Приветствую Вас Абитуриент • Регистрация • Вход • RSS
Суббота, 21.4.2018
Загрузка...
Главная » Работы » Рефераты на казахском » Қазақстан тарихы

Алаш
Загрузка...
ЖОСПАР

КІРІСПЕ

Алаш қозғалысының бастау көздері
«Алаш» партиясының құрылуы
Алаш партиясының бағдарламасы.
Алашорда үкіметі

ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

КІРІСПЕ

1991 жылдың желтоқсан айында қазақ халқы өзінің ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз мемлекет мәртебесіне қол жеткізгеннен кейін төл тарихымыздың қасақана бұрмаланып, мән-мағынасы шындыққа жанаспайтын тұрғыда баяндалып келген мәселелерін қайта жазып, жұртшылыққа жеткізуге мүмкіндік туды. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде елеулі рөл атқарған Алаш қозғалысы, "Алаш" партиясы және Алашорда үкіметі тарихын зерттеуді жан-жақты, әрі терең ғылыми тұрғыда жалғастыру міндеті тәуелсіз Қазақстан тарихшыларының еншісіне тиді.
Алаш немесе Алашорда қозғалысы мәселесінің ғылыми жан-жақты, толық әрі шынайы тұрғыдан зерттелінуі КСРО ыдырағанға (1991 ж) дейін мүмкін болмады. Міне қазіргі таңда осы мәселенің сан алуан қырларын зерттеп жүрген тарихшыларымыз бірнеше еңбектерді жарыққа шығарып та үлгерді. Мен өзімнің жұмысымда сол еңбектерге арқа сүйедім.

Алаш қозғалысының бастау көздері

1917 жылдың басында Ресейдің төңкерістік жаңа толқыны көтерілді. Империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихатталды. Патша өкіметі бұқараның жаппай қарулануынан қатты сескене бастады. Төңкерістік дағдарыстың пісіп-жетіліп келе жатқандығы ұлт аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда да сезілді.
1917 жылы 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық төңкеріс жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, министрлер мен көрнекті шенеуніктер тұтқынға алынды. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша шенеуніктері, эсерлер, меньшевиктер және буржуазиялық ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша үкімет органдарымен қатар халықтық өкіметтің жаңа органдары жұмысшылар, шаруа және солдат депутаттарының кеңестері құрылды.
Патша өкіметінің құлатылуын Қазақстан еңбекшілері саяси және ұлттық азаттық алудың бастамасы ретінде қабылдады. Төңкерісшіл халық бұқарасының белсенді қимылдары нәтижесінде өлкеде бұрынғы өкімет өкілдері орындарынан түсіріліп, тұтқынға алынды. Буржуазиялық-демократиялық ақпан төңкерісінің жеңіске жетуі өлкедегі еңбекшілердің саяси белсенділігін арттырды.
Уақытша үкіметтің Қазақстандағы жергілікті органдары кулактарға, казактардың басшы топтарына, қазақ ауылдарының бай-манаптарына арқа сүйеді. Олар жұмысшылар мен еңбекшілердің революцияшылдық шабытын әлсіретуге тырысты, халықты тонауларын жалғастыра берді, бұқараны империалистік соғыстың ауыртпалықтарын өз мойындарымен көтеруге мәжбүр етті. Қазақтарды саяси құқықтарынан айырған ескі заңдар күшінде қалды, орасан зор жер иеліктері мен орыс-казак әскерінің сословиелік артықшылықтары сақталды, қазақ халқының таңдаулы жерлерін тартып алушы Қоныс аудару басқармасы өз қызметін өзгертпеді. Сөйтіп, Уақытша үкімет Қазақстанда бұрынғы патша өкіметінің саясатын одан әрі жалғастырды. Өйткені бұл жаңа үкімет органдары өзінің әлеуметтік құрамы, басқару әдістері жағынан революцияға дейінгі патша әкімшілігінен айнымай, жергілікті халыққа олар қалай қараған болса, солай қарады.
