Приветствую Вас Абитуриент • Регистрация • Вход • RSS
Четверг, 8.12.2016
Загрузка...
Главная » Работы » Рефераты на казахском » Қазақ әдебиеті

Көркем әдебиеттегі адамгершілік мәселесі
Загрузка...
КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕГІ АДАМГЕРШІЛІК МӘСЕЛЕСІ (М.Мағауиннің «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Архив хикаясы», туындылары бойынша )

Жақан Ә.Қ. (Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, аға оқытушы),
Оспанова Ж.Қ. (Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, студенті)

Ар – ұждан, адамгершілік мәселесі қай заманда да, қай халықтың әдебиетінде болсын мәңгілік көтеріліп келе жатқан ауқымды тақырыптардың бірі. Қаламгерлер өз шығармалары арқылы өздері өмір сүрген дәуірдің келбетін, шындығын нақты бір образдар бойына сыйғызып отырған. Осы кейіпкерлері арқылы рухани жұтаңдықты, тоғышарлықты, аяр заманның азғын адамдарын, зұлымдықты, тағы басқа да жамандық атаулыны өлтіре сынаған.
19 ғасырдағы орыстың гуманист-жазушылары Н.В. Гогольдің «Ревизор» (сол уақыттағы Ресейдің шенеуніктерін бейнелеген), «Өлі жандар» (Ресейдегі помещиктерді сынаған), М.Е.Салтыков-Щедриннің «Господа Головлевы» (дворяндардың рухани құлдырауын сынаған), «Губерниялық очерктер» (орыстың бюрократиясының сатиралық образын жасаған), сондай-ақ, Гончаровтың, Л.Н.Толстойдың, Ф.М.Достоевскийдің туындыларында да ащы шындықты айта отырып, қайтсек халқымызды бұл тығырықтан шығарамыз деген жанайқайлары болды.
өз дәуірлеріндегі буржуазиялық қоғамның жиіркенішті бет – бейнесін суреттей отырып, адамзат баласын азғындықтың, тоғышарлықтың құлы болудан сақтандыруға шақырып, гуманистік идеяны, адамгершілікті, әділеттілікті насихаттауға ұмтылды. Осы жерде сыншы С.Әшімбаевтың: «Ал, нағыз жазушы – ол ең алдымен, асқарлы ойдың адамы, шын мәніндегі азамат адам. Азаматтықтың қайнар көзі – адамгершілік екені де баршаға мәлім. Демек, азамат жазушы дегеніміз шынайы адамгершіліктің жаршысы емес пе? Ендеше жұмыр жер төсінде гуманизмнің салтанат құруы - әскердің, атом бомбасының күші емес, әлемнің әйгілі гуманист жазушыларының рухани күші деп білеміз», - деген пікірі осы гумансит-жазушыларға арнала қалғандай! (1,52).
Ұлттық әдебиетімізде бұл тақырып Абайдың «толық адамынан» басталып, 20 ғасырдың 70-80-ші жылдарындағы қазақ прозасында өз жалғасын тапты. Мораль тақырыбына М.Мағауин, Т.Әлімқұлов, Ш.Мұртаза, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, О.Бөкеев, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков сынды жазушыларымыз өз үлестерін қосты. Олар моральдық – этикалық мәселелерді қозғап, замандастардың рухани байлығы мен жан дүние сұлулығы, сонымен бірге өмірде кездесіп жататын гуманисткі моральға қайшы сан алуан жағымсыз әрекеттер мен тоғышарлық мінез, пиғылдары да әр түрлі дәрежеде суреттеп, сынға алып қалам тербеп отырды. Осындай бір қаламгерлердің бірі – Мұхтар Мағауин. «Өмірдің даңғырап жатқан түп – түзу жол жоқ. өмір жолы – бұралаң. Сол жолда адамға талай қиындықтар кезігіп, басынан небір ауыр күйлер де өтеді. Бұлардың өзі адамның қайратына ғана емес, адамгершілігіне де үлкен сын», (2,144) – деген сыншы Н.Ғабдуллиннің пікірі М.Мағауйн кейпкерлеріне арналғандай. Жалпы, адамгершілік, ар – иман қасиетері М.Мағауин шығармаларының негізгі ерекшелігі. «Мұрагері», «Қара қызы», «Тазының өлімі», «Көк мұнары» болсын соның айғағы.
Жазушы достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық сияқты біріне бірі қарсы құбылыстарды өзінің этикалық, эстетикалық жағынан саралап, өзі өмір сүрген әлеуметтік ортасының көптеген мәселелерін қозғайды.
Ғалым Ш.Елеукенов «Көркем туынды адамды тек қана жағымды қаһарманның іс үлгісімен тәрбиелеп, шабыттандырып, қанағаттандырып қана қоймайды. Сонымен қатар ол өзінің әлеуметтік, азаматтық пафосымен де, адамгершілік әуенінің биіктігімен де, әсемдікті әлпештеп, дәріптеуімен де, адам бойындағы асқақ сезімдерді ардақтап, оған мораль талаптарын қатаң түрде қоя білуімен де игі әсер етеді» (3,166)-деп айтқан екен. Сл сияқты М.Мағаин да өзінің аталмыш туындылары арқылы замандастарына адамгершілік мәселесін қатаң түрде талап етіп қоя білді.
Жазушының «Тазының өлімі» хикаятында ауыл өмірі суреттелген. Қазақтың басқа да ауылдары сияқты тіршілік кешіп жатқан ауылдағы оқиғалар арқылы жазушы адамдар санасындағы моральдық өзгерістерді көрсетуді көздеген. Біздің ұлтымызға ғана тән ерекшелік – жеті қазынамыздың бірі саналатын тазылардың жоғалып бара жатқанын, сол Лашые секілді асыл нәсілді тазының иесі Қазы сияқты ата жолды ұстаған, бабаларымыздың ата кәсібін ұстанып жүрген серілердің азайып бара жатқанындығын шығарманың негізгі идеясы деугеболады. Ал, сондағы Есенжол өзінің азғындығымен, тоғышарлық іс-әрекетімен қай қоғамға болсын моральдық тұрғыдан жат адам. Арағын Қазыға сатып, «ескілікті көздейтін кітаптарды Қызыл отауға жасырып жүрсің» деп Қазыға жала жауып, ауданнан адамдар шақырып, оны ұстап береді. Бұрынғы аң аулап жүогенде өкпесіне тиген суығы сол жандайшаптардың тексеруінен келгеннен кейін қайта қозып, көп ұзамай Қазы дүние салады. Қазы өлгеннен кейін еш керексіз болып қалған, ешкім қадірін білмеген, бағаламаған Лашын тазы бір топ қасқырлардың жеміне айналып, иесінің артынан кете барды. «Осы қабірдің дәл іргесінде қыран тазы Лашынның да қаны төгілген-тін. Бірақ оны ешкім де білмейді. Тазыдан қалған жалғыз белгі – ауыл еркектерінің басындағы түлкі тымақтар да көп ұзамай тозып бітті. Олардың орнын елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты. өйткені Лашын осы өңірдегі асыл нәсілдің ең соңғы тазы еді» (4,43). Қазының өлімі мен тазының өлімі сол өңірдегі саятшылық өнердің жоғалуына әкелді. Ал, Қазы өлгеннен кейін оның шаңырағын сыйламай, былғаған Есенжолдың сұм әрекеттерін адамгершілікке жатқызуға бола ма? Жоқ, әрине. «Иесі Қазының өлімі – шындығында Лашын тазының өлімі еді. Қазы қадірлеп өткен тазы бабалардың ата кәсібі болған серіліктің, тірісінде басынан сөз асырмаған Қазы рухының өшуі деп білеміз. Иә, Есенжол сияқтылар қай қоғамда да Қазылардан кейін өледі, көп нәрсеге бұрын қолдары жетеді. Оларға сырдың суы сирағына келмейді. Он Қазыдан да бір Есенжол қауіпті тип. Түбінде осы бір типтің көбеюінен ғана қорқуға болады», (5,68) – деген сыншы Сағат Әшімбаевтың пікіріне толық келісуге болады.
