Приветствую Вас Абитуриент • Регистрация • Вход • RSS
Воскресенье, 11.12.2016
Загрузка...
Главная » Работы » Рефераты на казахском » Саясаттану

Әке мұрасы және мұрагерлік құқы
Загрузка...
Қазақ арасындағы әке мұрасы мен мұрагерлік құқы өз алдына бөлек сөз етуді қажет ететін қызық мәселенің бірі. Бұл мәселеге ежелден бері көңіл бөлінуде, тіпті Тәуке ханның «Жеті жарғысында» да ол көрнекті орын алған.
Қазақ – қазақ болғалы, әке артында қалатын мұраға жазба түрде өсиет қалдыру дәстүрі болған, өкінішке қарай, сол өсиет жазылған деректердің бірде-бірі біздің заманымызға келіп жетпеген. Жазба өсиетпен қатар, куәлар алдында марқұмның өлер қарсаңында ауызша айтатын өсиеті болған. Мұрагерлік өсиетті бұлжытпай орындауға тырысатын. Осы әдет-ғұрыптар жөніндегі деректер төңкеріске дейінгі көптеген авторлардың баяндауы мен архив қоймаларында жақсы сақталған. Қазақтың әдеттік хұқы бойынша, әке мұрасына иелік ететіндер марқұмның балалары, әйелдері, аға-інілері, жақын туыстары, қала берді аталас ағайындары болатын. Мәселен, 1907 жылы Баянауыл аймағында өмір сүрген баласыз Дүржан деген кісі өлгенде оның көптеген малына, мүлкіне аға-інілері, олардың балалары, тағы өзге туыстары мұрагерлік еткен. Оның қара шаңырағы мен жас тоқалына інісінің баласы ие болған.
Осындай әдеттік құқықтың қазақ арасында күшті болуының салдарынан меншігіндегі мал-мүлкін өлер алдында өз туысынан басқа бөтен адамға қалдыруға қақысы болмаған. Тіпті өлер алдында тікелей мұрагері болмағандықтан, мал-мүлкін түгелдей бөтен рудың біреуіне қалдыруға өсиет еткеннің өзінде, марқұмның руластары бұл мәселені билер алдына қояды. Ал билер мұндайда мұраны өлген адамның руына қалдырып, өсиет етілген адамға жолын беріп риза ететін. Кейбір жағдайда қимас досына мұра есебінде бергісі келген малын, затын өз мұрагерлеріне тапсырып кетуге ерікті болған. Мұндай өсиетті кезінде жақсылығы өткен сыйлас досына тіршілігінде қаруын қайтара алмай дүниеден өтетін адамдар «ана дүниеде» қарыздар болмау үшін де жасайтын.
Өлген әкенің артында мұра есебінде мал, жер-су (қыстау), үй-жай, мүлік, ақша және жесір қалады. Тіпті ертеректе әке мұрасына құл мен күң де енетін. Мұндай мұраны әке өлгеннен соң бөлісу мәселесі әр түрлі жағдайларға байланысты орындалатын. Ол жағдайлар негізінен өлген адамның жасына байланысты болатын.
Егер әке орта жастан асып немесе қартайып өлген уақытта ол өзінің тіршілігінде артында қалатын мұрагерлеріне тиісті үлесін беріп, «ұлын ұяға, қызын қияға қондырып», үлгерген жағдайда қара шаңыраққа, мал мүлкіне ешкімнің дауы болмай, оған енші алмаған кенже баласы Түгелдей ие болады. Мұндай жағдайда әке артында тірі қалған шеше алдында екінші рет күйеуге шығу мәселесі күн тәртібінде болмайтындықтан, «мирас» қатарынан шығып қалады да, кіші баласының үйінде отыра береді.
Тіршілігінде көп әйел алып, олардың еншісін әуелден бөлек ұстаған жағдайда, мұраны әр әйелдің бөлінбеген кенже баласы иемденетін. Әйелдер және олардан туған балалар арасында да мұра үшін дау-шар болмайтын. Егер әйелдердің арасында жасы болса, ол әмеңгерлік әдеті бойынша жақын әмеңгерінің біріне өзіне тиісті үлесімен тұрмысқа шығатын. Мұндай әйелдердің жас балалары болса, олар да өзімен бірге болатын.
