Приветствую Вас Абитуриент • Регистрация • Вход • RSS
Воскресенье, 21.1.2018
Загрузка...
Главная » Работы » Рефераты на казахском » Қазақ әдебиеті

«Түркі шежіресінің» қазақ тіл білімі тарихында алатын орны
Загрузка...
Түркі шежіресінің» қазақ тіл білімі тарихында алатын орны

Сан ғасырлық тарихымыздың асыл қазыналарының бірі болып есептелетін жазба ескерткіштер тілі тұтас зерттеліп, сыры түгел ашылып, ғылыми айналымға түсіп бітті деу асығыс айтылған тұжырым болар еді. Ежелгі дәуірдегі, ерте және кейінгі орта ғасырлардағы өлкеміздің тарихына қатысты жазбаша деректемелерді тілдік тұрғыдан қарастырудың ғылым үшін де, рухани кемелдікке қол жеткізу үшін де маңызы зор. Сондықтан да тынымсыз ізденіс, тыңғылықты зерттеулер бір сәтке толастамауға тиіс.
Жұмысымызға негіз етіп алып отырған, әсіресе тарих, әдебиет, тіл ғылымдары үшін маңызы зор еңбек – XVII ғасырда жазылған құнды жазба ескерткіш Әбілғазы баһадүр ханның «Шажара и түрк» атты еңбегі. Шығарманы зерттеуші ғалымдардың (А.Н.Кононов, Б.Әбілқасымов, Т.Қордабаев) мәліметтеріне қарағанда, еңбектің біздің дәуірімізге келіп жетуіне, зерттелуіне, танылуына, аударылуына ықпал еткендер – Сібірге жер аударылған швед офицерлері, солардың бірі Филипп Иоганн Табберт Страленберг.
Страленбергтің айтуы бойынша, ол Тобыл қаласы тұрғындарымен және оның айналасындағы бухар татарларымен, әсіресе ахундармен достық қатынаста болып, онда Азбекевичпен таныс болғанын айтады. «Бір күні ол маған Персияға, ал екіншісі татар еліне қатысты екі қолжазбаны көрсетеді. Соның екіншісін ол «Чингиз китап», яғни «Шыңғыз кітабы» деп атайды. Екі қолжазба да Түркістаннан еді. Оның екіншісін өзімнің басқа татар таныстарыммен егжей-тегжей қарастырып алу үшін сұрап алдым» [3,58-б.]*.
Страленберг Әбілғазы еңбегін бағалай отырып, орыс тілін жақсы білетін татар танысына және екі швед офицеріне аударуды тапсырады. Татар офицері орыс тіліне, ал екі швед неміс тіліне сөзбе-сөз аударуды бастайды. Татар офицері ондағы кездесетін араб, парсы және моңғол сөздерін түсінбегендіктен, бұл шығарма толық аударылмайды. Неміс аудармасы да түсініксіз болып шығады. Сонда да аударманың бір данасы алынып, оның көшірмелері басқалардың қолына түседі. Сол швед аудармашыларының бірі – П.Шенстрем болды. Ол кейін өзінің көшірмесін Упсала қаласындағы (Швеция) университетінің кітапханасына жібереді. Ал екінші аудармашы – Бентинк.
Ал француз тілінен орыс тіліне В.К.Тредьяковский аударып, 1768 жылы Санк-Петербургта «Родословная история о татарах, переведенная на французский язык с рукописных книг сочинения Абулгазы Баядур-хана, а с французского на российский в Академии наук» деген ұзақ атпен бастырып шығарады. Алайда шығарма тікелей түпнұсқадан аударылмай, бірнеше тілдер арқылы жеткендіктен сәтсіз шығады. Кейінірек 1780 жылы француз аудармасы ағылшын тіліне аударылады.
Сол кездегі түркі тарихының Ресей тарихымен байланысын қызыға зерттеп жүрген – В.Н Татищев Петр I бұйрығымен 1724 жылы Швецияға келеді. Стокгольмда Страленбергпен кездеседі. Страленбергтің ұсынысымен ол Әбілғазының мәтінін Петербургқа алып кетіп аударуға келісім береді.
КСРО ҒА-ның тарих институтының Ленинград бөлімінің архивінде (шифр: 25.5.470) «Абулгази-хан. Татарская история. Отрывок. Текст перевода с поправками В.Н Татищева» деген қолжазба сақталған [4,439-б.].
1746 жылы В.Н.Татищев Акедемия ғылымының кеңесшісі И.Д.Шмахерге жазған хатында: «… понеже я присланную от вас книгу Абулгази-хана прилежно читая при том все списки и переводчика погрешности исправляя, не мог при том оставить, что многое, а паче в толкованиях Траленберге (Стрленберга, -А.К.) погрешности не исправить, которое сначала казалось, что меня от настоящего труда не долго удержит, но в действие не мало труда показалось: я ее четвертую часть прочитав, исправил, а примечаний уже моего мелкого письма собралось 2 тетради, в которых много того находится, о чем немногие знают, а ко известно сее история весьма нужно..»[4, 257-б.], – деп көрсетеді.