Осы кезде Омбы, Орынбор, Ташкент, Семей т.б. қалалары оқу орындарының қазақ жастары алғашқы кезде мәдени-ағарту істерімен шұғылданған жастар үйірмелері мен ұйымдарын құрды. Орынборда "Еркін дала", Омбыда "Бірлік", Оралда "Жас қазақ", Троицкіде "Үміт" деп аталатын және басқа жастар ұйымдары, 20 шақты үйірмелер мен топтар пайда болды. Олар халық арасында листовкалар, сол күндердің көкейтесті мәселелеріне арналған тақпақ-өлеңдер таратты, ойын-сауық кештерін, айтыс-талқылаулар т.б. ұйымдастырды. Бұл ұйымдардың белгілі бір бағдарламалары болмады, әлеуметтік құрамы жағынан да біркелкі емес еді. Алайда, олар қазақ халқын патша өкіметінің ұлттық орталық езгісінен азат етуді шын пейілдерімен қалады, өз халқының білім алуын талап етті, еңбекшілердің санасында ұлттық бірлік, бостандық пен тәуелсіздік идеяларын оятуға ұмтылды. Осы топтар мен үйірмелер арасынан неғұрлым батыл революциялық бағдарламамен әрекет жасағаны Әулиеата уезінде Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған "Қазақ жастарының революцияшыл одағы" еді. Оның құрамына қазақ халқының орташа және кедей топтарынан шыққан алдыңғы қатардағы жастар енді.
1917 жылдың жазына қарай қазақтың либералдық-демократиялық қозғалысы жетекшілерінің Уақытша үкіметке деген сенімі әлсіреді. Өйткені уақытша үкімет Қазақстанда түбірлі әлеуметтік–саяси мәселелер бойынша іс жүзінде құлатылған патша үкіметінің саясатын жүргізумен болды. Өзінің мәні жөнінен империалистік билеу мен басқару органы болған Уақытша үкімет нағыз демократиялық тұрғыдан ұлт және аграрлық мәселелерді шешу тұрмақ, оған талпыныс та жасамады. Басқа езілген халықтар сияқты, қазақ халқының өзін-өзі билеу, Қазақстанның өз алдын ұлттық-территориялық автономия болуы жөніндегі мәселені мемлекеттік дәреже деңгейіне көтереді деген үмітті Уақытша үкіметтегі шешуші позицияға ие болып отырған кадеттерге деген Ә.Бөкейхановтың көзқарасы күрт өзгереді.
Ә.Бөкейханов кадет партиясынан ат құйрығын үзуін қазақ қауымы үшін өмірлік маңызды үш мәселе жөнінен - аграрлық, ұлттық-мемлекеттік құрылыс және дін мәселесі бойынша келіспегендіктен дейді. Осы басты мәселелер мен олармен тығыз байланысты басқа да күрделі проблемаларды талқылау үшін бүкілқазақтың съезд шақыруды дұрыс деп тапқанын ашық мәлімдейді. Бұл оның көзқарас эволюциясының либералдық-демократиялықтан ұлттық-демократиялыққа қарай өзгеріске ұшырағанын көрсетті. Осының нәтижесінде Ә.Бөкейхановтың кадет партиясынан іргесін аулақ салып, енді қазақ автономиясын құруға мұрындық болуға тиісті ұлттық-саяси партия ұйымдастыруға бел шеше кірісуі үлкен саясаткерге тән батыл қадам болды.
«Алаш» партиясының құрылуы

Бұл кездегі империя көлемін қамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында Орынбор қаласында шоғырланған қазақ оқығандары өзара кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдады. Олар "Қазақ" газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдады.
Бірінші бүкілқазақтық съезд 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өтті. Оған Ақшала, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария облыстары мен Бөкей ордасынан, сонымен қатар Ферғана облысының қазақтар мекендеген аудандарының өкілдері қатынасты. Съезге қатынасушы саны аса көп болмағанына қарамастан (20-дан адам), оның күн тәртібіне сол кездегі Қазақстанның әлеуметтік–экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тікелей қатынасы бар аса маңызды 14 мәселе енгізілді.
Халел Досмұхамбетовтың төрағалығымен, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлимұхамбет Көтібаровтың, Міржақып Дулатовтың және Асылбек Сейітовтың хатшылығымен өткен бірінші жалпықазақтық съезд делегеттары осы 14 мәселенің ішінде өздерінің басты назарын ұлттық автономия, жер құрылтай съезіне дайындық және қазақтың саяси партиясын құру проблемаларына аударды.
Бірінші жалпықазақтық съезд маңызды мәселелердің бірі - қазақ саяси партиясын құру.
