталатын бірлік болғанын атап көрсеткен.
С.М.Абрамзон дәл осы қарақалпақ отбасындағы «көше» сияқты туыстық топтың қазақтар арасында да кездесетіндігін де айтқан. Мұндай бірлікті қазақтар «ата баласы» деген. Ал Абрамзон оны үлкен патриархалды отбасының XX ғасыр басына дейін сақталған қалдығы деп қарайды. ХХ ғасырдың 24-25 жылдарында Әулие ата уезінде О.Жандосовтың басшылығымен ұйымдастырылған экспидиция деректерінің негізінде В.Г.Соколовский «Қазақ ауылы» атты еңбегі 1926 жылы Ташкентте жариялаған болатын. Соколовский көптеген ауыл-қыстауларды зерттеп, олардың әрқайсысында бір атаның балалары, яғни 3-4 ұрпақтан құралған бірнеше отбасы және олардың арасында әлі де бөлінбеген ағайындардың бірге тұратынын көрсетеді.Әрине 3-4 атаға дейін созылған туыстар арасында туыстық қатынас болады. Ол қатынастар сырт қарағанда (ХХ ғасырдың басында) патриархалды отбасының сілемі,қалдығы тәрізденгенмен, «ата балалары» арасындағы қатынастың негізгі тап мүддесімен толық үйлесетін.Өйткені өз шаруашылығын өзі жүргізетін ауқатты адамдарға төрт атаға толғанша бір қыстауда отыруға ешбір мүмкіндік болмайды. Оларға, ең алдымен қысқы жайылым жетіспейді. Мұның өзі туыстардың әрқайсысын жеке қыстауға қоңсыларымен қоныстануға мәжбүр етеді. Ал, Соколовский айтқандай, 4 атаға толғанша бір қыстауда отыратын туыстар болған күннің өзінде, олардың бірі бай, қалғандары соған тәуелді туыстары ретінде болуы шындыққа жақындайды. Мұнымен қатар, Соколовскийдің айтуынша, кейбір ауыл қыстауларында екі не одан да көп ата балалары тұруы да мүмкін, олардағы түтін саны 12-15-тен аспайтынын ескерте келіп, кей жерлерде бірнеше ауыл-қыстаулардың болуы да ықтимал дейді. Төңкеріске дейінгі бір қыстауда мұнша түтіннің тұруы олардың көбінесе кедейлер, жатақтар екенін дәлелдейді. Ал кедейлерді бір қыстауда біріктіретін негізгі фактор олардың туыстық жақындығы емес, әлеуметтік-экономикалық жағдай. Мұндай ауылдарда бір-бірінен қыз алысу сатысына дейін жеткен «аталастар» да тұруы мүмкін. Себебі бұл ауылдарда тұратын отбасылардың әрқайсысының жеке меншігінде үй-жай, қора-қопсы, малдары болғанымен, оларды біріктіретін орақ жайылым болатын-ды.
XV-XVIII ғасырларда бүкіл қазақ жұртшылығына шағын-дара отбасының тән болғандығын айта келіп, олардың дені моногамиялық некеге негізделгендігін дәлелдейді С.Е.Толыбеков. Бұл пікірдің дұрыстығын соңғы оншақты жыл ішінде Қарағанды, Семей, Павлодар, Ақмола, Шымкент, Атырау, Алматы және Талдықорған облыстарынан жиналған деректер де дәлелдей түседі. Жиналған деректер сонау XV ғасырды қамтығанмен, XVII-XVIII ғасырлардағы жағдайды дәлелдейді. Бірақ XVII-XVIII ғасырларда үстемдік еткен шағын отбасы тек сол уақытқа ғана шыға қалған деп қарау ғылыми тұрғыдан үлкен дәйексіздік болар еді. Сондықтан ол құбылыс үстемдік еткендей дәрежеге көтерілу үшін қанша уақыт өсіп, жетілу керек. Осы тұрғыдан қарағанда, С.Е.Толыбеков пікірінің дұрыстығына күмәндануға болмайды.