Сондай-ақ М.Мағауйннің «Қара қыз» хикаятында да моральдық проблемалар немесе адамгершілік және ар-ұждан мәселелері көтеріледі.
Оқиға шегініс арқылы баяндалып, Айгүлдің Мәскеудегі диссертация қорғайын деп жүрген жары Бексейітке жазған хатынан басталады. Ал сол Бексейіт ақ – адал жары Айгүлді жалғыз ұлы Сейтжанмен бірге тастап кеткен екі жүзді, эгоист адам. өз қара басының қамын ғана ойлап, бір дөкей ғалымға жағымпазданып, оның қызы Гүлжиһазды алады. Сол арқылы докторлық, профессорлық атақтан да құр қалмайды. «Асылы, адам характері, ой – психологиясы, кейбіреулердің әшейінде сыртқа жылтырап көрінетін сырбаз бейнесі басына іс түскен қиын кезде барынша ашылып, жықпыл-жықпылы толық көрініс береді ғой»,- (6,115) деген Т.Мәмесейітовтың пікірі дәл осы Бексейіт сияқтыларға арнап айтылғандай. Бексейіт алғашқыда «20 ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан және патша үкіметінің отарлау саясаты» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғай алмаған.
« - Тіс батпас тақырып...
- «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген, мәселе тақырыпта емес, жазуда.
- Рас. Жарық көрмегені болмаса, тамаша жұмыс еді деп мақтанатынсың.
- Жаңа шолып шықтым. Бұл қалпында баспаға жарамайды. Тым еркін жазылған. Деректер, мәліметтер тегіс дұрыс. Бірақ одан шығатын
қорытынды пікірлердің дені жаңсақ... Жаңсақ емес...Тым ұшқары. Өкінішті... Ой, тоба-ай, білмеген у ішеді деген рас екен-ау... Кейбір беттерін оқығанда осыны шынымен – ақ мен жаздым ба деп зәрем ұшты. Аңғал жастық-ай!..» (4,45-46)-деген сөздерінен оны шынайы келбетін көреміз. Бексейіттер сол қоғамдағы шындықты айтуға жалтаратын, тіпті сол ақиқатты ойлауға да есі шығып қорқатын, өкініш сезімінің орнына қорғамағанына қуанатын, бас аман, жан тыныштығын көксейтін сол дәуірдің бізге «таныс - бейтаныс» сарбаздары. Одан да олар заманына сай, жоғары жақтағыларға майдай жағатын «Социализм және ұлттар теңдігі», «Түркістан – Сібір темір жолының Қазақстанды индустрияландыру ісінде атқарған қызметі», «Ұлттардың жақындаса түсуі және коммунизм» деген айдарлы тақырыптарды жазғанды артық көреді. Отарлау саясатын зерттеуді қайтеді олар?! Олар қашан да осылай ойлайды. Өздерін ар-имандары беттерінде тұрған халқының жанашыр, пайдалы азаматтарымыз деп санайды.
Ал, Айгүл болса – нағыз ар-иман бетінде тұратын, жаны сұлу, адамгершілігі жоғары жан. Ертеден қара кешке дейін тұрмыстың бар ауыртпашылығын өз мойнына алып, Бексейіттің ғылым жолына жәрдем етіп жүреді. Мәскеуге Бексейіт оқуға кеткенде де бар тапқан таянғанын өзі мен сәби ұлы Сейітжанның аузынан жырып оқудағы Бексейітке жібереді. Өмірдің ешбір қиындығына мойымайды. Өзін ойламай, Бексейіттің тілеуін – тілеп кеткен «қара қыз» Айгүл жоғары деңгейдегі адамгершіліктің символы. «Адалдық, тұрақтылық, сертке беріктік, қанағат пен рақым, қайрат пен төзім, жақсы талап – бәрі де қаһарманның адамгершілік әлемінің сұлулығын танытатын асыл қасиеттер болмақ», (2,147) – деген сыншы Н.Ғабдулиннің пікірі осы Айгүлдің табиғатына арналған.
Ал, айгүлге қарама-қарсы кейіпкер Гүлжиһан қандай тәсілмен, қандай жолмен болса да ғылым кандидаты атағын оп-оңай алғысы келеді.
« - Кино, театр, ресторан... Курорт, санаторий... Ешқайсысынан кенде қалып жүрген жоқсың. Ал, мәдениетті адамға тағы не керек?
- Жақсы үй, жеткілікті жиһаз... дача, машина... толып жатыр.
- Сенде соның бәрі де бар. Тағы не керек?
- Милый!.. Менің кандидат болғым келеді...
- Қай тақырыпты алмақсың?
- Маған бәрібір.
- Кім жазып береді?
- Кім жазып бергені қалай? Осы қорғаған жұрттың бәрі Америка ашып
жатыр деймісің? Ескі кітаптардан, өздерінен бұрын қорғалған диссертациялардан көшіріп алады. Сосын сен не бітіресің? Ана көрінгеннің аузына қарап, қалтаңдап әрең күн көріп жүрген жаман кандидат Биқали да әйеліне қорғатып алды. Өзі жазып беріпті деген сөз бар. Әйтпесе, аузың қайсы десе мұрнын көрсететін нағыз миғұланың өзі...» (4,48)
Осы Бексейіт пен Гүжиһан арасындағы диалогтан біз Гүжиһанның қандай адам екенін көреміз.
Сыншы Сағат Әшімбаевтың «Мансапқорлық пен пайдакүнемдік, өзімшілдік пен қызғаншақтық, күншілдік пен есепқұмарлық, көрсеқызарлық пен дүниеқоңыздық, арамдық пен сырдандық, пайдақорлық пен жалақорлық – бұлар жалпы тоғышарлар атаулының ортақ мінездемесі» (1,54) дегеніндей, М.Мағауин да осы бір қоғамды дендеп алған дертті кейіпкерлері арқылы айтқызуы батылдықтың белгісі болып саналады.
Сыншының жоғарыдағы пікірі Гүлжиһан секілді тоғышарларға аямас соққы ретінде берілген.
Олардың мақсаты – жеңіл жолмен ғылыми атақ алып, ғалым атанып сол ғылымды күнделікті күнкөріс көзіне айналдыру.
Қысқа әңгіме болса да ауқымды мәселені көтерген «Архив хикаясы» әңгімесінде де М.Мағауин адам бойындағы арлылық пен арсыздық, достық пен дұшпандықты, әділдік пен әділетсіздік секілді мәселелердің күн тәртібіне қоя білді. Айналасы 20 айдың ішінде архивтен қазақ тарихына байланысты, әлі еш жерде басылмаған, ғылымға белгісіз аса құнды документті тапқан жас аспирант жігіт Сембек, дәл тура сол материалды Сембектен бұрын Сәмбет шалдың 7 жыл бойы іздеп тауып, бірақ жарияламаған, жариялауды қажет етпеген, атақ – дәрежеге қызықпаған, тек қана шындықты жазғысы келген, бірақ жаза алмаған, «жаздырмағанын» көреміз. Ал сол Сәмет шал Сембекке де материялды жариялауды тыйым салады.