Әке жастай өліп, артында жас балалары мен жас келіншегі қалса, жоғарыдағы айтылған әмеңгерлік әдеті бойынша, өлген адамның бірге туған ағасы не інісі, ондай туысы болмаса – немере, шөбере туысқандары, қала берді аталас ең жақын жанашыры жеңгесіне үйленіп, балаларын өз қамқорлығына алатын да, мал-мүлікке заңды түрде иелік ететін.Жесір қалған ана күйеуге шықпай, балаларын бағып отыра берем десе, оған зорлық жасамайтын. Бүкіл туыстар болып жетім қалған балалар мен жесір келін не жесір жеңгеге қамқорлық жасайтын. Жесір әйел әмеңгерлік әдетке мойынсұнбай, басқа біреуге өз еркімен тұрмысқа шықысы келсе, немесе төркініне кетпек болса, оған өзінің киім-кешек, төсек орны мен мінер атынан басқа ештеңе берілмейді. Әрине, төркінінен келген жасауынан сақталғандары болса, оған ешкім таласпайтын. Бірақ тиген күйеуінен айып есебінде үш тоғыз не бір қызға берілетін қалыңмал алынатын. Шешесі басқа күйеуге шығып кеткен жағдайда, жас балалар әкесінің туыстарында қалатын да, әкеден қалған мал-мүлік олардың қамқоршысының қолында болатын.
Өлген адамның артында ешбір бала қалмаса, жесір әйел мал-мүлкімен әмеңгеріне қосылады.
Өлген адамның артында үйленген, бірақ еншісін алмаған балалары үйленбеген балалары және жесір әйелі қалса, әкесінің жылын өткізген соң үйленгендері енші бөліскісі келсе, ауыл ақсақалдарын жинап, мал сойып, мал-мүлікті бөліп беруін сұрайды. Мұндай жағдайда ауыл ақсақалдары енші бөлісетін туыстарымен ақылдаса отырып іске кіріседі. Үйленген бала біреу ғана болса, әкенің бар мал-мүлкі соның қолында болады. Оның қоғам алдындағы міндеті үйленбеген інілерін үйлендіріп, оларға тиісті еншілерін беру. Ал үйленген балалар екеу болған күнде, олардың келісуі бойынша, үйленбеген балалардың болашақ қалыңдығы үшін берілетін қалыңмалды шығарып, қалған малды балалар мен жесірге тең бөледі. Жесір шешенің үйленбеген балаларымен бөлек отыра беруі де мүмкін немесе үйленген баласының бірінің қамқорлығына алынуы да ықтимал. Жесір жас болса, жеткіншек балаларымен, өзіне тиген үлесімен әмеңгері қосылуға ерікті. Мұндай жағдайда әкеден қалған мұра үйленбеген балаларының қалыңмалынан аспайтын болса, еншіге ештеңе бөлінбейді. Сырдария өлкесінде тұратын қазақтардың әдеті бойынша, егер үйленбеген екі ұл, айттырылмаған бір қыз әкеден қалған жағдайда, әке мұрасы екі қалыңмалға жетпесе, біріне қалыңмал ретінде мал бөлінсе, екіншісіне қарындасынан алынатын қалыңмал беріледі.
Әке-шеше бірдей өліп, артында ылғи жас қыздар қалған жағдайда, әкеден қалған мал-мүлік оның аға-інілеріне ауысады, онымен бірге қыздар да солардың тәрбиесінде болады.Халық дәстүрі бойынша, олар жетім қалған қыздарды өсіріп, өсиет алмай кетсе, әкенің жақын туыстары әке мұрасын асырап алған ұлға билетпейді. Оған әдеттегі туған ұлға берілетін енші мөлшерін толығынан беріп, үйленбеген болса қалыңмалын қоса беріп, өз еліне аттандырып, қалған мал-мүлікті туыстар өзара бөліседі. Өйткені толып жатқан мал мен мүлікті асырап алған ұлға түгел жіберуге қалған туыстар қимайтын да, өздерінің де мұраға ортақ екенін дәлелдеп, әрқайсысы өз үлесін алуға тырысатын.