Қазақ жұртшылығында шағын дара отбасының XV-XVII ғасырлардың өзінде үстем болғандығына ежелден бері қалыптасқан отауға енші бөліп беру дәстүрінің өзі-ақ бұлжытпас дәлел болғандай. Бұған қосымша кең байтақ Қазақстан өлкесін аралап жүргенде, қарттардың: «Бізде жеті атамыздан бері қарай бірде-бір үлкен патриархал отбасының болғандығын естіген емеспіз» дегендері де дәлел сияқты.
Пікірімізді дәлелдеу үшін солардың жазып алған деректердің кейбіреулерін келтіре кеткен жөн болар. Мәселен, Баянауылдық Ағыбай, Арғынбай, Қайыржан және Смағұл Қақабайұлдары мен Қадыр Байжанұлы сияқты қарттардың әрқайсысы 50-60-жылдары 60-80 жасқа келіп, немере сүйген адамдар. Бұлардың немерелерінен санағанда 8-ші атасы Самырза дейтін малды адам болыпты. Орта есеппен 4 атаны бір ғасыр деп есептегенде, Самырза XVII ғасырда өмір сүрген адам. Самырзан туған Байғана, Айғана, Тайғана және Мешітбай дейтін балалары әкесінің тірі кезінде енші алып, әрқайсысы жеке үй болып тұрған. Бұлардың өзара қарым-қатынасы жайлы сөз етсек, мұндай туыстар арасында үлкен патриархалды отбасының нышаны да болмаған, қайта туысқандар ұрпағы бір-біріне қиянат жасаумен болған. Мәселен, Байғананың 9 ұлы, ұлы болмаған Мешітбайға қиянат жасағандығын Мешітбай әулеті қазірге дейін естерінде сақтап келеді. Сөйтіп, XVII ғасырдағы бұл шындық атадан балаға ауыса отырып, осы уақытқа дейін жетіп отыр.
Жалпы қазақ халқы, оның ішінде көпті білетін қария адамдар орталарында патриархалды отбасы болғандығы туралы ешбір тарихи шежіре білмейді. Мұның өзі қазақ жұртшылығында үлкен отбасы ертеректе ыдырағандығын дәлелдейді. Қазақ өлкесінде үлкен патриархалды отбасының ертерек ыдырауына көптеген жағдайлар себепкер болды. Ең алдымен, қазақ қауымындағы таптық жіктелудің күннен-күнге күшейіп, патриархалдық тәртіптің әлсірей түсуі әсер етті. Әсіресе ежелден бері көшпелілік және жартылай көшпелілік жағдайда мал өсіріп, күн көру үлкен патриархалды отбасын сол қалпында сақтауды керексіз етті. Сонымен қатар, қазақ арасында әйелді қалыңмал беріп, айттырып алу мен ұзатылған қызға міндетті түрде жасау беруге байланысты туысқандар арасында мал және мүлік теңсіздігін туғызу факторы үлкен патриархалды отбасының сақталуына қарама-қайшы келді. Қазақ елінде ежелден қалыптасқан экзогамиялық (белгілі бір туыстық шеңберінде қыз алыспау) тәртіпті сақтай отырып неке құру, яғни келіндер арасындағы өзара туыстық нышанының мүлдем болмауы да үлкен патриархалды отбасының ыдырауына әсерін тигізді. Қазақ байларының көп әйел алу әдеті үлкен патриархалды отбасының ыдырауына өзінше әсерін тигізді. «Екі қатынның баласы екі рулы ел» деп халық тегін айтпаған, ыдыраудың зор дәлелі осыдан көрінеді. Көп қатынның балалары өзара сиыспаған соң, әр қатынға енші бөліп, оларды бөлек отырғызатын.
Шамасы келген әкелердің үйленген балаларына енші беріп, отау етіп бөлек шығару дәстүрі де үлкен патриархалды отбасының ыдырауына үлкен септігін тигізді. Ал қазақ арасында балаларына енші беріп, бөлек шығару тек ХІХ ғасырда қалыптасқан әдет емес. Оның тарихы ертеректе жатыр. Ескі жазуларға үңілгенде енші бөліп беру ХІІІ ғасырдан белгілі болып отыр. Олай болса, жоғарыда айтқандай, ертерек шешіліп, тек оның кейбір сілемдері ғана сақталған. Мәселен, «қара шаңырақты қадірлеу» деген сияқты.