« - Неге мезгілінде жариялатпадыңыз, - дедім бірталай үнсіз отырған соң өзімнің жеңілдегенімді мойындап.
- Уақытым болмады, - деді..шал
- Қалай уақытыңыз болмады? Жеті жыл бойы. Сондай маңызды дүние...
- Шырағым; - деді шал мені мүсіркей арқамнан қағып. – Менің сөзіме илан
Бұл – түкке тұрмайтын нәрсе. Түкке тұрмайтын. Құнсыз дегенім емес. Құнды. Аса маңызды документ. Бірақ Шекспир айтқандай, достым Горацио, бұл дүниеде біздің оймыз түгіл түсімізге де кірмеген неше түрлі ғажайып сырлар бар. Ғылымда да солай. Әсіресе жаңа өркен жайған қазақ ғылымында. Теңіз тұрғанда тамшыға алдануға мұрша қане...» (7,171) деген Сәмет пен Сембектің диалогынан көп жайды аңғаруға болады... Ал сол Сембек өзі тапқан құнды материалды Сәмет шалдың да бұрын өзіне дейін тапқанын біліп, бірақ ар – ұжданы, ұяты жібермей ол да баспа бетіне жарияламайды. Жоғарыдағы Бексейіттердей емес Сембек алдамшы атақ жолын қумайды, ол қазақ тарихының қойнауындағы «ашылмай жатқан» құнды сырларды халқының болашағы үшін тапқысы келетінін жасырмайды: «- Сендер тегіс кандидат атандыңдар, алдың докторлыққа аяқ басты – менде ешқандай ғылыми дәреже жоқ. Бірақ мен бәріңнен бақыттымын. Бәріңнен жоғарымын. Сендер алдамшы атақ соңында жүргенде мен үлкен шаруа тындырдым. Қыруар қазына бар менде!..» (7,177).
Одан әрі біз Сембектің сөздерінен қастерлі тарихымыз үшін ғана емес, мәдениетіміз үшін де маңызы бар құнды қағаздардың тектен-текке не себепті жойылып кететіні жөнінде жұмбақтың бір ұшығын аңғарамыз...
Ал, осы оқиғаға ар – ұждан мәселесі төңірегінде келетін болсақ, әрине, аспирант жігіт Сембек құр бос даурықпа атақтың соңына кетпей, тоғышарлықтан бас тартты. Бексейіт, Гүлжиһандар секілді ғылымды күнкөріс көзіне айналдырмай, шын мәнісіндегі халқына өзінің әйтеуір бір «жариялауға» болатын жаңалығы арқылы бір пайда келтіргісі келеді:
«- Сендер – бәрің бір қалыптан шыққан шикі кірпішсіңдер, - деді. – Бәрің де ғылымның исі мұрындарыңа бармайтын надансыңдар. Ештеңе білмейсіңдер. Аяқтарыңнын астында жатқанды көрмейсіңдер. Сөйте тұра ғылыми атақ аласыңдар. Атақ алған соң да дір-дір етіп тұрғандарың. Тегіс сужүрексіңдер. Менің атағым жоқ. Сонда да ештеңеден қорықпаймын. өйткені мен өзіме сенемін. өз құнымды білемін. Мен турасын айтатын адаммын. Мына сен доктор болғалы жүрсің... Басқа мақсат, басқа тірлік жоқ сенде. Докторлық...докторлық... Ал татимысың сол атаққа? Осыны ойладың ба? А? Татимысың. Сен білемісің...» (7,179-180).
М.Мағауин бұл жерде қысқа әңгіме бойына салмақты да салиқалы идеялық мазмұны сыйдыра білген. Жазушы қай шығармаларында болсын өз қоғамының рухани – адамгершілік деңгейін көрсетуді мақсат қып ұстап, сол жолда авторлық позициясын мейлінше ашық айтып отырады.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, адам және оның дүниедегі орны, қоғам және ұлттық дамуына кесірін тигізетін құбылыстар, әлеуметтік қоғамның ауруына айналаған – дүниеқоңыздық, мансапқорлық, аттаққұмарлық, яғни бір сөзбен айтқанда тоғышарлық дерт 70-80 жылдар прозасының ортақ проблемасы болды. Осы мәселелердің қаламгерлер сыни тұрғыдан суреттей отырып, адамзат баласына ар-ұжданын, иманын, адамгершілік биік ұстауға, жақсылық атаулының жаршысы болуға шақырады.
Ал осы тұрғыдан келгенде, барлық жазушылар сияқты Мұхтар Мағауиннің да туындыларының тәрбиелік, өнегелік мәні мен маңызы өте жоғары.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. – Алматы,1993
2. Ғабдуллин Н. Замандас келбеті.-Алматы,1972.
3. Елеукенов Ш. Замандас парасаты. – Алматы,1977.
4. Мағауин М. екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. Т.2. Хикаяттар.-1990.
5. Әшімбаев С. Парасатқа құштарлық. – Алматы,1985.
6. Мәмесейітов Т. Зерделілік айнасы.- Алматы, 1988.
7. Мағауин М. екі томдық таңдамалар шығармалары жинағы. – Алматы: Жазушы. Т.1. Әңгімелер, роман,1990.

«МҰХТАР МАҒАУИННІҢ «АЛАСАПЫРАН» РОМАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ »

Оспанова Ж.Қ. (ҚарМу)


Қазіргі қазақ әдебиетінің тарихы тақырыпты шығармалардың шеңбері кеңейіп, қабырғасы қатайғаны белгілі жағдай. Мұның өзі халқымыздың өткендегі өміріміздің шым-шытырығын, тар жол, тайғақ кешулерін, бостандыққа, тәуелсіздікке жету жолындағы күрестерін, ерлік істері мен жанталасқан шайқастарын бүгінгі ұрпаққа ғибрат етіп ұсынудың аса қажетті амалы екені кәміл. Иә, біздің қазіргі күнімізде еркіндікке қолымыздың жетуі ұлтарақтай жерлерін қасықтай қаны қалғанша қорғап, жауға бермеген ата-бабаларымыздың арқасы. Қазақтың кең байтақ, шұрайлы жерлеріне жан-жақтан ентелеп көз алартып отырған жаулары аз болмаған.Осындай қиын – қыстай замандарда ел басқарған хандар, сұлтандар, билердің, батырлардың елімізді тәуелсіздікке жеткізу үшін, өз жері, өз діні, тілінен, халқымыздың бойындағы асыл қасиеттерден айырмау үшін аянбай, жанталаса, жүректері сыздап, аттың жалында, түйенің қомында жүріп күн кешкені баршамызға мәлім.
Міне, осындай тарихта орын тепкен, халық жадында із қалдырған құбылыстардың табиғатын танытып, көркемдік шындығын ашып, сол арқылы елдің шежіресін жаңа қырынан түсіндіріп, нақтырақ таныстырған қаламгеріміздің бірі – Мұхтар Мұқанұлы Мағауин болатын.
Осындай тарихи тақырыпта жазылған тарихи романдар біздің қазіргі қазақ әдебиетімізде молынан ұшырасады. Атап айтсақ, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Софы Сыматаевтың «Елім-ай», Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» дилогиясы, Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» романын, Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» дилогиясы, тағы басқа да көптеп мысалға келтіруге болады. Осы шығармалардың барлығының негізінде қазақ халқының сонау өткен дәуірлердегі басынан кешкен қиын-қыстау замандарын, мемлекет құру үшін жанталасқан күрестерін суреттеуге құрылған. Қаламгерлер сол дәуір шындығына сүйсіне отырып, тарихи шындықты көркем шындықпен сомдап жазған. Бұл тарихи романдарды оқи отырып біздің қазақ халқының қандай қиыншылықтарды бастарынан кешіргенін біліп, жүрегің қан жылайды. Оңтүстіктен де, солтүстіктен де, батыстанда, шығыстан да анталаған жаулардың көздеген бір ғана мақсаттары болды. Оның ішінде халқымыздың тілі, діні, ешкімге ұқсамайтын менталитеті, жойылып кеткені болмаса бір ауқымы кең үлкен тақырып. Арыға бармай-ақ берідегі патшаның отарлау саясатын айтсақ та жеткілікті.