Жаңадан құрылған партия “Алаш” деген атқа ие болды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты қазақтың либералды–демокартиялық интелигенциясының көсемдері басқарған «Алаш» партиясының құрамына әуел бастан-ақ қазақтың ғылыми және шаруашылық зиялыларының белгілі өкілдері – М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Жаһанша Досмұхамедов, М.Дулатов т.б. кіреді.
Сондықтан да олар өз күресін жалпыұлттық мүддеге негізделген “қазақ халқын отарлық езгіден, құтқару үшін” деген ұранның астында топтастыруға бағыт алды. Бұл бағытты жүзеге асырудың басты құралы – бірінші жалпықазақтық сьезде дүниеге келген «Алаш» партиясы болу керек деп түсінді.
1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда болған "Бүкіл қырғыздық" съезде "Алаш" партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оның құрамына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т. б. кірді.
1917 жылғы “Қазақ” газетінде қарашаның 21–күні жарияланған «Алаш» партиясы жобасында өз бейнесін тапты.
Алаш партиясының құрамы. Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 ж. Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін “Қазақ” газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне “Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін” ұсынып, оған мынадай негіз келтіреді: “Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары программасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса программасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасалмайынша болмайды”. (“Қазақ”, 1917, N 234). 1917 жылғы 21–26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: “Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съез “Шора-и исламға” сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық, федеративтік, парламенттік республикаға құрылмақ...”. Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Бөкейханов ресейлік кадеттер партиясына мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келеді. “Қазақ” газеті (1917, N 244) өзінің бас мақаласында партияның атын “Алаш” қойып, оған тілектестерді, құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынды. Сонымен бір мезгілде “Қазақ” басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын “Алаш” қою туралы жеделхаттар жіберілді.
Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазанның 12—20 аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда ашылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан Орталық Комитет құрылымы, 1-ші жалпықазақ съезі бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйтқысы болды.
Партияның бекітуге даярланған жарғысы жөнінде “Қазақ” газеті былай деп жазды: “Алаш” партиясының толық жарнамасы Орынборда жасалатын болды, дайын болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты — кіндік комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын, “Алаш” партиясының программасын жақтырып, жөн көрген, программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. “Алаш” программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, “Алаш” жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі “Алаш” партиясына кірмейді. “Алаш” партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн”. Партияның Орынбор қаласында Торғай облыстық комитеті ашылғандығы жөнінде хабарында “Қазақ” газеті “Алаш” партиясының мүшелік жарнасы 1 сом деп көрсетті (1917, N 250).
«Алаш» партиясының бағдарламасы.
«Алаш» партиясы жарияланған бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық, федеративтік республика болғандығын жақтады. Бағдарлама бойынша шашыраңқы қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялық негізде Ресей Федерациясының құрамына енбек. Әлеуметтік қатынаста феодалдық аристократияны шектеу, таптық жіктелу мәселесі қойылған жоқ, керісінше, жалпыұлттық мүдде, ұлттық тұтастық бағытында тұрды. Алаш партиясы ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұртты тарқы ету жағына бастайды деп көрсетеді. Салық мәселесі де осы тұрғыдан шешілуге тиіс болды. “Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға — байша, кедейге — кедейше ғаділ жолмен салынады, ...бар жұмысшылар заң панасында болады”.
Бағдарламаның антифеодалдық сипаты “негізгі құқық”, “ғылым-білім үйрету” сияқты тарауларынан байқалады. “Ресей республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей, адам баласы тең. Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап басуға еркіншілік”, заң орындарының рұқсатынсыз жеке адамдардың табалдырығынан аттап, ешкім тінту жүргізе алмайды, сот сұрап, билік айтылмай ешкім тұтқынға алынбайды, т.б.
Қазақ мемлекеттерінде оқу орындарының есігі кімге де болса ашық және оқу ақысыз болмақ, оқу жалпыға бірдей жайылмақ. Қазақ тілінде орта мектептер, университеттер ашылады, бастауыш сыныптарда сабақ ана тілінде жүреді. Оқу ісі өз алдына автономия түрінде жүргізіледі, үкімет оқу ісіне араласпайды. Мұғалімдер мен профессорлар өзара сайлау арқылы тағайындалады.