Үлкен патриархалды отбасында әке үкімі шексіз болған. Әке өлген соң оның орнына отбасы бастығы боп қалған үлкен ағаның үкімі барлық басқа отбасы мүшелері үшін заңды болған. ХІХ ғасырда қазақтағы дара шағын отбасы үстемдігінің кезінде де әкесінен бөлініп, өз алдына жеке үй болып кеткен ұлдарына әкесінің не үлкен ағасының белгілі мөлшерде ықпалы жүретін. Шаруашылығы бөлек болғанымен, барлық балалары әкесімен ақылдасып, көпшілік жағдайда оның айтқанын екі қылмайтын, қыстағы бөлек болғанымен, өз алдына жеке ауыл қатарына қосыла қоймаған туысқандарының өзі жазда бір жайлауға жиналады. Бірақ қотандас болмай, жеке – жеке жұртта отыратын, кейде тіпті мал суаратын құдықтары да бөлек болатын. Мұндай жағдайда көбінесе «үлкен үй» деп аталатын атасының не әкесінің үйінде түскі қымызды бір жерге жиналып ішісетін. Кейде қымыз басарға да сол үйде жиналуы мүмкін. Үлкен үйдің бүкіл шаруашылығына бөлініп кеткен балалары әрдайым жәрдем беріп тұрумен бірге, керек болған жағдайда отау үйлерге әке шаңырағынан берілетін көмек те аз болмайтын. Үлкен үйдің шаруасын әрбір отау иелері өзінікіндей санап, ол үйден көмек дәмететін, жетпегені болса алып тұратын. Кенже бала, қазақ дәстүрі бойынша, әкенің мұрагері есебінде әкесінен бөлінбейтін де, оның шаңырағына, мал – мүлкіне ие боп қалатын.
Әдетте әке шаңырағы «қара шаңырақ», «үлкен үй» атанады. Әкесі өліп, кенже баласына не кейінгі ұрпақтарына ауысса да, «қара шаңырақ» сол қалпында сақталып, әкесінен тараған барлық ұрпақ үшін қадірлі, қасиетті орда есебінде болады. Оған барлық отаулар, ұзатылған қыздар, құдалар әр түрлі сыйлықтар, соғым сойғанда сыбаға әкеліп таратады. Қара шаңырақты қадірлеу ата–баба аруағын қадірлеуімен байланысты нанымның бір түрі болумен бірге, бұдан үлкен патриархалды отбасының ыдырау кезіндегі дара, шағын отбасының арасындағы патриархалдық қатынастардың сілемін сақтай түсу нышанын байқауға болады.
Көп әйел алған қазақ байлары олардың әрқайсысын балаларымен бөлек ұстайды, әрқайсысына енші бөліп береді. Мұндағы мақсат - әке өлген соң әр әйелдің балалары бір-бірімен тату, тыныштық сақтап тұрсын деген тілек еді. Әдетте бәйбіше балалары тоқал балаларына есе бермей, оларға қиянат жасауға тырысады. Нәтижесінде олардың арасы насырға шабатын. Мұндай жағдайды болдырмау үшін үй қожасы әрбір әйеліне жеке-жеке шаруа бөліп беретін де, оған әрбір әйелдің кенже баласы иелік ететін. Әйелдің үлкен балалары өз шешесінің еншісінен үлес алып, бөлініп шығады. Кенже балаларға тиісті үлес, басқа балаларға қарағанда екі есе артық болады. Өйткені бірі өз үлесі болса, екінші шаңырақ үлесі, яғни үлкен үйдің сыбағасы болып есептеледі. Қазақ дәстүрінде бәйбіше балалары мен тоқал балаларының әке мұрасына қатысты салмағы бірдей болмайды. Сондықтан әкесінің нағыз қара шаңырағына бәйбішеден туған кенже бала ие болу керек. Кенже баланы бөліп шығармай, оның қолында болу дәстүрі тіпті осы кезге дейін сақталып келді.
Көп балалы ата-аналар ержеткен балаларын мезгілінде үйлендіріп, оларға енші беріп, бөлек шығарып отырады. Әдетте кенже бала ержетіп үйленгенше, тіпті кейде шаруашылыққа әбден қартайғанша әкенің өзі басшылық етеді. Халық дәстүрі бойынша кенже інісі үйленіп, шаруашылықты өз қолына алғанша қартайған әке-шешенің шаруасына үлкен бала мен келін көмектесу керек.