Осы жоғарыдағы мәселелерді шығармасына арқау етіп, кезінде қалың оқырман жұртшылықты өзінің ерекше тіл өрнегімен, бояуы қанық, ұлттық колоритімен елең еткізген, ең бастысы, бізге, көпшілікке белгісіз, құпия болып келген тарих беттерін парақтап, тарихи көне дүниелерді қалың жұртқа танытқан «Аласапыран» дилогиясы болды. Бұл шығарма халық тарихының тереңіне бойлап, шоғы санамыздан аз – ақ өшуге шақ қалған салт-санамызды, әдет-ғұрпымызды көз алдымызға қайта әкелген құнды дүниелердің бірі.
Бірнеше тарихи дерек, фактілердің ішінен ең құндысын, шындыққа жақын-ау дегенін таңдап алып, оларды бір-бірімен тігісін жатқыза отырып, әр-түрлі тарихи оқиғаларды арнайы бір образдар маңына топтап, орналастыру тек жоғары деңгейдегі ізденімпаз, зерттеушілік қабілет пен жазушының шеберлігінің тоғысуынан, үндесуінен туындары хақ.
Өзімізге белгілі, қазақ пен орыс халқының арасындағы мәдени, саяси және тағы басқа да қатынастардың тамыры әріден, атап айтқанда 16-ғасырдан басталады. Тарихымызға жүгінер болсақ, орыстардың сібірге келіп, Тобыл,Түмен қалаларын салу, қазақ ханзадасы Ораз-Мұхамедтің Мәскеуге барып, орыс патшасына қызымет етіп, кейін Қасымов (Хан Кермен) қаласына хан сайлануы (1600 жылы хан сайланды), міне, осының өзі орыс – қазақ қарым-қатынастарының алғашқы баспалдақтары болып саналады. Міне, екі халық тарихындағы бұл маңызды бетбұрыс болған сол тарихи дәуір шындығы бүгінгі әдебиет өкілдеріне зор жауапкершілікті, үлкен міндеттерді жүктеген.
Тарихи тақырыпта шығарма жазу деген өткен дәуір шындығына үлкен жауапкершілікпен, талғаммен қарауды қажет етеді.
«Шығарма арқауы - шындық», - деп Зейнолла Қабдолов айтқандай, бүгінгі күнімізде қалың қазақ оқырмандары тарихымыздың тереңдігі шындыққа құмар. (1)
Міне, осындай жағдайда Мұхтар Мұқанұлы Мағауин қиян заманның шежіресін толғап, шындықты аңсап жүрген қазақ қауымына екі кітаптан тұратын тарихи романын ұсынады.
Енді біз осы арада көркемдік шындық пен тарихи шындықтың ара жігін ажыратып алайық. Ғалым Кенжебай Ахметов өзінің «Әдебиеттану әліппесі» еңбегінде оларға мынадай түсінік береді: «Тарихилық – қандай да бір тарихи дәуір келбетін жанды суреттер, нақты адам тағдырлары мен мінездері арқылы танытатын көркем әдебиеттің басты сипаттарының бірі.
Көркемдік шындық – қаламгердің шығармашылық көрінісінде қорытылып, сұрыпталып барып, әдеби туындыда көркем суретке айналған өмір шындығының бейнелі көрінісі. Шығармадағы көркемдік шындық, біріншіден, шығармадағы негізгі ойды бұрмалауға, ойдан шығарудың шегін белгілеуге ықпал етеді»,- деп түсіндіреді. (3)
Сонда, кез-келген шығарманың арқауы етіп қаламгерлер тарихи шындықты алады. Ал оны өз туындыларына көркемдік тәсілмен, көркемдік айшықтаумен жеткізеді. Орыс ғалымы Г.Н.Поспеловтың «Проблемы исторического развития литературы» деген еңбегінде: «Тарихилық деген жанрлық белгіні емес, тақырыптық ерекшелікті танытып, жазушыдан өзі суреттеп отырған дәуірдің әлеуметтік, экономикалық даралары мен тұтастығы талап етіледі»,-делінген. (4)
Сонда, тарихи шығарма өзегінде жекелеген адамдардың басында болған тұрмыстық оқиғалар емес, белгілі кезең, дәуірдегі халық тағдырын таныта алғандай тарихи-әлеуметтік құбылыстар жатуы шартты.
«Аласапыран» - шығарма негізінде тарихи дәуір шындығы жатқан шығармалардың бірі. Яғни Мағауин «Аласапыранды» жазбастан бұрын, әдебиетіміздің тарихына үңілген еді.
«Аласапыран» романының оқиғасы 16-ғасырдың соңғы жылдарындағы кең байтақ жерді жайлаған қазақ даласын, Ібір – Сібір жұртын, орыс елі қамтиды.
Ең бастысы, жазушы М.Мағауин Ораз-Мұхамед сияқты тарихи тұлғаны танытып қана қоймай, сол образ арқылы халық тағдырын көрсеткен.
Аттары Алтын Орда, Ақ Орда және қазақ хандығына белгілі болған аталары Орыс хан, Барақ хан, Жәнібек хан, Шығай хандар сияқты Ораз – Мұхаммед те тарихи тұлға. (6)
Оның туған жылы белгісіз, ал өлген жылы 1610 жыл болатын. Ол Жошы әулетінен шыққан қазақ сұлтаны, Қасым ханның немере інісі Орыс ханның ұрпағы.
Ата мекенінен мәңгілікке кететінін 16-жастағы жас ханзада ол кезде білген де жоқ еді. Тағдыр тәлкесімен 1586 жылы Сібір хандығының астанасы – Ескер қаласына келіп, 1588 жылы Сібір ханы Сейдахметпен бірге аңға шыққан жолы орыс әскерлерінің қолына түсіп, Мәскеуге жөнелтіледі. Мәскеу патшасы оны жылы құрметпен қарсы алды. Осыдан бастап сұлтан орыс әскерлерімен бірге 1590 жылы шведтерге қарсы соғысқа, 1598 жылы Қырым хандығына қарсы соғыстарға қатысты. Бірінші рет Тәуекел хан елшілер жіберіп Ораз-Мұхаммедті еліне қайтаруды сұрағанмен, бұл жәйіт жауапсыз қалып, Ораз-Мұхаммед өмір бойы туған елін аңсап, қайтып орала алмай арманда жүрген.
Сол жат елде хан сайланып, ақыры 1610 жылы опасыз 2 Жалған Дмитрийдің жалдамалы женденттерінің қолынан қаза табады.(7)
Ораз-Мұхаммед – шынайы өмірде де, романда да халқының ұлы. Оны жұрттың тағдыры қатты толғандырады. Ораз – Мұхаммед ел үшін бар ғұмырын сарп етуге даяр.
Автор Ораз-Мұхаммед бейнесіне терең тарихи таным таныта алған. Ол – ардақ тұтқан өз жұртында да, сый құрметке бөленген, орыс елінде де, шведтерге қарсы жорықта да, хан болып сайланғанда да, патша тағының басындағы талас-тартыс кезінде де, жақындарынан айырылғанда да – қасиетті ұлы мақсаты оны өмірден түңілтпеді. Ол мақсат – халқына адал қызмет ету, жоқшысы, жанашыры болу. Аласапыран күндерде кіндік қаны тамған жерге деген сағыныштан бір сәт те айнымай өтеді.