Бағдарламадағы ең негізгі мәселе — жер мәселесі болды. Қазақ жері, оның асты-үсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс. Қазақ елінің ықтиярынсыз ішкі Ресейден қоныс аудару тоқтатылады. Жер мәселесіне байланысты заң қабылдап, қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жер сыбағасы тұрған жерінен, ата мекенінен әркімнің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға бөлінеді. Адам басына, жеке үй басына тиетін сыбаға жер шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болады. Жер сыбағасын жергілікті жер комитеттері анықтайды. Заң жерді сатуға тыйым салады. “Ертіс бойындағы он шақырымдағы (десятиверстная) қазақ сол жерден үлес алсын. Атты казак бермеймін дер, біз Ертістен кетпейміз, жер алмай қоймаймыз. Жерді жолмен, законмен аламыз. Қазақ сыбаға жерін алған соң, қалған жер мемлекет қазынасына өтіп, оларды земство билейді” (“Қазақ”, 1917, N 251).
1917 жылдың соңына қарай ұйымдық тұрғыдан қалыптасқан Алаш партиясының жергілікті ұйымдары облыстық, уездік Қазақ комитеттері, ал жергілікті сауатты, партиялық ниеттегі зиялылар партияның активі, тірегі болды. Алаш партиясы күрделі үш ірі мәселені шешуге үлкен үлес қосты. Біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде ең алдымен шешілуге тиіс жалпыұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде басты рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасына (“Қазақ”, 1917, N 251) берілді. Екіншіден, партияның ұйытқысы болған қайраткерлерге қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекеттің өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917, желтоқсан) даярлап өткізеді. Осы съезде өмірге Алашорда — ұлттық кеңес үкіметі келгені мәлім. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін Алаш партиясының мүшесі санағандығы күмән тудырмайды. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен бүкілресейлік құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері Алаш партиясының атынан тіркелді және оның атынан депутат болып сайланды. Осы құрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық қазақ облыстарында Алаш партиясы ең көп дауыс алған партия болды. Объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы Алаш партиясының саяси күреске білек түріп араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік берді. Қым-қиғаш Азамат соғысы тұсында ондай міндетті тек Алашорда үкіметі ғана атқара алатын еді.
Алашорда үкіметі

Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай Уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ең өзекті ұлт өміріне қатысты мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархия, зорлық пен зомбылыққа ұласуы еді. Қазақ облыстарында асқынған жер мәселесін шешуге бағытталған әрекеттің болмауы, атты казак әскері, қарулы солдат пен қоныстанушылардың панасыз жергілікті халық үстінен жүргізген озбырлығының өрши түсуі соның айғағы болатын.
Міне, осындай жағдайда қазақ зиялылары арасында ұлттық мемлекет туралы мәселенің қойылуы толық негізді болатын. Сөйтіп, қазақ мемлекеттігі туралы мәселені қараған жалпы қазақ-қырғыз съезі 1917 ж. 5 желтоқсанда Орынбор қаласында ашылды. Оған барлық қазақ облыстарынан, сондай-ақ, одан тыс жерде тұратын Алтай губерниясы мен Самарқан облысы қазақтарынан және Жетісу облысы қырғыздарынан барлығы 82 өкіл қатысты. Съездің күн тәртібінде мынадай мәселелер қойылды: 1. Сібір-Түркістан автономиясы һәм оңтүстік-шығыс Одақ туралы. 2. Қазақ-қырғыз автономиясы. 3. Милиция. 4. Ұлт кеңесі. 5. Оқу мәселесі. 6. Ұлт қазынасы. 7. Муфтилік мәселесі. 8. Халықтық сот. 9. Ауыл басқармасы. 10. Азық-түлік мәселесі. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе, әрине, ұлттық автономия мәселесі еді.
Съез қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, төмендегідей қаулы қабылдады: “Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын… және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуі мүмкін деп ойлап… съез бір-ауыздан қаулы қылады: 1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Әмудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға; 2) Қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын; …5) Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады; 6) Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны — Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады. (“Сарыарқа” газеті, Семей, 1918, 25 қаңтар).
Съез Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) ұлт кеңесінің құрамын сайлады. Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. 2-жалпықазақ съезі милиция жасақтарын құру мәселесін жан-жақты талдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қорының есебінен алынатын болды. Милицияны құру мақсатын съез былай деп анықтады: “… Осы күнде мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс-талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін… ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісуі тиіс…”.