Бұлардан басқа да кезінде аударылып, әртүрлі себептермен баспа жүзін көрмеген қолжазба материалдар баршылық. Ғалымдардың көрсетуінше, Я.О.Ярцов Қазан нұсқасын орыс тіліне аударғанмен, ол да жоғалып кеткен.
Бұдан кейін Әбілғазы еңбегі зерттеу қолға алынып, ол XIX ғасырда көп ғалымдардың назарына ілігеді.
Академик Г.З.Байер «Түркі шежіресінің» үзіндісін латын тіліне аударады. Өзінің аударамасында алғаш рет автордың шығармасының дұрыс атын: «Schagijre Turki – Шаджара -и түрк» деп атайды.
Граф Н.П.Румянцев 1820 жылы Қазанда Әбілғазы «Шежіресінің» негізгі нұсқасын Х.Д.Френге тапсырады. Х.Д.Френ бұл еңбекті басуды Қазандағы университет типографиясына ұсынады. И.Хальфин қолжазбаны даярлауды, оған текстологиялық жұмыс жүргізіп, ғылыми түсініктемелер жазуды өз мойнына алады [3,67-б]. Бұл жұмысты басу араб шрифтісінің жеткіліксіздігінен және сол кездегі Қазан оқу округінің қамқоршысы Магницкийдің бұл басылымға қарсы болу себебінен бес жылға созылады. Ақырында, 1825 жылы Әбілғазының «Шежіресі» араб шрифтісімен, Х.Френнің латынша кіріспесімен, И.Хальфиннің ғылыми түсініктемелерімен жарық көреді [5,148-б.].
Академик Х.Д. Френ оны Ресей Шығыстану ғылымын танытатын іс деп, бұрынғы кеткен кемшіліктерді болдырмауға тырысып, ерекше мән береді. Х.Д.Френнің алғашқы жоспары бойынша, Әбілғазының 1825 жылғы басылымы 3 томнан тұруға тиіс болған. 1-том – түрікше мәтін, 2-том – жаңа аударма, 3-том философиялық, тарихи және географиялық ескертпелер. Бірақ басылып шыққаны – тек 1-томы. Қалған 2 том белгісіз себептермен жарық көре алмайды [2,10-б.].
Әбілғазының «Шежіресінің» бір нұсқасын 1833-1841 жылдары белгілі орыс ғалымы, лексикограф және әдебиетші В.И.Даль Оренбургта әскери қызметте жүргенде тауып алып, 1842 жылы Академияның Азия мұражайына жібереді. Бұл қолжазбаның сыни мәтінін және оның французша аудармасын П.И.Демезон 1871-1874 жылдары екі том етіп Петербургта бастырып шығарады.
Осы Демезон мәтінінен аудармашы Абдолла Ғаллам Файзханоглы қазан-татар тіліне, доктор Риза Нұр Стамбулда түрік тіліне аударады. А.П.Ивановтың айтуынша, «П.И.Демезонның үлкен ұқыптылықпен жасаған сыни нұсқасы «Шежіре и түркі» тілін оқуда сенімді дереккөз болып табылады» [6,5-б.], – дейді. 1992 жылы жарық көрген Б.Әбілқасымовтың қазақша аудармасы да Демезон нұсқасынан аударылады [7].
Белглі ориенталист ғалым И.Березин «Шежіренің» Г.С.Саблуков жасаған аудармасын жеке кітап етіп, «Книги родословия тюркского» деген атпен өзінің «Шығыс тарихшыларының кітапханасының» 3-ші томына кіргізеді. Бұл аударманы Г.С.Саблуков Қазан басылымы бойынша және Петербургтағы Ғылым академиясының мұражайында сақталған қолжазбалармен салыстыру негізінде жасайды. 1906 жылы Қазанда Г.С.Саблуков аудармасы кітап болып басылып шығады.
Әбілғазы жалғыз «Түркі шежіресін» ғана емес, «Шежіре и түркмен» деген кітабын да қыпшақ негізді әдеби тілде жазған. Бұл кітап та Хиуа ханының қолынан туған кітап болғандықтан, әлі күнге өзбек тілінің жазба мұрасы есебінде танылып жүр [8,58-59-бб.].
Әбілғазының аталған осы екі еңбегін С.П.Иванов, А.М.Щербак, Н.Катанов сияқты ғалымдар жоғары бағалаған.
«Түркі шежіресінің» грамматикалық құрылысын сипаттауға арналған еңбектердің бірі – проф. С.Н.Ивановтың «Родословное древо тюрок Абул-гази-хана» деп аталатын монографиясы. Ол «Түркі шежіресін» ескі өзбек тілі ескерткіші ретінде қарап, өз зерттеулері арқылы өзбек тілінің тарихи грамматикасын жасауға үлес қосатынын айтады [6,5-б.].