Өмірде де, романда да он жеті жасынан бастап өз заманының әлеуметтік саяси жағдайларын біліп, түсініп өскен Ораз Мұхаммед қысқа ғұмырында орыс елі – Ібір – Сібір жұрты қазақ даласы бір-бірімен белсенді тарихи қарым-қатынаста болған еді.
«Ұзын оқты Ондан сұлтанның баласы» Ораз Мұхаммед қазақ даласы мен орыс жерін жалғастырушы көпір сіпеттес. Россия патшалығында бар ғұмырын өткізгендіктен ол туралы ғылыми еңбектердегі нақты мәліметтер де жеткілікті, әрі сенімді. Атап айтсақ, оған К.М.Карамзиннің (1766-1826) 12 томдық «Россия мемлекетінің тарихы», В.В.Вельяминов-Зерновтың (1830-1904) 3 томдық «Қасымнан тараған хандар мен ханзадалар туралы зерттеуін», Мұхамед Хайдардың (1499-1551) «Тарихи Рашиди», Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағын», Хиуа ханы Әбілғазының (1603-1663) «Түркі шежіресі» мен «Түркімен шежіресі», орыс жылнамалары Никон жылнамасын, Новгород жылнамасын, тағы басқа еңбектерін жатқызуға болады.(1)
Ораз Мұхаммед өмір сүрген дәуірде және бір мемлекет құру, ұлттық бірлікті, әскери бірлікті күшейтуден артық мүдде болмағаны бізге мәлім. Осындай жағдайда халыққа жақсылыққа үміт артар жолбасшы ретінде көрінген жас сұлтанның кенет көзден ғайып болуы өкінішті-ақ жағдай еді. Ал оның жат жұртта хан сайланып, билікке қол жеткізуі тарихи құжаттармен дәлелденген.
Бір басына жетерлік атағы мен билігі бола тұрса да оның тағдыры қөайғылы еді. «Оның тргедиясы туған жерден алыстағы, отансыздық. Бұған да кейіпкер кінәлі емес, аласапыран заманның құбылып соққан желі мен селі кінәлі. Қазақ сұл танын жәбірлеген кездейсоқ жалған патша мен патшайымның күдікшіл ниеті. Осы кездейсоқтың дауылында болған Россияның басы дауға қалған», - деп Бақытжан Майтанов дұрыс атап өтті. (7)
Былай қарап отырсақ, қазақ сұлтанының тұтқынға түсірілуі, патшаға апарылуы үлкен әлеуметтік, саяси астары бар екені көрініп тұрады. Ондағы мақсаттары өз ел іштерінде қырық пышақ болып таққа таласып жатқандарды өшіктіріп, бір жағына сый-сияпат көрсетіп, құрметті атақтар беріп, бір-біріне айдап салып, түпкілікті одақтасы етіп алып, әскер бере отырып жауларына қарсы айдап салу – орыс патшалығының ерте кезден бері ұстанып келе жатқан амалы, тәсілі болғаны бәрімізге белгілі.
Кейбір тарихи құжаттарда, жазушы Мұхтар Мағауиннің көрсетуі бойынша, Ораз-Мұхаммедтің орыс еліне еріксіз тұтқын ретінде барды десе, ал кейбірінде оның патша қолына түсуі Сібірде аң аулап жүрген кезде байқаусызда алданып, тұтқынға алынуы жай нәрсе емес, патша саясаты үшін елеулі оқиға болғандығы көрсетіледі. Яғни тарих шындығына келетін болсақ, орыс патшасы Ораз-Мұхамедті өз тізгінін ұстап отырған қазақ хандығының аса қадірлі адамы екенін біліп, бірінші оны қолға түсіріп алып, Тәуекел ханмен одақтасуы анағұрлым ұтымды еді.(4)
Мұндай оқиғалар тарих беттерінде бұрын аз болмаған. Яғни патшаның бодандығын мойындағысы келмеген хандар мен сұлтандардың біразы алдап қолға түсіріп, аманат ретінде ұсталынып, еліне қайратылмағаны мәлім. М.Мағауиннің желісі бойынша да Ораз Мұхамедтің халі де әлгі айтқанның бір көрінісі болған еді. Ал ондағы Ресей патшалығының мақсаты қазақ мырзаларының арасынан осындай талай-талай адамдарды өз қарауларына түсіріп, уақыт өте келе оларды шоқындырып, графтық, князьдық, тағы басқа атақтар беріп, Ресейдің аса беделді сонжарлары етіп алып, өз қаны бір қазағына қарсы айдап, осы шонжарлардың көмегімен қалған қарапайым бұқара халықты шоқындырып, орыстандырып, тілінен, дінінен, ділінен бездіріп, мәңгүрт ұлтқа айналдыру, тіпті қазақ деген елді тарих сахынасынан жойып жіберу болды.
Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романында 16-ғасырда билік құрып тұрған Тәуекел ханның кезеңі қазақ тарихында ең бір ауыр кезең болғанын, ең зұлмат жауы – Бұхар ханы Абдолла болғанын, осы жаудың қазақ жеріне маза бермей, астана болған қалаларымыз Түркістан мен Сауранды басып алғандығын тарих жылнамаларына сүйене отырып, осы бір тарихи шындықты көркем шындықпен бейнелейді. Осындай ауыр кезеңде Тәуекел ханның Ресеймен одақтастық құруды көздеп елшілер жібергені заңды да.
Сонымен қоса романда Ресейдегі алмағайып кезеңнің шындығы да мол орын алады. Жазушы Мұхтар Мағауиннің айтуы бойынша, тарихта да, романда да Ресейдегі аласапыран кездегі халықтың сансыз қиыншылыққа ұшырағаны, елдің аштықтан, үздіксіз толастамайтын соғыстан, ақсүйектердің сатқандығынан қарапайым жұртшылық өз патшаларының кім екенін ажырата алмай сенделгені баяндалған.
Жазушы бұл романда замана шындығын түсіне отырып, және сол шындықты мейлінше шыншыл күйде бедерлеген. Автор тарихи шындықты тарата отырып, адам тағдырлары мен замана шындығына орай өзгеріп отырады. Қаламгер М.Мағауин өз елін,өз жерін шын сүйген, сол елі үшін құрбан болған Ораз Мұхамед тағдыры арқылы бүкіл дәуір келбетінің шындығын көрсеткен.
Сондай-ақ, романдағы Ескер жерінде орыстар салып жатқан Тобыл, Түмен қалаларының тарихы да шын болған оқиғалар. Оған тарихшы В.И.Кочедамовтың, Б.О.Долгихтың «Родовой и племенной состав народов Сибири в 18 - веке» деген еңбегі, тағы басқа тарихшылардың материалдары дәлел болады.
Тарихшылардың барлығында Ораз-Мұхамедтің Мәскеуге келгені 1588 жыл деп көрсетілген.бірақ оның келу себебі әр түрлі түсіндіріледі. Оның біреуінде ханзаданың өз еркімен патшаның қол астына қызметке келгенін айтса (Н.И.Шишкин), бұл пікірді Вельяминов-Зернов та қостайды.