Сонымен, съезд Алаш автономиясын құру қажеттігін бірауыздан қолдады. Алаш автономиясының бастау көздерінде тұрған, 2-жалпықазақ съезінің делегаты Әлімхан Ермеков бұл туралы былай деп тебірене жазды: “…желтоқсанның 12-күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға коңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды”. (“Сарыарқа”, 1918, 22 қаңтар).
Ұлттық-аумақтық қазақ автономиялы мемлекетін құруда съез делегаттары бірауыздылық танытқанымен, оны (автономияны) ресми түрде жариялау мәселесінде ала ауыздыққа жол берді. Бұл жағдай мемлекеттік құрылым ретінде жаңадан қалыптаса бастаған автономия үшін қатерлі еді, өйткені автономияны ресми түрде жарияламайынша, оған қазақ халқын, өлкені мекендеген басқа халықтарды сендіру, Алашорда үкіметін мойындату қиын еді.
Қазақ зиялылары большевиктердің тап күресі туралы теориясын да қолдамады.
Бүкілресейлік Құрылтай таратылғаннан кейін, сол арқылы ұлттық автономия алудан үміттенген Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер “Алаш” партиясына біріккен ұлттық интеллигенция большевиктерге, қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені зорлап таңушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін жанұшыра қорғайтын контрреволюциялық күш есебінде қарады.
Ақпан революциясынан кейінгі кезеңде өз бостандығы үшін күреске шыққан отарлық езгідегі халықтарға большевиктер партиясы тек кеңестік негіздегі автономия беретіндігін мәлімдеді. В.И.Ленин мен И.В.Сталин Түркістан кеңестерінің съезіне жолдаған жеделхатында: “Халық комиссарлары кеңесі сіздердің өлкелеріңіздің кеңестік негіздегі автономия болғандығын қолдайды” — деп көрсетті. (В.И.Ленин. О Средней Азии и Казахстане. Ташкент, 1960, с. 379.). В.И.Лениннің бұл ойын сол кезеңдегі ұлт істері бойынша Халық комиссары И.В.Сталин және басқа қайраткерлер белгілі бір ұлттың автономия алуы емес, кеңестік билікті қолдайтын жұмысшы және шаруалардың автономия алуы деп түсінді. В.И.Ленин мұндай тұжырымға үзілді-кесілді қарсы шығып: “…ұлттардың өзін-өзі билеуін алып тастап, еңбекшілердің өзін-өзі билеуі мүлде теріс, өйткені бұлайша қою ұлттардың ішіндегі жіктелудің қандай қиыншылықтармен, қандай бұралаң жолдармен жүріп жатқанын есепке алмайды” деп көрсетті. Ол еңбекші бұқараның өзін-өзі билеуі туралы айту, тек пролетариаттың өзінің таптық мүдделерінің буржуазия мүдделерімен ешқашан да сәйкес келмейтіндігіне біржола көзі жеткенде ғана мүмкін екендігін, сондықтан да мұндай деңгейге әлі жете қоймаған халықтар өзін-өзі билеу құқығын талап етсе, онда мұндай талаптың толық заңдылығын мойындаудан бас тарта алмаймыз деп кесіп айтты.
1918 жылдың көктемінде Алашорда мен Кеңес билігі арасында өмірлік шындықтан бастау алатын, екі қуатты қоғамдық қозғалыстың (ұлттық және әлеуметтік, таптық) табиғатынан туындаған өзара түсіністікке ұмтылушылық байқалды.
Ұлттар ісі бойынша Халық комиссары Алашорданың қойған шарттарына тікелей ресми жауап берген жоқ. Кеңес өкіметінің мойындауынан үміттенген Алашорда Х.Ғаббасов арқылы 1 сәуірде РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап, қазақ елінің жалпыұлттық мүддесін білдіретін Алашорда үкіметін тез арада ресми түрде мойындауды тағы да талап етеді. Бірақ бұл уақытта Кеңес өкіметі Алашордадан біржола теріс айналып кеткен еді.
Міне, осындай жағдайда Кеңес өкіметімен жүргізілген келіссөздің нәтижесіз аяқталғанына көзі жеткен Алашорда басшылары басқа жол іздеуге мәжбүр болған еді.