Мұндай жағдайда әкенің басшылығымен бір отбасы болып үш ұрпақ - әке–шеше, үйленген бала әйелімен және немерелері бірге тұрады. Бұл отбасында әкенің үйленбеген інілері мен кіші балалары да бірге тұруы ықтимал. Міне, осы жағдайлардың бәрі бір уақытта үстем болған үлкен патриархалды отбасының шарқыншағы деуге болады.
Балаларына енші беріп бөлек шығару әдеті негізінен олардың үйленуіне байланысты болады. Жаңа түскен келін әдетте 1-2 жыл ата-енесімен бірге тұрып, әр нәрсеге үйреніп, өз бетінше үй болып тұруға дағдыланған соң өз алдына отау болып бөлінетін де, еншісін алатын.
Ержетіп үйленген балаларды енші беріп, жеке шығарудың саяси шаруашылық маңызы зор болды. Бұл әсіресе әкенің қоғамдық ықпалын көтеруге септігін тигізеді. Оның үстіне қазақ отбасында әкенің бірнеше үйленген балалары, олардан туған немерелерімен бірге үлкен отбасы қалпында тұра беру көпке созылмайтын. Өйткені, ең алдымен, өз ауылындағы түтін санын көбейтіп, жаңа қоныстарға ие болу үшін шамасы келген әрбір әке үйленген балаларын бірінен соң бірін бөліп отыруды мақсат етсе, екіншіден, бөтен елден өз отауымен, төсек-орнымен, киім-кешек, ыдыс-аяқ, мінер ат, сауар сиыр және көлігімен түскен келіндер арасындағы келіспеушіліктер де үлкен отбасы бірлігін ыдыратуға әсерін тигізетін. Олай болса, үйленген, өз шаруашылығын өзі басқаруға жараған балаларды отау иесі ретінде бөлу, күнделікті өмір талабына сай қалыптасқан қажеттілік екені даусыз.
Кейбір жағдайларда, мәселен бұрынғы өлген әйелден туған балаларын үйлендіріп, енші беріп, бөлек шығарғанда, онымен бірге үйленбеген інілерін бірге шығарып,оларға да енші беретін. Қазақ ғұрпы бойынша, мұндайларды еншілес аға, іні дейтін. Әдетте ағасымен еншілес болған ініге қалыңдық айттырып, қалыңмал төлеу әке мойнында болады. Кейде қалыңмалды еншісіне қосып та беруі, не өзінде қалдыруы да мүмкін.Мұның бәрі тікелей әке еркімен отбасындағы әр түрлі жағжайларға қарай шешілетін.
Үйленбеген баласына енші беріп, бөлек тұратын үлкен баласының қолына жіберудің өзі, жоғарыда айтылғандай, екі не одан да көп әйел алған байлардың немесе алғашқы әйелі өліп, екінші әйел алған кездегі жағдай.Өйткені алғашқы әйелден туған үлкен баласы үйленіп бөлек шыққанда, онымен бірге туған жас інісін кей уақытта соның қолына шығарады да,оған енші бөледі. Мұндай балалар, біріншіден, ағасының шаруашылығына көмектесіп септігін тигізсе, екіншіден, тоқалдан туған басқа да баласы бар әкеге жеңілдік туғызады.
Қай баласына болсын енші беріп, бөлек шығарарда ағайын-туыстарын жиып, малын сойып кіші-гірім той жасайды. Қария адамдар жаңа отауға береке-бірлік, мал мен бастың көп болуын тілеп батасын береді. Әке шаңырағынан бөлінген жаңа отауға туған-туыстары өз әлінше мал мен мүлік қосады,оны халық тілінде «жылу», «тамыздық», «немеурін» деп атайды. Бір әдеттің бұлайша үш түрлі аталуы бертінде, көмектің аз-көптігіне қарай қалыптасқан. Оның ең көбі – жылу. Отауға берілетін барлық меншікті малға жаңа ен салатын.