Ораз-Мұхамедтің тұтқындалып барып, Мәскеуге әкелінгендігінің өзі тарихта әр түрлі көрсетіледі.Оның бірінде Ораз-Мұхамед Сібір ханы Сейтекпен бірге Тобыл қаласына шабуыл жасап, сол соғыс кезінде қолға түскен деп жазылса, ал екіншісінде Сібір ханы Сейтектің бұрын Көшім ханының қол астында болып, кейін тастап кеткен Қадырғалимен бірге құс салған боп жүріп, әдейі қаланы барлауға келгендігін, олардың арам пиғылын орыс воеводасы біліп қойып, алдап қолға түсіргенін айтады.
М.Мағауиннің бұл деректердің шындыққа жақындығын біліп, кейінгі оқиғалардың өрбуіне негіз етіп алған. Ал, енді 1594 жылдағы қазақ даласынан келген елшілікиің грамотасындағы Ораз-Мұхамедті еліне қайтаруын өтінуі де қалай да оның Мәскеуге өз еркімен келмегендігін дәлелдейді. Романдағы Тобыл воеводасы Данило Чулковтың Ораз-Мұхамедке, Сейтек ханға қонақасы бергені тарихи шындық екендігін Сібір жылнамалары көрсетеді. (4)
«Аласапыранның», «Швед жорығы», «Нарва түбіндегі ұрыс» деген тарауларда Ораз-Мұхамедтің воевода сайланып, 3 мың әскерді басқарып, (Ресей патшасының тапсыруы бойынша), шведтердің басшысы Сигизмундке қарсы жорыққа қатысқан туралы фактілерді де архив құжаттары растайды.
Тарихта да, романда да Ораз-Мұхамедті қайтару туралы 3 рет Құл Мұхамед елші басқарған елшілік келген екен, оның ешқайсында да Ораз-Мұхамед еліне қайтпайды. Оның трагедиялық өлімі туралы да әр түрлі деректер бар. Бір деректердің көрсетуі бойынша, Ораз Мұхамед өзінің жасақтарымен және Жалған екінші Дмитриймен бірге аңға шығып, оны Жалған патша Анадария маңында қылыштап өлтіріп, денесін сол суға лақтырып, ал Ораз-Мұхамедтің достарына «Хан мені өлтірмекші болды, жанымдағының көмегімен аман қалдым. Ол Мәскуге қашып кетті»,- деп жалған айтады. Оны ОЛраз Мұхамедтің досы Петр Урусов біліп қойып, Дмитрийді алдап аңға алып шығып, досының өшін алған дейді. Ал кейбір деректерде Ораз Мұхамедтің өлімінің тарихи шындығы былай баяндалады: Ораз Мұхамедтің ұлы Мұхамед Мұрат Жалған Дмитриге оның әкесінің өлтіргісі келетіндігін айтып қойып, әкесіне үлкен сатқындық жасайды. Өз басының қамын ертерек ойлаған Дмитрий Ораз Мұхамедтің ұлының көмегімен оны аңға жүргенде өлтіреді. Ал, романда Ораз Мұхамедке сатқындық жасаған оның жиені Мұрат – Мұхамед деп көрсетіледі. (4). Ұлы туралы сөз болмайды. Себебі М.Мағауин Ораз Мұхамедтей асыл жанды, ел ардақтаған азаматтың тағдырына деген оқушы қауымының құрметінен гөрі жадағай аяныш басым болып шығатынын, ал Ораз Мұхамед туған баласынан да опа таппқан жалған бейбаққа айналарын белгілі сыншымыз Жанғара Дәдебаев өзінің «Жазушы еңбегі» атты кітабында атап көрсетті.
М.Мағауин өзі суреттеп отырған дәуір шындығына, басты кейіпкерлердің тағдырына қатысты қазіргі тарих ғылымына белгілі және әлі де болса белгісіз тарихи документтерді, фактілерді зерттеп, білудің нәтижесінде бізге осы «Аласапыран» атты романын сыйға тартты. Оның суреттеп отырған тарихи дәуір шындығы көркемдік жағынан болсын, ғылыми тұрғыдан болсын мейлінше нанымды, дәлелді де дәйекті.
«Аласапыран» дилогиясы халқымыздың жанды шежіресіне айналды. Онда қамтылған кезеңдер сол бір алыс заманның хал-ахуалын бізге танып түсінуге дәнекер боларлық туынды.ондағы өмір шындығы көркем шындықтың бастауы, ал көркем шындық өмір шындығының көркі мен ақиқатын танытты.
Осы орайда Ж.Дәдебаев: «Мұхтар Мағауиннің ойлау парасаты мен шеберлігі жоғары суреткерлік тұрғы биігінде тоғысып, парасат-шеберлікпен, шеберлік парасат байлығымен ұштасқанда, әдеби шығармаға қойылар басты шарт – тарих шындығы мен жазушы еңбегі арасында әсем келісім, көркемдік жарасым салтанат құрған», - деп дұрыс атап көрсетті. (4)
Жоғарыда айтып өткеніміздей, тарихи шындық, сол тарихи шындықты қайта тірілтер көркемдік шындық бар. Жазушы М.Мағауин сол шындықтарды түйсінген, өзін сүйіп оқитын оқырманның көңілінен шыққан.
«Аласапыран» - өзінің қайталанбас ерекше көркемдігімен, айрықша тарихи образдармен өз халқымыздың арғы дәуірлерінен хабардар етіп, сол заманға шындығын кейінгі ұрпақтарымыздың санасына құятын, тегін танытып, еліміздің тарихын қадірлеуге үйрететін дараланып тұрған құнды шығарма десек артық айтпаймыз.



Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Сөзстан. Алматы: Жалын,1986,-7.-141-151бб.
2. Бердібай Рахманұлы. Тарихи роман, Алматы,1997,289-296 бб.
3. Ахметов К. Әдебиеттану әліппесі, Алматы,2000, 58-65 бб.
4. Дәдебаев Ж. Жазушы еңбегі, Алматы, Қазақ университеті, 2001, 59-289 бб.
5. Жалайыр Қадырғали. Шежірелер жинағы. Құрастырған: М.Мағауин.Алматы, 1997, 3-8 бб.
6. Қазақтар. Алматы, 1998, 2 том, 68-69 бб.
7. Майтанов Бақытжан. Қаһарманның рухани әлемі, Алматы: Жазушы, 1987, 182-198 бб.

ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АБАЙ ДӘСДҮРІ


Бердіқожаева Д.С. (ҚарМУ)


Халқымыздың ғасырлар бойғы тарихын санасынан өшіріп, ата-салтынан айнып, дәстүрді аяқасты етуін, яғни мәңгүртке айналуын көздегендердің бірі – отаршылдық саясатты ұстанған патшалық Ресей, екіншісі – осы саясатты жалғастырған Кеңес өкіметіеді. Абай мен Олжас ақынның қалам ұстаған уақыты Қазақстан тарихындағы күйзелісті, аласапыран заман болатын. Екі тұлғаның да шығармашылығы өз заманындағы рухани өмірге қозғау салған, сілкініс әкелген құбылыс болды. «...Абай отаршылдықтың қалың түнегі әбден тұмшалап басып алған, санада саңылау қалмай бара жатқан кезді көріп қан жылап қасірет шекті... Абай ой азат болмай, бой азат болмайды деп ұқты. Қазақтың көзі ашылмай, өз жолын, таба алмайды деп білді. Ол, ең алдымен, рухани бодандықтан азат болу үшін күресті» (1,4).
Ал, О.Сүлейменов өз шығармашылығында дана Абайдың қазақ елдігі жолындағы мақсат-мұратын үлгі тұтты.
Қос ақын қазақ халқы тарихының поэзия кестесіне өзіне дейін түспеген қатпар-қатпар көне қыртыстарын терең қопарып, ұлттық ойдың даму үрдісіндегі талай-талай кезең-белестерді тартымды да танымды жырлады. Мәселен, көк түркі әліпбиімен жазылған «Күлтегін» жырында:
«Биікте көк Тәңірі
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы жаралған»,- деген жолдар бар.