Алаш қайраткерлерінің ұлттық тұтастыққа ұмтылысы, әсіресе, Қоқан автономиясына қатынасынан айқын көрінді. Басқаша айтқанда, Алашорда үкіметі құрылған бетте Түркістан өлкесі құрамындағы қазақ жұртымен бірігу жолдарын қарастыруға кірісті. Алашорда басшылары жаңа құрылғалы тұрған Қазақ мемлекетінің тағдыры оны барлық қазақ жұртының қолдауына тәуелді екендігін өз дәрежесінде тура түсіне білді.
Міне, осындай күрделі, қайшылықты, ауыр жағдайда Түркістанның байырғы халықтары, соның ішінде, қазақ елі де, алдына өзін-өзі аман сақтап қалу міндетін қойды. Ол үшін ең алдымен ұлттық мүддені қорғай алатын саяси мемлекеттік құрылым қажет еді. Түркістандық қазақтар үшін ондай мемлекет құрудың екі жолы бар-тын.
Бірақ түркістандық және дала облыстары қазақтарын бір мемлекет шаңырағы астына біріктіру мүмкіндігіне 1917 жылдың желтоқсанына дейін екі жақтың саяси басшылары — Ә.Бөкейханов та, М.Шоқай да сене қойған жоқ еді. Мәселен, Сібір автономиясын құру туралы мәселе қараған жалпы Сібір съезіне қатынасып қайтқан Ә.Бөкейханов: “Түркістан өз алды автономия болар. Біздің қазақтың Түркістанға қосылғаны оң деген пікір де бар. Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз. Автономия болу — өз алды мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан халқының қараңғылығы һәм шебер адамның жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз?” деген.
1917 ж. қазақ саяси қайраткері, интеллигенциясы арасында қазақ облыстарының Түркістанмен бірігу мүмкіндігіне байланысты қарама-қарсы екі пікірдің болғандығын М.Дулатов та қуаттайды. Бұл арада мәселенің тек отарлық езгіге қарсы күресте одақтас күштердің өзара қатынас сипатымен шектелмей, сонымен бірге, азаттық алғаннан кейінгі күнде басталмақ мемлекеттік құрылыстың мазмұны жөнінде де болып отырғаны түсінікті. Өмірдің өзі ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерінің облыстарды бір мемлекетке біріктіру жолдарына байланысты пікіріне өзгеріс енгізіп отырды. Бұл ретте, ең алдымен, 22 қарашада Ташкентте өз жұмысын аяқтаған ІІІ Түркістан өлкелік кеңестер съезіне тоқталу қажет.
Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, Алашорда өкіметін — ұлт кеңесін сайлаған жалпықазақ съезі, әрине, Қоқанда құрылған Түркістан автономиясына өз қатынасын білдіруі керек еді. Съезге қатысқан өкілдер Қоқан автономиясының құрылғандығы туралы хабарды съездің барысында М.Шоқайдың өзінен естиді. Ол туралы М.Дулатов ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: “Қоқанда Түркістан елінің де съезі болып, Түркістан ұлт автономиясы үкіметін құрған екен. Ол жөнінде біз съезде білдік. Съездің соңына қарай Қоқаннан Шоқайұлы Мұстафа келді. Шоқайұлы Қазақ автономиясының өз алдына жеке құрылуына қарсы болды, Түркістанмен қосылуды жақтады. Түркістан үкіметіне қазақтан өзі мен Тынышбайұлы Мұхаметжан кіргендігін сөйледі”.
Оқиғалардың ағымы көрсетіп бергендей, бұл М.Шоқайдың біржола түйген шешімі емес-тін. Қазақ жұртшылығының бір мемлекетке бірігу мәселесіне байланысты съезде болған қызу айтыс Ә.Бөкейханов, М.Шоқай және басқа ұлт-азаттық қозғалыс басшыларына өздерінің соған дейін ұстанған бағыттарын анықтай түсуге немесе өзгертуге себепші болғаны сөзсіз.