Отау үйге берілетін енші мөлшері әкенің байлығына, бала санына байланысты болатын. Бөлек шығатын отаудың басында жазғы, қысқы үйі, алдында малы және т.б. үй-мүліктері болуы керек. Киіз үй мен оның жабдығы көбінесе әйелінің жасауымен келетін, ал келмеген жағдайда әкесі отау көтеріп беретін.
Жартылай отырықшы өмір сүрген қазақтарда бөлек шыққан балаларына туысқандары жиналып үй, қора, ауқатты адамдар бөлек қыстау салып беретін. Қолы қысқа, мүмкіндігі аз болса ағайынды 2-3 жігіт бірлесіп ортақ қора, ортақ қыстау салатын. Бірақ, бұлардың әрқайсысының тұрғын үйі, шошаласы, қи қорасы бөлек болатын да, тек шөп және мал қоралары ортақ болады. Әрқайсысының бала-шағалары қашан ержетіп, өз алдына үй болуға жарағанша осылай жартылай «еншілес» болып бірге тұра берген.
Әке үйінен бөлінетін еншінің негізгі түрі үй-жай, қора-қопсы, мал, шабындық болатын. Еншіге салт мінетін ат, жүк артатын көлік, сауын сиыр, сауын бие және қой түліктерінен бөлінетін. Еншінің мөлшері әке байлығы мен балаларының санына байланысты дедік жоғарыда. Мұнымен бірге әр әкенің шаруашылығының ерекшелігіне, балаларының шаруа ұстап, басқарудағы ыңғай-икемділігіне қарай, еншісін алып бөлек қыстауда тұрғанмен, балаларына жылқы еншісін бермей, бар жылқыны өз қолында ұстап, отауларға керек кезінде соятын мал, уақытша мінер ат, көлік сауын бөліп тұруды қолайлы көретіндер де аз болмайтын. Мұның себебін мұндай отбасында жылқы түлігінің тым шағындығынан деп білу керек. Өйткені аз жылқыны әр баласына бір-бір айғыр үйірінен бөліп бергенімен, оны қысы-жазы бөлек бағу мүмкін емес, тіпті бөлек болғаның зияннан басқа пайдасы болмайды.
Қазақты жылқының жорасы бойынша ұлға енші беру заңды түрде орындалса, ата мүлкінен үлес алу ұзатқан қыздың да сыбағасы болып табылады. Халық тілінде оны «төркіндеу» деп атайды. Сондықтан шағын дәулеттілер шамасына қарай ұлдары мен қыздарының енші-сыбағасын, қалыңмал жасауға шығатын шығынды жан-жақты есептеп, алдын ала бөліп қоятын.
Бірнеше мың айдаған байлар үйленген балаларына енші берерде бар малын жоғарыда айтылғандай бөліп жатпайды. Айталық: 100 қой, 30-40 жылқы, оншақты сиыр, 4-5 түйе бөлінсе отауға жетеді. Мыңдаған малы бар байдың шаруашылығы да бұдан ойсырамайды. Баласы аз ірі байлар еншіні одан да артық етіп бөлетін. Әке малы көп болса, бұрын бөлініп, еншісін алған ұлдарының малдары шағын болса, өмірінің соңғы шағында оларға тағы да мұра есебінде үлес беру әке еркінде болады. Бұрын баласы еншісін толық алғандарына қарай әке өлерінде ештеңе қалдырмауға да ерікті.
Загрузка...


Уважаемый пользователь! Материал может содержать устаревшие данные, ошибки (устаревшую экономическую статистику, утратившую силу закона, нормативные акты и т.п.). Поэтому перед сдачей рекомендуем самостоятельно проверить содержание работ.
Желаем успехов!

Категория: Саясаттану | Добавил: Admin
Просмотров: 4506 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0

Это может Вас заинтересовать:
Махмұд Қашқари
Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы
Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы...
Жамбылдың ұстазы еді Майкөт ақын
Жиренше шешен
Қазанғап күйші
Қазақстан Республикасы, туризм, туристік нысандар
Қазақстан Республикасы, топырағы, өсімдіктері, жануарлары
Шылым шегудің алдын алу
Салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің құрылымы мен жүйесі
Қазақстан Республикасының климаты
Валеология бойынша бағдарламаны енгізу
Жапонияның тарихы
Құранды түсіну
Текстік құжатты редакциялаудың базалық функциялары