Олжас «Ойхой нөсер!» («Наконец») өлеңінде былай дейді:
«Жаңбырдан соң шалғын да өсер,
Гүл де өсер.
Шын ғашықтар ебін тауып тілдесер.
Жырлаңыздар,
Жырлаңыздар тартынбай,
Жер мен Көктің үйленуі
Бұл нөсер» (2,104).
«Наконец!
О грубый летний ливень,
Крупная мелодия воды...
...между небом и землей –
Колонны,
Руки,
Реки,
Мы сегодня – ливни.
Нам сегодня
до всего есть дело!
Пейте, пойте –
Это тоже дело.
Ливни – свадьбы неба и земли!» (3,138).
Түркі ұрпағы қазақ ақыны. Олжас қанша ғасырлар өтсе де, қандағы ілкі қасиетті әдемі суреттейді.
Абайдың «Жазғытұрым» өлеңінде де Жер мен Көктің байланысы бейнеленеді:
«Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті».
Бұл үш үндестіктің түп-төркіні – көне түркілік түсініктегі тарихи таным да, оның көркемдік сабақтастығынада жатыр. Мұндай дәстүр сабақтастығын сақтау, дамыту өресі биік елдің әдебиетінде ғана тән ерекшелік деуге болады.
Ертедегі бадаларымыздың осынау ұғымы тым әріден бастау алады. Ақыл – ой кемелдене келе аспандағы түрлі құбылыстың жердегі болмысқа тікелей ықпал ететіні, жер бетіндегі мұқым тіршіліктің өсіп - өнуі, жаңаруы мен жоғалуы Көктің әміріне бағынышты екені анықталды. өйткені, өмір тәжірибелері көрсетіп бергендей, жер өзгереді, тау қозғалады, шөл дала ну орманға, ну орман қу тақырға айналады, өзнедер арнасынан ауысады, мәңгі өзгермейтін тек Аспан ғана және өзгерістердің бәрі де тек соның ықтиярымен болып жатады. Аспанның (Көк Тәңірі) адамзат баласы білуге, бұйырмаған бұл құпия сырына тәнті болған жұрт оның құдыретіне бас иетін болды. Жерге жарығын шашып, жылуын төгіп, жаңбырын сеуіп, қара тастың қойнына құт дарытып, көк лайсаңға өмірдің қан базарын орнатқан аспанда – Ата, ол жанды ағза атаулының алтын ұя жөргегі болған Жерді – Ана деп ардақтады.
О.Сүлейменовтің табиғат лирикасында Абай ықпалы сезіледі. Ақынның мына бір өлеңіне назар аударайықшы:
«Аққұба қыс, ашулы қыс, ақ боран,
Мен даланың перзентімін қап-қара.
Ақылымнан алжастырсаң,
Жынданып,
Мен ғашықтың міндетін дәл атқарам.
Құсам сені
Секілді бір түпкі арман
Алып ұшқан албырт көңіл құптар ма?!
Өзінің ақ бұрымыңды уыстап
Ұстадым ба,
Аққұба қыс,
Құтқарман!»
Ал Абай ақында қыс көрінісі қалайша суреттелуші еді? Абай «Қыс» атты өлеңінде:
«Ақ киімді денелі, ақ сақалды,
Соқыр-мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдан қыс келіп, әлек салды»,- деп жырлайды ғой. Екі өлеңде де құбылтудың бір түрі – кейіптеу тәсілі қолданылып, Абайда қыс суреті қаһарланған, ашулы ер адам бейнесінде берілсе, Олжаста ақ бұрымды ашулы бойжеткен бейнесінде әспеттеледі. «Абай феномені!.... Абай шығармашылығы өз кезеңінде қандай өзкенті болса, қазіргі нарық жағдайында да сондай тұрғыдан орын алған. Бұл феноменді немен түсіндіруге болады? Менің ойымша ол өмірдің өзгермейтін заңдылығын терең бағамдағанда, соны шығармаларына арқау еткен»,- дейді А.Қарпық өзінің еңбегінде (4,9). Шынында да Абай өз табиғат лирикасында мәңгілік айналымдағы жыл мезгілін суреттейді. Жоғарыда екі өлең жыл мезгілі туралы, бірақ бұларда адам өмірінің кезеңі – жастық шақ, ересек тарту, кәрілік жөнінде де айтылады. Терең иірімді лирика мен философия біте қайнасып кеткен, ажырағысыз. Сондай-ақ бұл өлеңдерде табиғат аясындағы халық өмірінің суреті көрсетіледі.
О.Сүлейменов «На озерах Купгальджино» өлеңінде:
«Гуси белые,
Бедные гуси,
Не отпустим вас,
Не отпустят
Дорогие поля и кущи
Паутинные петли грусти.
...Осень
Снег опускается первым –
Его белые страшные перья.
Он весну приносил...» - дейді. Ұлы Абайдың «Қыс» өлеңі мен Олжас ақынның манағы екі өлеңінен ертедегі көшпелі қазақ халқының адал ұрпағының жыл мезгіліне деген көзқарасын, таным-түсінігінаңғарасыз. Күзе және қыста болатын қара суыққа, ызғарлы сұрғылт бұлт жөңкіге зәрлі желге, қыста азынай ішін тарта соғатын алай-түлей ақ түнек боранға қарама-қарсы көктем мен жаз дала тұрғындары үшін жақсылық, сұлулық пен әсемдік атаулының қайнар көзі іспетті.
Абай өмір сүрген уақыт – құмырысқа тіршілік белең алып, мінез ұқсатылып келген шақ. Мысалы, ақын «Көжекбайға» атты арқау өлеңінде:
«... Ел нұсқасы кетті ғой
Елімін деген салты бар.
әлі күге уайым,
қылған жан жоқ, ұялмай»,- деп хандық жойылып, толық бодан болған кезді ашына түйреп өтеді.
«Өз үйінде өзендей
Күркірейді, айтса дау.
Кісі алдында кірбіңдеп,
Шабан, шардақ және шау.
Мұндай ма едің ана күн,
Мұның қалай, батыр – ау?!»- деп «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңінде ел сүйеніш етер ердің бойынан намыс отын кермей, назаланады. Асылы, Абай бұл жерде жеке адамның емес, елдің намысы, елдік намыс туралы айтып отыр. «Бұл кездері өгіз терісі талыстай жерін, өйткені намыс деген қасиетті мінез жоқ. Абайды күйіндірген де осы. Сонда намыс қайда кетті? Бір ел екіншісіне өктемдік жүргізгенде алдымен оның рухани байлықтарын құртады, санасындағы асылдарын жояды. Сонда ғана ал ел тығырықты буыршындай соңынан салпаңдап ере кетеді. Абай кезіндегі халық осы халде» (5,291). Ал, Олжас Сүлейменов «Слон флоры» өлеңінде эпостағыдай баяндау – прозамен, яғни әлқисса түрінде, лирикалық кейіпкер тілі - өлеңмен беріледі:
«Серая степь – саванна... Главный принцип
жизни в саванне – цветом не выделяется...
Бетономастный баобаб.
Ему – то от кого скрыватся!
... Польстим ему:
-Ты самый лучший,
ты польн жизни, дерзок смел,
зачем ты рядишся под смерч?
Зачем ты сер?!
- На всякий случай».