Алаш және Түркістан автономиясы. Жалпықазақ съезі Түркістан қазақтарының Алаш автономиясына қосылу-қосылмауын өз бетінше шеше алмайтын еді. Оны тек Сырдария, Жетісу және Түркістан құрамындағы басқа облыстарда тұратын қазақтардың құрылтайы ғана шеше алатын. Екіншіден, отаршыл биліктің зорлықшыл саясаты нәтижесінде сол кездің өзінде-ақ жергілікті халықтың ұлттық еркіндігіне қарсы құрылған тұзақтың бірі — ғасыр басында Қазақстан ішкі Ресейден қоныс аударған переселендер келіп орныққан ірі өлкеге айнала бастаған еді. Демек, олардың мүддесін есепке алмай, бірде-бір ірі қоғамдық мәселені толық шешу, әрине, мүмкін емес-тін. Үшіншіден, патшалық билік қоныстанушыларға түрлі жеңілдіктер және көмек беріп, қазақтың құнарлы жерлеріне әкеліп орналастырғанда, оларды өзінің шығыстағы әлеуметтік-саяси тірегіне айналдыруды көздеді. Ал бұл мақсатқа переселен шаруаларды қаруландырмай жету мүмкін емес еді. Сондықтан да оларға қару берді, сөйтіп, жергілікті халыққа қарсы қойып, мерейін үстем етуге тырысты. Қажет жағдайда қарашекпенділер атты казак әскерінің де көмегін ала алатын еді.
Осы айтылған жағдайлардың съезде Ә.Бөкейханов бастаған өкілдерге Алаш автономиясының құрылғандығын ресми түрде бірден жария етуге кедергі болғаны даусыз. Бірақ, сонымен бірге, екінші жалпықазақ съезінің бүкіл қазақ жерлерін, халқын біртұтас мемлекет шаңырағы астына жинауға батыл қадам жасағаны анық. Ұлттық еркіндікке жеткізетін басқа жол да жоқ еді. Съез құрған Алашорда өкіметі құрамы жағынан барлық қазақ облыстарын қамтыды. Он бес адамнан тұрған бұл өкіметтің арасында Сырдария мен Жетісу облыстарынан М.Шоқай, М.Тынышбаев, С.Аманжолов, Б.Мамытов және О.Әлжанов, ал оларға орынбасарлыққа сайланғандардың ішінде Жетісудан С.Сабатаев, Н.Бекімов және Ж.Солтанаев бар болатын. Съез бекіткен атқармақ шараларда — халық милициясын жасақтау, ұлт қазынасын құру, оқу ағарту ісін жолға қою сияқты жалпыұлттық мақсаттарды көздеді.
Жаңа өмірге келген Алашорда өкіметінің ең алғашқы жасаған әрекеттері де қайткен күнде ұлттық бірлікке жетуге бағытталды. Съез өз жұмысын аяқтаған бетте Алашорда өкіметі Сырдария қазақтарының съезін шақыру туралы тиісті адрестерге жеделхаттар жолдады. Өкімет атынан Ә.Бөкейханов пен М.Шоқай қол қойған бұл жеделхатта мынадай жолдар бар еді: “Екінші жалпықазақ-қырғыз съезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп, өз алдына автономия етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алашорда 5 ғинуарда Түркістан шаһарында Сырдария облысының съезін шақырды. Съезге болыс басы бір өкіл келсін. Түркістан қазақтарымен сөйлесуге Алашорда Бақтыкерей Құлмановты, Мирякуб Дулатовты һәм Тұрағыл Құнанбаевты жібереді. Уақыт шұғыл, мәселе зор болғандықтан, шақырылған өкілдер съезге айтылған күннен қалмай келулері керек”.
“Қазақтың” осы санында М.Шоқайдың Сырдария қазақтарына үндеуі де жарияланды. Көлемі шағын, бірақ маңызды осы құжатта М.Шоқай Түркістан қазақтарының басқа қазақ облыстарымен қосылуына байланысты жалпықазақ съезінен соң жасаған тұжырымын анық және дәл жеткізген еді. Ол “Сырдария халқына өз тарапымнан айтарым, тегінде Алаш баласының басы қосылатын кезі осы бүгін. Айырылсақ мұнан соң жұрттың басын қосуымыз қиын. Алаш ұранына шаппайтын қазақ баласы болмас. Сырдария қазағы кешіктірмей Алаш туының астында жиналар деген үміттеміз” деп жазды.