Өлген адамның артында бір атадан туған немере, шөбере туыстары болмаса, аталас ағайындары қалған мұраны бөлісетіндігі – бұрынғы рулық құрылысты елестетеді.
Мұра және мұрагерлік мәселесіне тікелей қатынасы бар тағы бір жай – жасауымен келген әйел жастай баласыз өлсе, жасаудың негізгі бөлігі төркініне қайтарылады. Мұндай жағдайда отау, төсек орын, сәукеле, ер-тұрманымен, бір ғана қыз қалса, жоғарыда айтылған мал-мүліктің жартысы ғана қайтарылады, ал ұл қалса, ешнәрсе қайтарылмайды.
Ал архив қоймаларына көз салғанда, баласыз өлген жас әйелдердің жасауын даулаған деректер болғанын көреміз. Бұған қарағанда, күйеуі мен құдасына бір нәрседен көңілі қалып өкпелеген жағдайда жасауы дау болған сияқты. Сөйтіп, ертеректе жасаудың қайтарылуы міндетті болғанымен, кейін бұл салт ұмытылған болуы керек.
Ел аузынан жиналған соңғы деректерге қарағанда, жоғарыдағыдай, мал мен мүлікті міндетті түрде, қайтару шарт емес. Қалыңмалы толық алынып ұзатылған қызға берілген жасауды даулау әдетке айналмаған. Қарттардың айтуынша, өлген қыздарының белгісі ретінде төркініне сәукелені қайтару әдеті болған көрінеді. Өйткені сәукеле қызға арналып жасалған қуаныш белгісі болғандықтан, төркіндері оны «пәлен жанның сәукелесі» деп, оның көзіндей көретін ескерткіш ретінде қалдырады.
Сонымен, қазақ халқы әдеттік құқ негізіне сүйене отырып, әке мұрасына иелік етіп, оны мұрагерлер арасында дұрыс бөлісуге көп мән берген. Әкеден қалған мал мен мүлікті орын – орнымен бөлісу үстінде адамгершілікке жатпайтын дүниеқорлық, озбырлық қылықтарды істеп, алауыздықтың тууына көбінесе жол берілмейді. Мұны жоғарыда баяндалған мұрагерлік құқығының сан алуан түрлері қазақтың әдеттік ережелеріне өте орынды ескертілгендігінен де байқауға болады. Марқұмның өлердегі өсиеті, артында қалған жас балаларының, жесірінің, қарашаңырағының, тіпті енші алып бөлек кеткен балалары мен ұзатылмаған қыздарының мүддесі және өліктің жетісін, қырқын, жүзін, және асын беру шығындары түгелдей ескеріледі.
Загрузка...


Уважаемый пользователь! Материал может содержать устаревшие данные, ошибки (устаревшую экономическую статистику, утратившую силу закона, нормативные акты и т.п.). Поэтому перед сдачей рекомендуем самостоятельно проверить содержание работ.
Желаем успехов!

Категория: Саясаттану | Добавил: Admin
Просмотров: 1718 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0

Это может Вас заинтересовать:
Абай мен Ыбырай шығармаларындағы үндестік
Денсаулықты сақтау мен нығайту
Ақыт қажының Жиһаншаһ дастанындағы Шаһзада бейнесі
Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастар
Шылым шегудің алдын алу
Тастанбекқызы Сара
Марат Отарәлиев: «Тағдырмын ерте жоғалған...»
Дәрілік өсімдіктермен емдеу
Бекболат батыр
Ғарифолла Құрманғалиев
Жасуша теориясы
Ислам әлемінің мәдениеті
Электрокардиографтың құрылысы, жұмыс істеу принципі
Абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметханұлы
Ре – мажорлық №104 симфония