«Шежіре» және оның авторы туралы бірнеше мақалалар әртүрлі энциклопедияларда және сөздіктерде жарық көреді. Мәселен, Үлкен совет Энциклопедиясының 1, 2-басылымдарында Әбілғазы және оның шығармасы туралы мақалалар кездеседі. Бұдан кейін де әртүрлі басылымдарда «Түркі шежіресінің» қазақ тарихы мен әдебиетіне, тіліне қатысты мақалалар жарық көреді [9]. С.Омарбековтың «Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресі» «Жас Алаш» газетінде [10], А.Абражеевтың «Звезда Востока» журналында жарияланған «Родословное древотюрок и его автор» деген мақаласы [11] мен Карим Юсуповтың «Абулгази-и Хивинское ханство в первой половине XVII века» деген кандидаттық диссертациясы бар.
«Түркі шежіресін» және оның авторын қазақ оқырмандарына таныстыру мақсатында жазылған тағы бір мақала – ғалым Бүркіт Ысқақовтың «Әбілғазы Баһадүр ханның «Түркі Шежіресі» атты мақаласы «Білім және еңбек» журналында жарияланған. Бұл мақалада автор Әбілғазының «Шежіре и түркі» және «Шежіре и тарикма» атты кітаптарынан басқа медицинаға арналған «Монофиг ул-инсан» («Адамның пайдасына») атты кітабы бар екенін көрсетеді және ол шығарма туралы деректемені өзбек тарихшысы Мұхаммед Юсуф Баяни «Шажараий Хорезмшахий» атты шығармасынан алады:
«Әбілғазы хан, - дейді Баяни, - бір тарихи кітап жазып, оған «Шажараий түрк» деп ат берді, бұл кісі медицина ғылымына да жетік еді. Мен ол кісінің «Манофиғ ул-инсан» деген медицина жөнінде парсы тілінде жазылған бір кітабын көрдім» [12].
Ғалым Б.Ысқақов парсы тіліндегі бұл кітаптың түрікше бір аудармасы Өзбекстандағы Шығыстану институтында (инв № 4701) сақтаулы тұрғанын жазады. «Монофиг ул-инсан» кітабының төрт бөлімнен тұратынын, тілі жеңіл, ұғымға оңай және бұл кітапты жазуда халық медицинасына сүйенгенін айтады. Сондай-ақ, Әбілғазы мұрасын зерттеушілердің қатарында жоғарыда аталған орыс ғалымдарымен қатар В.Абдуллаев, Я.Гулямов, М.Юлдашев, А.Шарафитдинов, Х.Худайназаров, К.Юсупов сияқты өзбек ғалымдарының есімін атайды [12].
Проф Б.Әбілқасымов «Шежіре и түркі» кітабының зерттелу тарихына шолу жасап, ондағы тұрақты сөз тіркестерін тілдік тұрғыдан талдаса [13,48-62-бб], Т.Қордабаевтың «Тарихи синтаксис мәселелері» атты монографиясында «Шежіренің» синтаксистік құрылысы сөз болады. Т.Қордабаев бұл шығарманы XV-XVIII ғасырлар арасындағы қазақ тіліне тікелей қатысы бар жазу нұсқасы ретінде алып қарайды. Оның тілі туралы: «Шығарма тілі өте жеңіл, қарапайым, түсінікті. Тілінің қазақтарға түсініктілігі жағынан алғанда, бұл «Шежіре» Қадырғали жазған «Жамиғ-ат тауарихтан» да жақынырақ деуге болады. Өйткені Қадырғали шығармасында бізге түсініксіз араб, парсы сөздері едәуір жиі қолданылса, бұл «Шежіреде» ондай сөздер аз. Олардың орнына түркі туыстас халықтарға түсінікті ортақ сөздер қолданылып отырады» [14,102-б], – дейді.
«Түркі шежіресі» шығармасын терең зерттеп, оны ғылыми нысанына айналдырған – проф. Б. Әбілқасымов. Ғалым Әбілғазының аталған шығармасын 1992 жылы «Түркі шежіресі» деген атпен қазақ тіліне аударды, «Түркі шежіресінің» қазақ тарихы мен әдебиетіне, тіліне қатысты мақалалар жариялады.
2001 жылы «Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі» және оның тілі» атты кітабы басылып шықты. Ғалым «Шежіренің» зерттелу тарихына көбірек тоқталады. «Шежіре» тілінің фонетикалық-орфографиялық ерекшеліктеріне, лексика-фразеологиялық сипатына, грамматикалық құрылысына жан-жақты талдау жасайды. Б.Әбілқасымов «Шежіренің» тілін зерттей келе, оның қазақ тіліне, сондай-ақ, тарихи грамматика мен тарихи лексикологияға көп деректер бере алатындығын дәлелдейді [2, 4-б.].
«Түркі шежіресінің» қазақ тіліне алыс-жақындығын дәлеледеу үшін әлі де болса «Шежіре» мәтініне жан-жақты текстологиялық, фонетикалық, грамматикалық талдаулар жасау қажет. Сондықтан да Әбілғазының осы аталған еңбегі әлі де толығырақ зерттеуді керек ететін құнды шығарма.