Келесі, 1918 жылдың қаңтарында өткен Сырдария қазақтарының съезіне 72 өкіл қатынасты. Алаш автономиясына қосылу мәселесін үш күн ұдайы талқылаған Съез сол бір ауыр сәтте Сырдария облысының Түркістан автономиясы құрамынан бөлініп кетуі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына соққы болып тиеді деген пікірді негізге ала отырып, мынадай қаулы қабылдайды:
1. Сырдария облысы қазіргі уақытта тегіс Түркістан автономиясында болуы себепті әзірше Түркістан автономиясында қалады.
2. Алашорда өз алдына автономия иғлан қылып болып, Түркістан автономиясымен союз (одақ) болса, Сырдария қазақ-қырғыздары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіруге қарар қылады.
3. Съездің осы қаулысы Сырдария облысынан Түркістан Құрылтай жиналысына сайланып баратын депутаттарына аманат.
4. Сырдария облысының халқы Алаш автономиясына қосылған уақытта осы облыстан Түркістан Құрылтай жиналысына сайланған депутаттары, Алаш автономиясының сайлау законіне муафиқ болса Алаш Учредительное собраниесіне депутат болсын.
5. Алашорда үкіметі Түркістан шаһарында болсын”.
Сырдария қазақтарының съезі қалыптасқан саяси жағдайға байланысты тура шешім қабылдағанымен, бірақ ол шешімнің іске асу мүмкіндігі күн өткен сайын тарыла түсті. Империяның езілген ұлттарының ұлттық автономиясын ресми түрде бекітіп береді деп үміттенген Бүкілресейлік құрылтайды 1918 жылдың қаңтарының басында большевиктер таратып жіберді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тiккен биiк арманы – ұлттық мемлекеттi қалпына келтiру iсi – Алаш қозғалысы, Алаш партиясының қызметі Алашорда үкiметiмен бiрге тоталитарлық өктемдiк пен империялық зомбылықтың шабуылына көмiлiп, тарих қойнауында қала бердi.
Бүкіл әлемдік саяси жүйеге өзгеріс әкелген осынау кезеңде Алашорда үкіметі мен оған тірек болған Алаш партиясының қазақ халқының болашағы үшін қарулы күрес жолында да батыл қадамдарымен көзге түседі. Алашорда ұлттық әскерінің 1918 жылдың қаңтар айынан - 1919 жылдың желтоқсан айына дейінгі аралықтағы тарихы жарқын сәттерге толы болғанын байқаймыз.
Сонымен, Алашорданың 1917-1919 жылдар аралығындағы Ресейдегі күрделі қоғамдық-саяси жағдайда және азаматтық қарсы тұру жылдарындағы қызмет өрісі кең және ауқымды болды деп санаймыз. Соның ішінде әскери саладағы қызметі ерекше болған.
1917-1919 жылдары аралығында Қазақстан кеңістігінде елеулі түрде қоғамдық-саяси қызметімен жан-жақты танылған Алаш немесе Алашорда қозғалысы тарихының тағылымы тәуелсіз Қазақстан мемлекеті қоғамына ықпалы бар деп санаймыз.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы. "Ататек", 1995. 256-б.
Қойгелдиев М. "Алашты" бұғаудан қашан босатамыз? "Арай" журналы, 1990. N 8. 6-б.
Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы. "Санат", 1995. 368-б.
Қозыбаев М. "Еліміз Алаш, керегеміз ағаш". "Қазақ әдебиеті" газеті. N 50. 16 желтоқсан 1997.
Қазақстан тарихы очерктері

Загрузка...


Уважаемый пользователь! Материал может содержать устаревшие данные, ошибки (устаревшую экономическую статистику, утратившую силу закона, нормативные акты и т.п.). Поэтому перед сдачей рекомендуем самостоятельно проверить содержание работ.
Желаем успехов!



145.8Kb
Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Admin
Просмотров: 5566 | Загрузок: 348 | Рейтинг: 0.0/0

Это может Вас заинтересовать:
Айманов Шәкен Кенжетайұлы
Орыс компазиторлық мектеп қалыптасуы
Домбырамен ән айту арқылы жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыру
Қазақтың ұлы ақыны - Абай
Жұмабаев Мағжан Бекенұлы
Мәлімет алмасуды ұйымдастыру
Б. Адамбаев - фольклортанушы
Шал Мырза
Туыстық қарым – қатынастар
Фотосинтез
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы
Қонақ үй қызметтері сапасын басқару мәселелері
Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы Абай дәстүрі
Құнанбайұлы Абай
Қашаубаев Әміре