Кеңестік идеология саясаты белең алып тұрған кезеңде ел іші бұзылған заман болды. «Сонда сол зұлымдық жеңді ғой деп мойындап, оған өзіміз көмек болғанымыз өтірік пе? өтірік емес, бәрі шындық» (6,8). Кейбір ел ағаларының өздері жасқаншақ кейіпке түскен. Бір кездері дүние жүзін тітіретіп, өз асқақтығын мойындатқан туған халқының рухын қайрау үшін, ақын Олжас «сұр» түсін шебер қолданған.
Олжас Сүлейменов Абай жолын ұсынып, қазақтың адамгершілігін, тазалығын, ар-ұятын, татулығын, рақымшылдығын, әділдігін, имнашылдығын елдік қасиетін сақтап қалу арқылы ғана қазақты сақтап қалуға болатынын жақсы түсінді. Біздің ойымызша, екі ақын да қазақтың ішкі әлемнің тазалығын қорғап, жан дүниесін ізгілікке бөлеу үшін, өз дүниетанымдарында «Иассауи» ағымының сопылық идеясына ғана емес, ортағасырлық Шығыстағы мұсылмандық идеологиядағы ең ірі ағымдардың бірі – исламдағы мистикалық – аскеттік ағым – Қожа Ахмет Иассауидің өзінің таным теориясына әсер еткен суфизмге де тереңдей ден қойған. Мәселен, хакім Абай:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және сүй хақ жолы деп әділетті», - деп «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде «сүйіспеншілік – танымның дәл өзі» деп есептеген сопылардың басты түсінігін жырға қосады. Тіпті орыс ақыны А.С.Пушкинні «Подражания Корану» өлеңінде де сопылық ой өз арнсын тапқан.
«Творцу молитесь, он могучий:
Он правит ветром, взойный день
На небо посылает тучи;
Дает земле древесну сень.

Он милосерд: он Магомету
Открыл сияющий Коран
Да притечем и мы ко свету,
И да падет с очей туман».
Ю.Г.Петраш «Тень средневековья» атты еңбегінде: «Суфизм – белгілі бір әлеуметтік – экономикалық жағдайда ортодоксальдық ислам дінінің негізінде пайда болған мұсылмандық дәріптеудің бір түрі. Құранның жекелеген аяттарының өзінде көптеген осындай белгілер бар. Оларға кейіннен суфизм идеолготары көрсеткендей, дәстүрлі мұсылмандық канондары ретінде қарамау керек. Құранның көптеген аяттарында алла барлық жерде болатын субстанция түрінде көрініс береді. Мысалы, ол жарық («Алла – аспан мен жердің жарығы» (24,35))...деп аталады», - дейді (7,32). Демек, алланың бір есімі жарық екен. Біздің ойымызша, Құран мен суфизм ағымы өкілдерінің еңбектерін орыс ақыны оқып, көптеген аяттарда алла барлық жерде болатын субстанция түрінде көрінетінін пайымдаған.
Өлеңнің келес жодарында ақын А.С.Пушкин былай дейді:
«Торгуя совесью пред бледной нищетою,
Не сыпь свойх даров расчетливой рукою:
Щедрота полная угодна небесам.
В день грозного суда, подобно ниве тучной,
О сеятель благопалучный!
Сторицею воздаст она твоим трудам.
Но если, пожалев трудов земных стяженья,
Вручая нищему скупое подаянье,
Сжимаешь ты свою завистливую длань,-
Знай: все твои дары, подобно горсти пыльной,
Что с камня моет дождь обильный
Исчезнут – госпадам отверженная дань» (8,74).
Мұнда Омар Хайям, Сағди, Науаи сынды шығыс ақындарының сарыны сезіледі, «пайғамбарымыздың да ең көп сынағы да бір қарағанға сырты жылтыр, ішінде не жатқаны белгісіз екі жүзділер болған! Пайғамбарымыздың сондай бір хадисін Абай өзінің отыз бесінші ғақилиясында келтіреді», - дейді Т.Қыдыр өзінің «Абай және хадис немесе рия мәселесі» мақаласында (9,5). Абай осы ойын өлең жолдары арқылы да береді:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шың көңіл,-
өзгесі хаққа жол емес».
Ақын бұл өлеңінде құлшылық жасау үшін әуелі жүрегің таза болу керек екенін, жүрегің қара болып, иман кәлимасын қанша рет ауызға алсаң да пайдасыз екенін атады.
Олжас та құдайға жақындау, оны тану және онымен қосылу идеясын «Возрождение» өлеңінде бір – ақ сөйлеммен ашып бере алады:
«...Не похоть –
Желанье взглядом прикоснуться к богу».
Сопы ақындардың айтуынша, құдай мейірінің белгілерін өз жүрегіңде іздеп, көгенің дұрыс дейді. Суфизм – адамгершіліктің бір түрі болып табылады да, құдаймен табысқан лирикалық кейіпкер – сопының жан дүниесі нұрланып, ізгілікке толады. Міне, осыдан көріп отырғаныиыздай, Абайдың адамшылық идеалы болған «толық адам» туралы ілім 20 ғасырдың 60-80 жылдары О.Сүлейменов шығармашылығында заңды жалғасын тапты.
Қорытындылай айтқанда, Олжас Абай дәстүрін жалғастырушы дегенде, біз оның өзіндік өрнегі, өзгелік тағылымы бар ірі ақын екенін ұмытпауымыз шарт. О.Сүлейменовтің ғажаптығы сонда – ол ұлы Абайдың көлеңкесінде қалып қойған жоқ. Оның шығармашылығы көкірегінде оты бар адам баласы үшін көптеген дүниені терең ұғынуға көмектесетін катализатор болды.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Т.Медетбек. ұлттық рухтың қару-жарағы мен дара шаңырағы// Ақиқат,2003,8.
2. Сүлейменов О. Атамекен: Өлеңдер мен поэма.-Алматы: Жазушы,1972.-286б.
3. Сүлейменов О. Определение берега: Избранные стихи и поэмы.-Алматы: Жазушы,1979.-456с.
4. Қарпық А. Абай.Наследники. На перепутье.-Алматы: Агенство «Аль-Халел»,1995.-304с.
5. Есім Ғ. Сана болмысы: Сегізінші кітап.-Алматы: Қазақ университеті, 2004.-330б.
6. Абай. Қалың елім қазағым: Шығармалары.-Алматы: Жазушы, 1995.-384б.
7. Петраш Ю.Г. Тень средневеновья.-Алматы: Қазақстан, 1984.-152с.
8. Пушкин А.С. Лирика.-Москва: Дет.лит.,1974.-207с.
9. Қыдыр Т.Абай және хадис немесе рия мәселесі// Қазақ әдебиеті,2003,32.
Загрузка...


Уважаемый пользователь! Материал может содержать устаревшие данные, ошибки (устаревшую экономическую статистику, утратившую силу закона, нормативные акты и т.п.). Поэтому перед сдачей рекомендуем самостоятельно проверить содержание работ.
Желаем успехов!



124.5Kb
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin
Просмотров: 1842 | Загрузок: 252 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0

Это может Вас заинтересовать:
Қазақстандағы камералық-аспаптың жанрдың қалыптасуы мен дамуы
Куәдан жауап алу тәртібі
Саз әлемінің сардары - Ахмет Жұбанов
Компьютерлік Вирустар
Гигиена
Салауатты өмір салтын ынталандыру
Германия
Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамның құқықтық дамуы
Азаматтық қоғам ұғымы, оның құрылымы мен функциялары
Бақытжан Қаратаев
Жамақұлы Бейбарыс
Байтұрсынұлы Ахмет
Шопеннің фортепианолық шығармашылығы
Қазанғап күйші
Бұқаралық ақпарат құралдары