Қолданылған әдебиеттер
1.Березин И.Н. Библиотека восточных историков. Казань, 1854, Т, III. Ч. I. (Предисловие переводчика). С 128.
2. Әбілқасымов Б. Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» және оның тілі.
– Алматы: Арыс, 2001. - 246 б.
3. Кононов А.Н. История изучения тюркских языков в России. - М.. -Л.: АНСССР, 1972. с 272.
4.Татищев В.Н. История Российская т. I. -М..- Л.: Изд.АНСССР, 1962. с 463 .
5. Каримуллин А.Г. У истоков татарской книги. Казань. 1971. С 148.
6. Иванов С.Н. Родословное древо тюрок Абул-гази хана. –Ташкент, 1969. -203 с.
7. Әбілқасымов Б. Түркі шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 1991. - 208 б.
8. Кононов А.Н. Родословная түркмен. - Сочинение Абу-л-гази хана Хивинского. -М.. -Л.: Изд. АНСССР, 1958. с 180 .
9. Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресі». «Жалын» журналы, 1999, № 1-2. Әбілғазы баһадүр ханның «Түрік шежіресі» // XV-XVII ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы. III-т. – Алматы. «Ғылым», 2000; Әбілғазының «Түрік шежіресі» жайында// ҚР БжҒМ ҰҒА хабарлары, 2001, № 2.
10. Омарбеков С. Әбілғазы баһадұр ханның «Түрік шежіресі» // Жас Алаш. 1993. 5 ақпан.

Загрузка...


Уважаемый пользователь! Материал может содержать устаревшие данные, ошибки (устаревшую экономическую статистику, утратившую силу закона, нормативные акты и т.п.). Поэтому перед сдачей рекомендуем самостоятельно проверить содержание работ.
Желаем успехов!



47.5Kb
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 2001 | Загрузок: 267 | Рейтинг: 0.0/0

Это может Вас заинтересовать:
Сақтар
Бумын қаған
Қазақ халқының үрмелі аспаптары
Адамға сәуле алудың қауіпі
СӨСҚ қызметінің негізгі бағыттары
Жүрек қызметінің көрсеткіштері
Мұхит Мералыұлы
Бұқар жырау Қалқаманұлы
Windows объектілі-бағытталған платформасы
Қазақстанның жеті кереметі
Мұхтар Әуезов
Қазақстан Республикасындағы халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің қазірг...
Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары
Жер планетасының эволюциясы
Сарыұлы Ақтамберді